ТЕЛЬ-АВИВ. Бүгін Израильдің сыртқы істер министрі Сильван Шалом Тель-Авивтегі 4 адамның қазасына себеп болған жұма күнгі жарылысқа Сирияның қатысы болғанына әскери барлау қызметінің дәлелдерін ұсынбақшы. Жексенбі күні Сирияның сыртқы істер министрі Фарух Әш-Шараа әлгі террористік қастандыққа Дамаскінің қатысы бар деген айыпты үзілді-кесілді жоққа шығарды. Израиль премьері А.Шарон үкіметтің жексенбілік отырысында Палестина басшылығы Сирияның тапсырысымен Тель-Авивтегі қастандықты іске асырған “Ислам жиһады” тобын ауыздықтамай, бейбіт келіссөз басталмайды деп ескертті. Оның мәлімдеуінше, “Ислам жиһадын” тыю Палестина басшылығы үшін үлкен сын болмақшы.