Accessibility links

Тәжікстан парламенті сайлауына санаулы күн қалды


Алдағы жексенбі – 27 ақпанда Қырғызстан ғана емес, Тәжікстанда да жаңа парламент сайлауы өткелі жатыр. Бұл 1990 жылдары Тәжікстанда азамат соғысы болғаннан бері парламентке өткелі отырған екінші сайлау.

Бақылаушылардың көпшілігі Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонов жетекшілік ететін Тәжікстан халық демократиялық партиясы жеңіске жетеді деген болжам жасап отыр. Алайда шолушылардың енді бірі - 2000 жылы бұрмалаушылықтармен өткен сайлауға қарағанда, бұл дауыс берулер жетілдірілген түрде болады деген де пікір айтады.

Тәжікстанда жексенбі күні сайлауға және сайлануға хұқы бар, демек азаматтық жасқа жеткен 3 миллионнан сәл астам адам жаңа парламент құрамына дауыс беретіндер санатында тұр. Тәжікстан парламентінің төменгі палатасындағы 63 орынға 227 үміткер тіркелген. Қазіргі парламенттегі барлық орынның 65 проценті биліктегі Тәжікстан халық демократиялық партиясының өкілдеріне тиесілі. Кейбір саясаткерлердің айтуынша, жексенбіде өткелі отырған парламент сайлауында да осы аталған партияның жеңіске жету мүмкіндігі мол тәрізді.

Тәжік саяси талдаушысы Ибрахим Усмонов Тәжікстан халық демократиялық партиясы сайлау қорытындысына ықпал етеді деген шындыққа жанасады дейді:

- Барлық нәрсе биліктегі Халық демократиялық партиясының басқа партияларға сайлаушылардың дауысын алуына қаншалықты мүмкіндік беруіне байланысты болады.

Тәжікстандағы негізгі деген алты партия осы айдың басында бір-бірін қаралап, жала жабуға жол бермейтін, әділетті науқан өткізуге шақырған болатын. Бұл келісім таза да ашық дауыс берулердің болуы мүмкін деген оптимистік ойға жетелегендей еді.

Алайда Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Тәжікстандағы Демократиялық институттар мен адам хұқтары қызметінің басшысы Петер Айхер мұнда бірқатар проблемалар бар дегенді айтады:

- Кездесулер науқанын өткізуді ең алдымен кандидаттар емес, аймақтық сайлау комиссиялары ұйымдастырғаны байқалды, олардың кейбірі әділетті болса, енді біреулері әділетсіз өтті деуге болады. Мәселен, кездесулерді комиссия өткізген кейбір аудандарда тек қана кандидат сөйлеудің орнына, жергілікті әкімшілік басшысы сөз алады да, жиналыста отырғандарға нақты бір үміткерге дауыс беру жөнінде айтады.

Ислам қайта жаңғыру партиясының өкілі Изатулло Садуллоев Демократиялық партияның кандидаттары жергілікті ресми басшылар тарапынан көрсетіліп отырған артықшылықтарды пайдалануда деген пікірін білдіреді:

- Біз ауданымызда жергілікті басшылардың және сайлау комиссиясы жетекшісінің ашық араласқанын көріп жүрміз. Ислам қайта жаңғыру және Социалистік партия мен Тәжікстанның демократиялық халық партиясына мұнда жақсы мүмкіндіктер туғызылған, электоратпен кездесулер жоқ. Екінші жағынан алғанда аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Демократиялық партияның өкілін өзі бастап сайлаушылармен кездесулерге алып барады.

Тәжікстанда сайлау алдында орын алған екінші бір проблема - қаңтар айының аяғында мұндағы ең соңғы тәуелсіз газет жабылған болатын. Тәжікстандағы АҚШ елшісі Ричард Хоугланд бұл жөнінде жақында Душанбеде өткен баспасөз-мәслихатында айтқан еді.

- Демократиялық сайлаулар қоғамның араласқанын, қоғамдық ақпаратты қажет етеді және көпжақты идеяларға әркім де қол жеткізе алатын болуы керек. Сондықтан да біз бірнеше газеттің жабылғанына алаңдаушылық білдірдік, десек те сайлаудың техникалық дайындығы жақсы деуге болады, - деген АҚШ елшісі.

Біраз адамдар Тәжікстанның демократиялық партиясы парламенттегі барлық орынды алуы мүмкін дегенге сенімді, ал бірақ Тәжікстан коммунистік партиясының жетекшісі Шоди Шобдолов бұлай болуы мүмкін емес дегенді айтады:

- Бір ғана партияның парламенттегі барлық орынды алып алуы мүмкін емес. Тіпті Халық демократиялық партиясы барлық мемлекеттік күштерді пайдаланатын болса да, елде өзіндік ықпалы бар басқа да партиялар жоқ емес.

Қазіргі парламентте коммунистер алып отырған орын үлесі 20 процент болады, сарапшылар алдағы сайлауда бұл көрсеткіш төмендеп кетуі мүмкін дейді. Осы парламентте өкілдері бар өзге бір ғана партия ол - Тәжікстанның Ислам партиясы және ол ресми тіркелген, бірақ Тәжікстанда емес.

Ислам қайта жаңғыру партиясы парламенттегі орынның 7,5 процентіне ие. Аталған партияның Тәжікстанда болған азаматтық соғыс жылдарында Тәжікстанның біріккен оппозициялық күштерінің басты ұйытқысы болғандығы белгілі.

Тәжікстанда жексенбі күні өтетін сайлаудың алғашқы нәтижелері келесі күні - дүйсенбіде жариялануы тиіс. Егер сайлаудың екінші кезеңін өткізу қажеттілігі туса, оның мерзімі 13 наурызға белгіленген.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG