Accessibility links

Шанхай ынтымақтастығы ұйымы елдерінің министрлері Астанада бас қосады


Ақпанның 25-і күні Астанада Шанхай ынтымақтастығы ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің кеңесі басталады.

Астанада өткелі отырған жиынға қатысуға келген ШЫҰ атқарушы хатшысы Чжан Дэгуан сәрсенбі күні Қазақстанның сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевпен кездесті. Чжан Дэгуанның айтуынша, ұйым қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесіне көп көңіл бөліп отыр. Соған орай, осы салада Қауіпсіздік хатшыларының мәжілісін әзірлеу үшін, наурыз айында сарапшылардың отырысын өткізу жоспарланған.

Шанхай ынтымақтастығы ұйымының тарихы осыдан 9 жыл бұрын басталған. 2001 жылы Шанхай бестігіне аталған ұйымға бақылаушы болып қатысып жүрген Өзбекстан қосылды. Кейбір бақылаушылар Өзбекстан Ресеймен қатынасын алшақ ұстауға тырысқанымен, Батыстан келетін әскери көмек азайған соң бұл көзқарас өзгерістерге ұшырады дейді. Қазір ұйым құрамына Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді.

Алты мемлекет негізінен әскери және экономикалық салалардағы ынтымақтастығын дамытуға мүдделі. Шанхай ынтымақтастығы ұйымының атқарушы хатшысы Чжан Дэгуанның айтуынша, экономикаға кіретін барлық салаларды дамыту үшін, ұйым құрамына кіретін елдерге тиімді жағдай жасау қарастырылған.

Шанхай ұйымына енетін шағын мемлекеттер әскери және саяси ресурстардан дәмелі болса, Ресей мен Қытай сырттан төнетін әскери ресурстардан қорғануды мақсат етеді дейді кейбір сарапшылар. Бейжің мен Мәскеу АҚШ-тың Орталық Азияға деген ықпалын ескеріп, өз ықпалдарын күшейтуді мақсат ететіні белгілі дейді олар. Шанхай ынтымақтастығы ұйымының атқарушы хатшысы Чжан Дэгуанның айтуынша, жуық арада қауіпсіздік шараларын қарастыру үшін сарапшылардың отырысын ұйымдастыру жоспарланған.

Оның сыртында, Орталық Азия мемлекеттері Қытайдың тез дамып келе жатқан экономикасынан сабақ алғысы келеді деген пікір бар. Қытайдағы салық жеңілдіктері, еркін экономикалық аймақтардың құрылуы, жемқорлыққа қойып жатқан тосқауылдары Қытайға енгізілетін инвестиция көлемін күрт ұлғайтқаны белгілі. Өз кезегінде, Қытай көршілес мемлекеттердің базарын пайдаланғысы келетіндігін жасырмайды.

- Қазірдің өзінде Қытайдың шекараға жақын аймақтарында жол құрылысы қызу жүргізіліп жатыр. Демек, Қытай экспансиясы одан бетер күшейе түседі деген қауіп бар, - дейді саясаттанушы Сәбит Жүсіпов.

Саясаттанушы Берік Әбдіғалиевтің айтуынша, қытай тауарларының саудадағы басымдылығына әсер ету қиын, бірақ, Қазақстан үшін белгілі бір өнімге емес, жоғары технологияларға көңіл бөлген тиімді болмақ.

- Біздің бас серігіміз АҚШ-пен арамызда қарама-қайшылық шиеленісуі мүмкін. Қазақстанның батысында Американың мұнай компаниялары болған соң, олар қауіпсіздік сұрайды, - дейді Берік Әбдіғалиев.

Ал, әскери саладағы өзара ынтымақтастыққа қарамастан, Қытай Шанхай ұйымы ешқашан әскери блок болмайды деген мәлімдеме жасаған. Бірақ, өткен саммиттердің бірінде Қырғызстан өз территориясында ұйым атынан жұмыс істейтін лаңкестікке қарсы орталық ашуды, ал Ресей өз кезегінде Тәжікстан территориясында әскери база ашуды ұсынды. Бұл екі ұсыныста ұйымға мүше мемлекеттер тарапынан қолдау тапқан.

Саясаттанушы Сәбит Жүсіпов осыған орай АҚШ алаңдаушылық білдіріп, қарсы шаралар ойластыра бастағанын айтады. Қазақстан қазір Шанхай ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етіп отыр. Осыған дейінҚазақстан бұл ұйымға кіретін мемлекеттерге әскери қолдау болатындай кепілдік қажет деген пікірін білдірген еді. Қытай мен Ресей аталған ұйымға мүше елдердің территориясында ядролық қарудан бос аймақ құруды ұсынды.

Саясаттанушы Берік Әбдіғалиев Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан кезде бірнеше ірі мемлекеттен кепілдік алғанын, сондықтан Қазақстан аумағында басқа елдердің әскери базаларын салудың қажеті жоқ деген пікір айтады:

- Тек заттай емес Қазақстан жерінде зауыттар, өнеркәсіп салса, онда ол Қазақстанның дамуына әкелуі мүмкін.

Жалпы, бақылаушылардың пікірінше, Шанхай ынтымақтастық ұйымына деген басқа мемлекеттердің де қызығушылығы бар. Ресми мәліметке сәйкес, Пәкістан мен Үндістан ШЫҰ-на қосылуға формальді өтініш жазып қойған. Бірақ, әзірге оларға ұйымға қосылуға рұқсат берілмеген. Оның сыртында Иран және Моңғолия да осы ұйымға қызығушылық танытып отыр.
XS
SM
MD
LG