Accessibility links

Қазақстандық мүгедектер заңдардың тиімсіздігіне жиі шағымданады


Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі орталығына жергілікті орындар алдында дәрменсіз жағдайға тап болған мүгедек жандардан заңды құқығының шектелгені жайлы жеке шағымдар жиі түседі.

Бұл туралы наурыздың 1-i күні Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Болат Байқадамов мәлім етті. Уәкіл жергілікті мүгедек жандар құқығын шектелгені жайлы жеке шағымдар қаралып, тиісті орындардың араласуы нәтижесінде мәселе шешіліп жатыр дейді.

- Мәселен, Рак деген азамат өзі еңбек еткен «Қазақ-Түрік-мұнай-газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірісінде алған жарақат-зақымның өтеуін кәсіпорынның төлемей, өзін жұмыстан шығарғанына шағымданды. Осы арыз бойынша Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, азамат жұмыстан шығарылған кәсіпорынға, сот әкімшілігіне өтініш жасадық. Нәтижесінде тиісті комиссия қарауынан соң арызданушыға екінші топтағы мүгедектік белгіленді. Мұны адам құқықтары жөніндегі уәкілдің және басқа құзырлы орындардың араласуынсыз-ақ, жергілікті билік органдары шешуге болар еді, - деді Болат Байқадамов.

Қазіргі уақытта Қазақстан парламентінде мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заң жобасы қаралып жатыр. «Саңыраулар қоғамының» Ақмола облысы бойынша бөлімшесінің төрағасы Жангелді Бекбатыров осы құжатта мүгедек жандарды оқыту, жұмысқа орналастыру мәселесінің қаралуынан үмітті:

- Көп жағдайда, мүгедектерді жұмысқа алмайды. Өйткені, жұмыс орындарының 80 пайызы - үкіметтік емес ұжымдар. Олардың өз талаптары бар. Сол жағынан қиналамыз. Оның барлығы, сайып келгенде, білімге тіреледі. Қазақстанда арнайы жоғары оқу орындары жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен сөйлестік, мүгедектерге 2005-2007 жылдары жұмысқа орналасуға 2-3 пайыздық квота бермекші. Бірақ, оның барлығы дұрыс шешіледі деп ойламаймын. Себебі, әрбір жұмыс берушінің өз талабы бар.

Ал, «Зағиптар қоғамының» Астана қаласы бойынша бөлімшесі директорының орынбасары Дмитрий Ефримов өткен 2-3 жылмен салыстырғанда бұл салада жағдайдың түзелгенін, кәсіпкерлер тарапынан да айтарлықтай қолдау болып жүргенін айтады. Д.Ефримовтың айтуынша, Астана қаласы бойынша 360 зағип жан бар.

- Мереке күндері түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылады. Басқа да мәдени шаралар жағынан Астана қаласында жағдай дұрыс, - дейді ол.

Алайда, Д.Ефримов мырза зағип жандарды жұмыспен қамтамасыз етуде проблема барын жоққа шығармайды.

- Мұндай жандар жұмыс істейтін 33 кәсіпорын бар. Бірақ, онда жұмыс істегісі келетіндер болса да ол жердегі еңбекпен қамтылғандар қатары өспей отыр. Біз қаржының жоқтығына байланысты жаңа технологияларды игере алмай отырмыз. Бұл мәселе бойынша үкіметпен жұмыс жасап жатырмыз. Қалай дегенмен үкімет қоғамдық бірлестіктің жұмысына араласа алмайды ғой. Қазіргі уақытта республика бойынша біздің кәсіпорындарда 1600 және басқа кәсіпорындарда 300 мүгедек зағип жан жұмыс істейді, республика бойынша 18 мың 700 зағип жан бар. Ал, біздің саламыздағы кәсіпорындарда жұмыс істегісі келетін мүгедек зағиптар 4-5 мың шамасында, - дейді Д.Ефримов.

Ал, Астана қаласында тұратын Бота есімді бойжеткен «қос жанарымнан айырылғаныма алтыншы жыл. Алатын жәрдем ақы дәрі – дәрмекке жетпейді. Сондықтан өз күнімді көруге тырысып жүрмін» дейді «Азаттық» тілшісімен әңгімесінде. «Саңыраулар қоғамының» оқу-кәсіпорыны мекемесінің директоры Ілияс Бисенғалиев болса «тігін өндірісімен айласамыз, жұмысымыз жүріп жатыр деп» отыр.
XS
SM
MD
LG