Accessibility links

БҰҰ Рафиқ Хариридің қазасына байланысты тергеу жүргізуге шақырды


БҰҰ қауіпсіздік кеңесі қастандық құрбаны болған Ливанның бұрынғы бас министрі Рафиқ Хариридің өліміне орай тергеу жүргізуге шақырды. Рафиқ Харири бүгін Бейрутта жерленді.

Нью Йорктан хабарланғанындай, БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесі бомба шабуылында мерт болған Ливанның бұрынғы бас министрінің қазасына байланысты тергеуді жедел қолға алуға шақырған. Кеңес сондай-ақ, сириялық әскери қосындардың Ливаннан алып шығып кетілуін де сұраған. АҚШ ресмилерінің пікірінше, Сирия әскерінің Ливанда болуы тұрақтылыққа кесір тигізбек, сондықтан АҚШ өз елшісін Дамаскіден кері шақырып та алған.

Ақпанның 14-і, дүйсенбіде болған бомба шабуылы кезінде Ливанның бұрынғы бас министрі Рафиқ Харири және онымен бірге болған тағы да 13 адам қаза тапқан еді. Міне сол қылмысқа байланысты сейсенбі күні БҰҰ қауіпсіздік кеңесі арнайы мәлімдеме жасап, бас хатшы Кофи Аннаннан бас министр Хариридің және өзгелердің өмірін қиған қылмысқа орай жедел жауап беруін сұраған болатын.

Кеңес сондай-ақ, сириялық 15 мың сарбаздың Ливаннан әкетілуі жөніндегі осыдан 5 ай бұрын жасалған №1559 шешімнің орындалуын да сұраған. БҰҰ-дағы Франция елшісі Жан Марк де Ла Саблиер қауіпсіздік кеңесінің №1559 шешімі жөнінде тілшімізге былай деді:

- Бұл Сирияға қысым жасау емес. Бірақ ол қарар міндетті түрде орындалуы тиіс. Қауіпсіздік кеңесі міне осыны талап етеді. №1559 шешім Ливанның аумақтық біртұтастығы, егемендігі және саяси тәуелсіздігін қолдайды.

Бұл шешімді бас болып қолдағандар - Франция және АҚШ дипломаттары. Міне сол екі ел ресмилері ертеден-ақ Сириялық әскерилердің Ливанда болуына қарсы болып келген. Рафиқ Харири өткен қазан айында Ливан үкімет басынан кеткен болатын. Ал оған Емил Лахудтың президенттік мерзімінің одан әрі қарай созылуына Сирияның қысымы түрткі болған еді. Харири болса Сирияның Ливанның істеріне араласуына қарсы болып келгендігі мәлім.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісінің орынбасары Ан Паттерсон Сирияны шеттетіп, Ливандағы бомба шабуылын саясаттандырмақ деген пікірмен келіспейді.

- Біз саяси ойыннан аулақпыз. Бұл арада айтылуы тиіс бір нәрсе - қауіпсіздік кеңесі көптен бері өзге елдердің Ливанның ішкі істеріне араласпауын талап етіп келе жатқан, - дейді Ан Паттерсон.

Бас хатшы Кофи Аннан өткен аптада өз елшісі Род Ларсенді Сирия мен Ливанға арнайы іссапарға жіберген. Оның миссиясы Сирияны №1559 шешімге орай өз әскерін Ливаннан алып кетуге мәжбүрлеу еді.

Ал енді бұрынғы бас министр Рафиқ Хариридің қазасына байланысты тергеу ісіне байланысты Ливан ішкі істер министрі Сулеймен Франжиенің айтуынша, үкімет бұл тергеуге халықаралық қауымдастықтың араласқанын қаламайтын сыңайлы. Министрдің өзі дүйсенбіде болған ол шабуылды жанпидашылық әрекет дейді.

- Оның көлік бомба шабуылы екендігі рас. Ол шабуыл күзетшілерге қарсы бағытталғандығы байқалады, - деді Ливан ішкі істер министрі.

Дегенмен АҚШ БҰҰ қауіпсіздік кеңесінен ол шабуылға жауапты қылмыскерлерді тауып шара қолданылуын сұрайды. Президент Буштың өзі Дамаскіге қарсы жаңа санкция жариялауды да ойластырып қойыпты. Сондай-ақ, АҚШ сейсенбі күні Сириядағы өз елшісін кері шақырып алған. Мұны АҚШ мемлекеттік хатшысының өкілі Баучер Рафиқ Хариридің өлімімен тікелей байланыстырып отыр.

Ливанның бұрынғы бас министрі Рафиқ Харири бүгін, сәрсенбіде Бейрутта жерленді.
XS
SM
MD
LG