Accessibility links

Ливанның бұрынғы бас министрін кім өлтіруі мүмкін?


Ливанда бұрынғы бас министр Рафик Хариридің қазасы байланысты үш күн аза тұту жарияланды, әскер жоғары сақтық дайындығына келтірілді. Харири кеше Бейрутта бомбалық шабуыл барысында қаза тапты. Бұл шабуылда кемінде тағы 11 адам мерт болды.

Кейбір сарапшылар бұл жарылыстың салдары әлдеқайда үлкен болуы мүмкін, азамат соғысын бастан кешкен Ливанда тыныштық бұзылуы мүмкін деп алаңдайды. АҚШ-тың пайымдауынша, жарылысқа Сирия қатысты болса онда Вашингтон Дамаскіге қарсы БҰҰ шектеулерін қатайтуды ұсынуы мүмкін.

Таяу Шығыс, Еуропа және Америка Құрама Штаттарының басшылары бірден сөгіс айтқанын көрсеткен жөн. Сейсенбі күні кешке Біріккен Ұлттар Ұйымы қауіпсіздік кеңесінің арнаулы мәжілісі өтпек, онда Хариридің өлімінен кейінгі жағдай талқыланбақ. Қауіпсіздік кеңесі Сирия әскері Ливаннан шығарылсын деп былтыр қарар қабылдағаны аян.

Сирия Ливанда шамамен 14 мың әскер ұстап отыр. Сирия шабуылға ешқандай қатысымыз жоқ дейді. Бірақ АҚШ ресми өкілдері бұған күмән келтіреді. Ақ үй өкілі Скот Маклеланн "Хариридің ажалы Ливан халқы өз саяси болашағын Сирия басқыншылығынан, Сирия тарапынан болатын қорқытудан ада жағдайда іске асыру керек екенін көрсетеді, бұл зұлым жағдайдағы құлаққағыс" - деп сипаттады.

Харириді өлтірген бұрын-соңды белгісіз қарулы топ бұл шабуылды Хариридің Сауд Арабиясымен байланысы болғаны үшін өлтірдік деп бейнетаспа арқылы жариялады. Бірақ бұл мәлімдеме тәуелсіз бұлақтардан расталған жоқ. Бейнетаспада шыққан азаматтың үйін Ливан әскері тінтіп еді, ол онда табылмады. Бірақ, сарапшылар істің кеңірек деңгейдегі ықпалына алаңдайды. Бейрутта ағылшын тілінде шығатын "Дейли стар" газетінің редакторы Майкл Глакин Ливанда мамыр айында парламенттік сайлау болады, шабуылды кім жасаса да ол осы науқанның алдында елге жаңа тұрақсыздық әкелді дейді.

- Анығында Хариридің өлімінен соң Ливан саясатында өте үлкен бос кеңістік пайда болды. Себебі Харири миллиардер ретінде, саясаткер ретінде халықаралық дәрежеде өте белгілі еді. Оның Халықаралық деңгейде мәртебесі жоғары болатын, - дейді Майкл Глакин.

"Дейли стар" газетінің редакторы Майкл Глакин Хариридің 1990-шы жылдарда бас министр қызметінде екі рет болғаны елдегі мәселелерге әсерін тигізді деп көрсетеді. Ливанда 1990-шы жылы қырғын азаматтық соғыс тоқтағалы бері елдің ішкі жағдайына көршілес Сирия қатты әсер етті. Харири сол кезде Сириямен қоян-қолтық жұмыс істейтін. Бұдан соң Харири басқа қағидаға көшіп, Сирия Ливаннан әскерін әкетсін, Сирия Ливанның ішкі шаруаларына қол сұқпасын деп талап қойды.

Хариридің өлімінен соң Ливан саясатында өте үлкен бос кеңістік пайда болды дегенмен Мұраф Джоуиджати деген сарапшы да келісіп отыр. Мұраф Джоуиджати - Вашингтонда орналасқан Таяу Шығыс институтында аға сарапшы. Ол Ливанда ішкі текетірес, оппозиция мен үкіметтің арасында өзара қатты тіл тигізу болғанын айтады. Алдағы күндері жағдай қиын болады, Хариридің өлімі Ливандағы кез-келген азаматқа жаман белгі беріп отыр дейді бұл сарапшы:

- Тек өз өкілі Рафик Харириді жоғалтқан адамдар емес, барлық ливандық азаматтар сескенсе жөн деп ойлаймын. Әлдекімдер Ливандағы жағдайды иә іштен, иә сырттан бұзғысы келді. Жағдайды біреулер елге қарсы бұзайын дегені айдан анық боп тұрған кезеңде ливандықтар нақты ауызбіршілік таныту керек.

Ал Вашингтонда орналасқан Карнеги қорының Таяу Шығыс маманы Натан Броун "Хариридің өлімінен Ливан азамат соғысы қайта жанданады айтпас едім, мұнда Таяу Шығыстағы кең көлемдегі текетірестер, Сирия әскерінің Ливанда болуына жалпы қарсылық әсерін беріп отырса керек" дейді.
XS
SM
MD
LG