Accessibility links

Қырғызстандағы сайлауда «exit poll» жүйесімен алғаш рет зерттеу жүргізілді


Таяуда Қырғызстан Жогорку Кенешіне өткен сайлау кезінде қырғыз әлеуметтанушылары мен саясаттанушылары Ресей, Украина, Қазақстан іспетті елдерден мамандар шақырып, сайлаушылардың қалай дауыс бергенін білу мақсатында «exit pool» деп аталатын әлеуметтік зерттеуді алғаш рет жүргізген еді.

Қазақстаннан шақырылған әлеуметтанушылар және саясаттанушылар қауымдастығының өкілдері бұл әдіс-амалды сайлау кезінде бұдан былай да жиі пайдалануды ұсынса, олардың кейбір әріптестері (саясаттанушылар) бұл зерттеудің сайлау қортындысына берер әсерін жөнсіз зорайтудың қажеті жоқ деп есептейді.

Қазақстанның саясаттанушылары мен социологтары қауымдастығының жетекшісі Бақытжамал Бектұрғанова сайлауда дауыс беру барысында сайлаушылардың кімді қалап, дауыс бергенін сауал арқылы біліп отыру әдісі – «exit poll» деп аталатын сауалнама жүйесін Қазақстанда қолданысқа енгеніне төрт жылдың жүзі болғанын айтады.

Жуырда Қырғыз елінде өткен парламент сайлауы барысын бақылап, сауалнама жүргізу ісінде қырғыз әріптестеріне жәрдемдесіп қайтқан қазақстандық мамандардың айтуынша, әлеуметтік зерттеудің бұл түрі Қырғызстанда алғаш рет іске асып отыр. Бақытжамал Бектұрғанова осы елдегі сауал жүргізу кейіпі Қазақстандық нұсқасынан өзгеше өткенін айтады:

- Қырғызстанда дауыс беріп шыққандардың әр оныншы немесе он біріншісі іріктеліп, сауал қойылды. Ал, Қазақстанда біз сайлауға келген әр адамнан мағлұмат алып отырамыз. Осылайша, дауыс беруге келушілердің дәл санын анықтау мүмкіндігі туады. Ал, сұрағымызға жауап беруден бас тартқандардың тізімін бөлек жүргіземіз.

Саясаттанушылардың пікірінше, дауыс беріп шыққан адамдардың шын ойын айтқан-айтпағанын дөп басып білу қиын. Сауалға жауап берушілердің кейбірі шындықты айтудан тайсалуы да мүмкін дейді мамандар.

Мұндай зерттеулердің сайлау комиссияларының мәліметімен сәйкес келмей жатуы да содан дейді олар. Сондықтан, кез-келген әлеуметтік зерттеу жүргізбес бұрын оның ақиқатын білуге септігін тигізетін белгілі бір шарттарды орындау қажет деп есептейді саясаттанушы Әзімбай Ғали.

Мәселен, сауалнама жүргізетін ұйым немесе мекеме ешкімнің сойылын соқпайтын бейтарап өкіл болуы тиіс. Оның сыртында кез-келген сайлаушыдан сұрағына жауап ала білетін кәсіби мамандар қажет дейді ол. Ал ондай шарттардың Қырғызстандағы сайлау кезінде сақталғанына Әзімбай Ғали күмәнмен қарайды:

- Қырғызстанда Қазақстанға бүйрегі бұратын топтар бар. Олар көбіне-көп бір-бірінің үдесінен шығатын іс-әрекеттерді жүзеге асыруға талпынады. Ақшасын төлесе, өздері қалаған нәтиже, қорытынды беруге тырысады. Табыс табуға, мал табуға барады. Ондай жерде зерттеулердің шындығына үлкен күмәнмен қарамасқа амал жоқ.

Республикалық тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің төрағасы Дос Көшім «exit poll»-дың сайлау қортындысына берер әсерін зорайтудың қажеті жоқ деп санайды. Маманның айтуынша, әлеуметтік зерттеудің бұл амалы азаматтық санасы жете дамыған Еуропа елдерінде жиі жүргізіледі. Ал, Орта Азия елдеріндегі сайлаудың өту процесіне беретін әсерін Дос Көшім былай бағалайды:

- Тек «exit poll»-дың мәліметіне сүйенудің қажеті жоқ. Себебі, қазақстандық сайлаушылардың және сайлау жүйесінің деңгейі бір-біріне сай келмейді.

Дегенмен, шығар есіктің аузында тұрып сауал жүргізу әдісі, сайлау кезінде керектігін бәрі мақұлдап отыр. Бірақ, заң күші жоқ құжат, депутаттықтан ия өзге бір сайлауға үміткерлердің соттағы дау-дамайында дәлел, дерек бола алмайды. Әйтседе, ол сайлауда ұтылған қайбір бақталастың көпке дейін дауға айналдырар азығы болуы да әбден мүмкін дейді саясаттанушылар.

Бақытжамал Бектұрғанованың айтуынша, Қырғыз мемлекетінің Жогорку Кенешіне депутаттықа сайлануға күш салып жатқан Қырғыз президенті Асқар Ақаевтың отбасы мүшелері қайсібір шетелдік саяси технологтардың қызметін пайдаланған. Ал, олардың ішінде, бірқатар белгілі қазақстандық саясаттанушылар да бар дейді қауымдастық жетекшісі.
XS
SM
MD
LG