Accessibility links

Астанада Шанхай ынтымақтастығы ұйымы сыртқы істер министрлерінің жиыны өтті


Ақпанның 25-і Астанада ШЫҰ-на мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің басқосуында ұйымның қауіпсіздік, сауда-экономикалық қатынастарын дамыту, өзге халықаралық ұйымдармен байланысын нығайту, 2005 жылы шілде айында Астанада өтетін саммитке дайындық мәселелері қаралды.

Сыртқы істер министрлерінің журналистермен кездесуінде ТМД аумағындағы саяси ахуал да сөз болды. Жұма күні Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің кезекті бас қосуын Қазақстанның сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев қорытындылады. Министр бұл басқосуда 2004 жылғы Ташкентте өткен саммиттегі ШЫҰ-на мүше мемлекеттер басшыларының қол жеткізген уағдаластықтарын жүзеге асыру жайы қаралғандығын айтты.

Ресей Федерациясының сыртқы істер министрі Сергей Лавров Братиславада Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Джордж Бушпен кездесуі табысты өткендігін, Ұжымдық қауіпсіздік келісімі тарапынан лаңкестікке және есірткі бизнесіне қарсы НАТО-мен іс-қимыл біріктіру мәселесі туралы бастама көтерілгенін, мұндай бастаманың Шанхай ынтымақтастығы ұйымы тарапынан да қолға алынуын құп көретінін айтты.

Өзбекстанның сыртқы істер министрі Элер Ганиев Орта Азия одағын құру жөніндегі Қазақстан президентінің бастамасына Өзбекстан тарапы күдікпен қарап отыр деген ақпаратты жоққа шығарды. Министр Элер Ганиевтің айтуынша, бұл бастама қосымша хатшылық ашып, қосымша ұйым құруды қажет етпейді.

- Ол бастама бұған дейінгі Орта Азия мемлекеттері арасындағы ортақ аймақтық базар құру жөніндегі келісімдермен толық сәйкес келеді, - деді ол.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері Қырғызстандағы қазіргі саяси ахуалға байланысты да пікір алысқан. Қырғыз республикасының сыртқы істер министрі Асқар Айтматов бұл орайда:

- Сайлауға дайындық жақсы, жағдай қалыпты. Қандай да бір түсті революциялық сценарийге бастайтын алғышарт жоқ. Сайлау алдында саяси температураның көтерілетіндігі қалыпты құбылыс, - деп айтты.

Әріптестер басқосуына төрағалық еткен Қазақстанның сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев қазіргі күнде ШЫҰ-ның аясы кеңи түскендігін, ресми түрде Иран және Пәкістан мемлекеттерінің басшылығынан ШЫҰ-на мүшелікке бақылаушы ретінде қабылдау жөнінде ресми өтініш түскендігін және ондай жайлар ортақ қағидаттар негізінде қаралатындығын айтты. ШЫҰ-на мүше мемлекеттер басшыларының кезекті саммиті биылғы жылдың шілде айында Астанада өтетін болып белгіленген.
XS
SM
MD
LG