Accessibility links

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы өзгерістерге ұшырауы мүмкін


Ақпанның 28-і күні Мәскеуде ТМД елдері сыртқы істер министрлерінің өкілдері кездесіп, достастықты қайта құру жөніндегі мәселелерді талқыламақшы.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, бұл жиында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ТМД құрамындағы экономикалық сотты алып тастау және қауіпсіздік кеңесін құру ұсыныстары қаралады.

Осыдан 14 жыл бұрын Совет одағы ыдыраған соң, оның құрамында болған 15 мемлекеттің 12-сі тәуелсіз мемлекеттер достастығын құрды. Сол уақыттан бері достастық құрылымына өзгерістер енгізіліп келеді. Ал, ТМД құрамындағы қауіпсіздік кеңесін құру туралы соңғы ұсынысты ресми түрде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жасаған болатын. Сонымен қатар, ол ТМД-ның экономикалық сотын таратуға шақырған еді.

- Дәл осы екі ұсыныс қазір Мәскеуде қаралып жатыр, - деді Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметкері Ілияс Омаров дүйсенбі күні Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Бұған дейін, Украина ТМД құрамындағы қауіпсіздік кеңесін құру ұсынысын қолдамайтындығын білдірген болатын. Саясаттанушы Болатхан Тайжан Украинаның бұл ұстанымын дұрысқа бала санайды. Өйткені, ТМД құрылымына өзгеріс енгізу тек бір мемлекеттің пайдасы үшін жасалыр отыр дейді Болатхан Тайжан:

- ТМД-ны қайта құру орыс империясының ықпалын күшейту үшін жасалады. Бұл орайда, Нұрсұлтан Назарбаев орыстарды жақтап жүрген, қайтадан Совет одағына тартып жүрген адам.

Отставкадағы генерал, Патриоттар партиясы төрағасының орынбасары Айтқали Есенқұлов ТМД елдерінің қауіпсіздік кеңесін құрғанын құптайтындығын білдірді. Оның айтуынша, бұдан империялық саясат іздеу ағаттық.

- Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымында қауіпсіздік кеңесі бар. Олар да империялық пиғылды ұстанғаны ма? Мұндай құрылымдардың міндеттері бірдей, көздейтіндері тек қауіпсіздік мәселесі, - дейді Айтқали Есенқұлов.

Ал, саясаттанушы Берік Әбдіғалиевтің пікірінше, қауіпсіздік кеңестері сияқты ұйымдар достастық құрамындағы мемлекеттердің сыртқы саясатына қатты әсер ете алмайды.

- Және ТМД-ны өзгерту үшін барлық мемлекеттердің келісімі қажет. Егер бір ел келіспесе, ешқандай шешім қабылданбайды, - дейді Берік Әбдіғалиев.

Көптеген бақылаушылардың айтуынша, кез-келген халықаралық бірлестік бірінші кезекте экономикалық тиімділікті арттыру үшін құрылады. Достастық елдерінің өз бетінше экономикалық дамуы жағынан жер шарындағы алдыңғы қатардағы елдермен бәсекеге түсуі қиын дейді олар.

- Ресей өзінің геосаяси мүддесінен, көшбасшылығынан айырылғысы келмейді. Ресей арқылы Қазақстан мұнай құбырының бір тармағы өтіп жатса, біз қалай онымен санаспаймыз? Жаһандану үрдістерінің бәрін жоққа шығаруға болмайды, - дейді оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов.

Ресейлік саясатшылар ТМД-да интеграциялық үрдістер аз десе, батыс ғалымдары мен саясаткерлерінің біразы ТМД егемендік алған мемлекеттердің тәуелсіздігіне қауіп төндіріп, олардың Еуропа одағына енуіне бөгет жасайды деп біледі.
XS
SM
MD
LG