Accessibility links

Амангелді Ермегияев: «Президент сайлауының биыл өткені жөн»


Президенттік «Отан» партиясы мен оппозициялық күштердің пікірлері бір мәселеде тоғысып отыр - екі тарап да Қазақстанда президент сайлауы биыл өткені жөн деп санайды.

Ақпанның 28-і Алматыда республикалық «Отан» саяси партиясының басшылары осы партияның лидері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында парламент мінберінен халыққа жолдауында айтылған жайттарды жүзеге асыру жолдары қарастырылған саяси мәлімдеме қабылдағандарын жариялады. «Отандықтар» бұл жолдау халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанына баса назар аударады.

- Соған сәйкес, мәселен, биылғы шілде айының 1-інен бастап бюджет қызметкерлерінің жалақысы 32 пайызға, ал 2007 жылдың қаңтар айынан бастап тағы да 30 пайызға артады, - деп атап көрсетеді «Отан» партиясы төрағасының орынбасары Александр Павлов.

Ал бұл мәселеге байланысты Азаттық радиосына пікірін білдірген «Ақ жол» демократиялық партиясының теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы мұның барлығы сайлау алдындағы уәделер, яғни, "президенттің жолдауы - оның сайлау қарсаңындағы саяси тұғырнамасы" деп санайтындығын айтты.

- Себебі, беріліп жатқан әлеуметтік төлемдер, айтылып жатқан, жасалынып жатқан жеңілдіктердің барлығы да - президенттік сайлауға арналып жасалған дүниелер, - дейді Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Президенттің жолдауы шынымен оның сайлау алдындағы тұғырнамасына негіз болатындығын «Отан» партиясы төрағасының келесі бір орынбасары Амангелді Ермегияв те жасырмайды.

- Сайлау алдындағы тұғырнама әлі шығатын шығар. Бірақ, міне осы істелген шарулардың барлығы да сол тұғырнамаға енетіні хақ, - дейді «Отан» партиясы төрағасының орынбасары Амангелді Ермегияв.

Оның сөзіне қарағанда, президент сайлауының ауылы алыс емес - саяси дода биылғы жылы болуы тиіс.

- Сайлаудың қашан өтетініне байланысты заңда бір келіспеушілік те бар. Егер конституция бойынша биыл желтоқсан айында болса, президенттің өкілеттігі 7 жыл деп көрсетілген. Меніңше, конституциялық кеңес арқылы кеңесіп, президенттің өзі бір шешім қабылдауы тиіс. Сондықтан, бұл сайлаудың биыл өткені жөн сияқты. Барлық жағынан сайлаудың биыл өтерлік жөні бар, - деп есептейді «Отан» партиясы төрағасының орынбасары.

Бұл орайда оппозициялық партиялардың пікірі президенттік партия көзқарасымен ұштасып отыр. Мәселен, Қазақстан коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин президенттің кезекті сайлауы туралы биылғы жылы тамыздың 7-сінде жарияланып, желтоқсанның 4-інде сайлау өткізілуі тиіс дегенді айтып отыр.

- Конституция бойынша сайлауды тамыздың бірінші жексенбісінде жариялап, желтоқсанның бірінші жексенбісінде өткізу керек. Биыл болу керек, болмау керек деген – конституциялық болжау емес, - деп қорытады Қазақстан коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин.

Алайда, «Отан» партиясының парламенттік фракциясының мүшесі, мәжіліс депутаты Кенжеғали Сағадиев сайлаудың қашан өтетіні белгісіз болғанымен, онда кімнің үміткер болатыны мәлім дейді.

- Биыл өтсе де орын бар. Өйткені, уақыты келді. Бірақ, ресми түрде ешкім мәлімдеген жоқ. Сондықтан, биыл болады я болмайды деп айта алмаймын. Дегенмен, қай уақытта болса да біз президентті - Нұрсұлтан Әбішұлын қайта сайлауға дайынбыз! - дейді Кенжеғали Сағадиев.

«Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы болса президент Нұрсұлтан Назарбаевқа балама болатын өз үміткерлерін әзірлеп жатқандарын, жақын күндері оның есімі мәлім болатындығын айтады.

- Нағыз демократтар ортақ бір үміткер шығарады. Оған ешқандай күмән жоқ. Бұл орайда халыққа берер нақты жауабымызды бір айдың ішінде анықтаймыз. Ал жалпы үміткерді талқылау кезеңі аяқталды. Енді үлкен бір процедура арқылы сол адамның атын атудың жолын қарастырамыз, - деді Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Қазақстандық оппозицияның ортақ ұсынатын ол үміткердің есімін Алтынбек Сәрсенбайұлы атамағанымен, саясаттанушы Сәбит Жүсіпов мынадай болжам айтты:

- Бұл мәселені олар өз іштерінде шешуі тиіс. Бірақ ол үміткер - Жармахан Тұяқбай болса керек.

Ал Қазақстанның демократиялық күштерінің үйлестіру кеңесінің төрағасы Жармахан Тұяқбай дүйсенбі күні Азаттық радиосына өзінің алдағы президент сайлауына қатысу-қатыспауы жайлы әлі түпкілікті шешім қабылдамағандығын жеткізді.

- Алдын-ала «олай болады, былай болады» деп шешім қабылдаған жоқпын. Бұл мәселе үйлестіру кеңесінде қаралған жоқ, - деді Жармахан Тұяқбай.

«Отан» партиясы төрағасы орынбасары Амангелді Ермегияв алдағы сайлауға оппозицияның ортақ үміткер ұсына қоятындығына күмән келтіреді.

- Жеке бастың немесе бір топтың мұң-мұқтажын ғана күйттеп жатса, бір адамды қолдап, соны шығара қоюдың өзі қиын. «Ақ жолдың» ішінде, басқа саясаткердің арасында қандай процестер өтіп жатқанын көріп жатырсыз. Ал біздің алдағы сайлауға ұсынатын үміткеріміздің жайы айдан-анық! Оған ешкімнің күмәні де, сұрағы да жоқ шығар, - деді Амангелді Ермегияв.

Қазақстан республикасының қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін 1991 жылы желтоқсанда елде тұңғыш рет өткізілген жалпыхалықтық төте сайлауға баламасыз түсіп, президент болып сайланды. Одан соң 1995 жылы бүкілхалықтық референдум арқылы оның өкілеттігі ұзартылды. Ал 1999 жылы оның негізгі бәсекелесі сот алдында жауапқа тартылып, сайлаудан шеттетілгеннен кейін, Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға түскен басқа үміткерлердің арасында сөзсіз жеңімпаз атанды. Ол өзінің алдағы президент сайлауына да түсетіндігін алдын-ала мәлімдеді. Қазақстанның қолданыстағы конституциясы бойынша президент 7 жыл мерзімге сайланады.
XS
SM
MD
LG