Accessibility links

АҚШ президенті Еуропа одағымен қарым-қатынасын жұмсартқысы келеді


АҚШ президенті Дж.Буш Брюссельге сапарын Еуропа одағының ішкі бірлігі мен ынтымақтастығының әрі қарай арта беруін қолдайтынын мәлімдеумен аяқтады.

Ай үй жетекшісінің бұл мәлімдемесі - Вашингтон Еуропа одағын өзінің бақталасы санап, әлемдегі жетекші ойыншы мәртебесіне дейін өсуіне тосқауыл қойып отыр деп қарайтын Брюссельдің көзқарасын жылыту болатын. Дж.Буш, сондай-ақ, Еуропа одағының Иран мен Таяу Шығыс сынды ғаламдық проблемаларға деген көзқарасымен де санасқандай сыңай байқатты. Сонымен бірге ол Ресей президенті Владимир Путинмен Братиславадағы кездесуінің алдында Кремльге күтпеген жерден салқын қабақ көрсетті.

Еуропаға сапарының Еуропа одағы лидерлерімен бас қосуын өткізген соңғы - сейсенбі күні АҚШ президенті Дж.Буш Брюссельді баурап алуға тағы да тырысып көрді. Еуропа одағына төрағалық етуші Люксембургтің премьер-министрі Жан-Клод Юнкермен, Еурокомиссияның төрағасы Хосе-Мануэль Боррозумен және Еуропа одағының сыртқы саясатының жетекшісі Хавьер Соланамен иық тіресіп тұрып Дж.Буш олардың естігісі келген сөзін айтты.

Өз сөзінде ол АҚШ іштей тығыз ынтымақтасқан әрі қуатты Еуропа одағыты көргісі келеді және оның ұстанған саясатын назарына алғысы келеді деп мәлімдеді.

- Бізге Еуропаның қуатты болғаны керек. Еуропа одағының кез-келген қарама-қайшылықты шеше алатын, өмірге қабылетті де қуатты болуына біз мүдделіміз, - деді АҚШ президенті.

Еуропа одағының жетекшілері оған шын ықыласымен жауап берді. Еурокомиссия төрағасы Хосе-Мануэль Боррозу өз сөзінде ғаламдық сахнада АҚШ-пен иық тірестіріп іс атқарғысы келетінін білдіріп, екі арадағы қарама-қайшылықтардың артта қалғанын атап өтті.

- Еуропа мен Америка қайта бірікті. Бұл сапар Еуропа мен Американы біріктіретін барлық мәселені күн тәртібіне қойып, бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды. Менің пікірімше, Еуропа мен Американың өзара қарым-қатынасы - әлемдегі ең берік, ең ауқымды және стратегиялық ең маңызды ынтымақтастық, - деп мәлімдеді Еурокомиссия төрағасы Хосе-Мануэль Боррозу.

Дж.Буш Вашингтонның НАТО мен Еуропа одағы екеуін бірдей өзінің маңызды әріптесі ретінде қарастыратынын және ол екеуінің көзқарастарындағы айырмашылықтарды АҚШ-тың сыйлайтынын және санасатынын көрсеткісі келіп тырысып бақты. Дж.Буш, сондай-ақ, АҚШ-тың Иранға соққы беру мүмкіндігіне Еуропа одағының қарсы көзқарасын жұмсартуға да тырысып көрді. Өз кезегінде Брюссель Иранның ядролық бағдарламасы – ядролық қару шығаруына мүмкіндік бермесін деген мақсатта Теһранмен келіссөз жүргізу үстінде.

Соңғы апталарда Еуропа одағының ресми өкілдері осы проблеманы шешуге келгенде Вашингтан қолдамай отыр деген өкініштерін ашық айтып жүр. АҚШ Иранға соққы беретіндей болса, ол кем дегенде Вашингтон мен Брюссельдің арасын Ираққа қарсы соғыстай салқындатып жіберуі ашыққа шықты. Сейсенбі күні Дж.Буш Иранға қарсы соққы беру күн тәртібінде болған жоқ, бірақ АҚШ-тың ешбір президенті Ақ үйдің қолынан келетін кез-келген мүмкіндіктен бас тартпайды деген сөзімен жұрттың ду күлкісін туғызды.

- АҚШ - Иранға соққы беруге әзірленіп жатыр деудің өзі күлкі шақырады. Оның барлық варианты үстелімнің үстінде жатыр, - деді АҚШ президенті Дж.Буш.

Алайда президент Буш Еуропа одағының Иранмен арадағы келіссөзіне қатыса ма, жоқ па деген мәселеге тоқталмады. Еуропа одағы Иранға деген көзқарасында Вашингтонға жақындаған сияқты. АҚШ-тың НАТО-дағы еуропалық одақтастары Дж.Бушқа Ирақ армиясын үйрету сияқты кішігірім бағдарламасын ғана ұсынған болса, сейсенбі күні Еуропа одағы, Жан-Клод Юнкердің сөзімен Ирақ мәселесіне көбірек атсалысуға дайын екенін білдірді. Оның атап көрсеткеніндей, Брюссель Ираққа қаржылай көмек беру мәселесі бойынша жаңа халықаралық конференцияны Еуропа одағы пен АҚШ-тың бірлесіп шақыруына болады дегенді ұсынып отыр.

- Ираққа халықаралық қауымның қолдауы мен көмегін жұмылдыру үшін халықаралық конференцияны Құрама Штаттары мен Еуропа одағының бірлесіп ұйымдастыруын Ирақтың жаңа үкіметі өтінуге тиіс, - деп мәлімдеді Еуропа одағына төрағалық етуші Люксембургтің премьер-министрі Жан-Клод Юнкер.

Сонымен қатар Дж.Буш Таяу Шығыстағы бейбіт процеске деген Еуропа одағының көзқарасын құптап, Ақ үйдің Палестина мемлекетін құруды қолдайтынын тағы да растады. Алайда ол Таяу Шығыс жанжалын басуды көздейтін “Жол картасы” жоспарын көпшілік алдында аузына алмады. Ал Еуропа одағы Таяу Шығыстағы дау-дамайды реттей алатын бірден-бір жол ретінде “Жол картасын” толық қолдайтынын мәлімдеп отыр.

Дж.Буш алдағы бейсенбі күні Словакия астанасы - Братиславада өзі кездескелі отырған Ресей президенті Владимир Путинге қарай күтпеген жерден салқын қабақ көрсетті. Өз сөзінде АҚШ президенті Ресейдегі сөз бостандығының қыспаққа алынуын қаттырақ сынға алып, Балтық теңізі жағалауындағы елдердің сөздері жүрегіне қатты батқанын айтты.

Дипломаттардың хабарлауынша, Дж.Буштың Балтық теңізі жағалауындағы үш елдің Ресеймен арадағы проблемасына назар аударуына бәрінен бұрын Латвия президенті Вайра Вике-Фрэйберге ханым тырысып бақты. Әлгі проблеманы ол НАТО-ның жоғарғы деңгейдегі сейсенбі күні таңертең өткен отырысында көтерді және Дж.Буштың өзімен жеке кездесуінде тағы да қозғады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG