Accessibility links

Әзірбайжан полициясы кісі қолынан қаза болған журналистің өлімін тексеріп жатқанын айтады


Әзірбайжан полициясы елдегі оппозициялық «Монитор» журналының бас сарашысы Елмар Хусейновтің өліміне қатысты тергеу ісін жүргізіп жатқандарын айтуда. Журналист сәрсенбі күні кешкісін Бакудегі үйінің маңында белгісіз кісі қолынан қаза тапқан еді. Оған қарсы атылған оқтың екеуі жүрегінен тиген. Елмар Хусейновтің басшылығындағы басылымда бірнеше рет билікті, оның ішінде президент Ильхам Әлиевті қатты сынаған мақалалар жарияланған болатын. Сондай-ақ, Хусейновке қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғалып, оның журналына айыппұл салынған еді. Адам құқығын қорғайтын ұйым - Хельсинки комитетінің Бакудегі өкілі Арзул Абдуллаева Елмар Хусейновтің өлімін баспасөзге қарсы жасалған террорлық шабуыл деп айыптады. Сонымен бірге, Еуропадағы қауіпсіздк және ынтымақтастық ұйымының Бакудегі өкілі де бұл істі мұқият зерттеуге шақырды. Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев журналист өліміне қатысты тергеуді тезірек жүргізуге тапсырма берді. Журналистердің қойған сұрағына берген жауабында ол мұны Әзірбайжан демократиясына соққы болды деп мәлімдеді.

- Бұл - Әзірбайжанның жаңа тарихындағы осындай алғашқы оқиға. Осы уақытқа дейін мұндай оқиға кездеспеген, журналистер бейбіт жағдайда жұмыс істеп келді. Бұл біздің елімізге үлкен ұятты жағдай әрі елімізге үлкен соққы болды, - деді Әзірбайжан президенті.
XS
SM
MD
LG