Accessibility links

Канада мен АҚШ арасындағы байланыстарға кірбең түсті


Канада мен АҚШ - тарихи, мәдени, экономикалық және сауда-саттық ортақ байланыстарға ие көршілес, одақтас мемлекеттер. Бірақ, өткен аптада, Канада бас министрі Пол Мартин, АҚШ-тың даулы зымыран қорғаныс бағдарламасына қатыспаймыз деген мәлімдемесінен кейін, бұл екі ел арасындағы байланысқа көлеңке түскендей жағдай орын алып отыр.

Солтүстік Америкада ежелден тату-тәтті көрші, тілектес болып келген Канада мен АҚШ арасында соңғы кезде орын алған ерекшелеу саяси теке-тірестік жағдайдың түп-төркіні қайда? Алдымен, сәл ғана, шамамен екі жарым жылға кері шегініс жасайық.

2003 жылы күзде Канаданың қазіргі бас министрі Пол Мартин Либералдық партияның жетекшісі болып сайланысымен-ақ, АҚШ пен Канада арасындағы ежелгі жақын байланысты қайта тіктеймін деген уәдесін айтқан болатын. Оған себеп, Канада АҚШ-тың Ирақтағы басқыншылық соғысын айыптап, Құрама Штатты ренжітіп алған еді.

Оның үстіне, Пол Мартин сол жылы, Канада АҚШ-тың зымырандық қорғаныс бағдарламасына сенімді серік болады деп тағы сендірген болатын. Ол ол ма, өткен аптада ғана, ақпанның 22-сінде, Канаданың Вашингтондағы елшісі МакКеннан Мартинның сол кездегі игі ниеттерінің өз күшінде екендігін кезекті рет ескертті.

Бірақ, одан кейін 2 күнді араға салып, бас министр Мартин, өзінің коалициялық деңгейінде әрең тұрған үкіметін сақтап қалу мақсатында болар, Канаданың зымыран қорғаныс бағдарламасынан бас тартатындығын жариялап жіберді. Ал мұны мәңгі көрші АҚШ күтпеген еді.

Ақиқатында бұл шешімнің тек қана әскери мәселеге қоса, экономикалық және сауда-саттық саласындағы маңызды мәселе екендігін талдаушы, сарапшылар бірден атап өтті. Оған мысал, Канада мен АҚШ-тың арасындағы бір күндік сауда бизнесі 1 млрд 800 млн долларға тең. Кезінде Канаданың малы құтырған кезде АҚШ-қа келетін мал еті импортының қысқаруы да үлкен дауға жалғасқан болатын.

Зымыран бағдарламасының әскери, саяси кері әсері болса, Вашингтондағы Херитидж қорынан сарапшы Халсманның айтуынша, сауда-саттықтың экономикалық ауыр салдары бар.

- АҚШ пен Канада - сауда әлеміндегі ең үлкен жақын әріптестер. Сондықтан бұл саладағы шағын ғана даудың кесірі үлкен болмақ. Сондай-ақ, үкіметтегі азшылық топтан бас министр Мартин Жаңа демократялық топқа тәуелді болғандықтан американдықтармен байланысы бар деген күдіктен қорқады, - дейді талдаушы.

Дегенмен, Халсманның пікірінше, Зымырандық қорғаныс бағдарламасына қатысқанда ғана Канада АҚШ-тан қолдау алуы мүмкін. Талдаушының атап өткеніндей, Солтүстік Америкалық еркін сауда аймағы келісіміндегі 3 ел - АҚШ, Канада және Мексиканың 12 жылдық сауда байланысы үлкен экономикалық өркендеуге алып келген болатын.

- Бірақ, сауда-саттықтың арқасында экономика дамығанымен, Канада мен АҚШ арасындағы саяси теке-тірес те өрши түсті, - дейді вашингтондық талдаушы.

Ондай пікірді Вашингтондағы Брукинз зерттеу орталығындағы сарапшы Кент Вивер де қолдайды. Оның айтуынша, Әлемдік сауда ұйымына АҚШ-тың сауда-саттық тарифін, ережелері мен заңдарын жиі бұзатындығы ұнамайды екен. Сондай-ақ, Вивердің айтуынша, канадалықтар әдетте американдықтармен жақсы көршілестік байланыста, бірақ, бұл көрші елмен болатын сауда-саттық бизнесінің одан әрі кең етек жаюына онша ықыласты емес.

Наурыздың 23-інде Канада бас министрі Мартин, АҚШ президенті Буш және Мексика елбасы Фокс Техаста Джордж Буштың ранчосында кездесіп, әңгімелеспек. Бірақ, талдаушылар Халсман мен Вивер, ол оңаша отырыстан да Канада мен АҚШ-тың байланысы бірден жақсара қоймас деген пікір айтады.

Оған тағы бір дәлел, АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс ханым қызметке отырысымен-ақ Еуропаның 7-8 елін айланып қайтқанымен, таяқ тастам жердегі көршілес Канадаға алдағы айға жоспарлаған сапарының өзіне бармайтын секілді.
XS
SM
MD
LG