Accessibility links

Астанада қорымының үстінен саябақ салуға қоғамдық ұйымдар қарсы шықты


Астаа қаласында ескі мұсылман қорымын тегістеп, үстінен саябақ орнатып, жол салу туралы жергілікті биліктің жоспарына қоғамдық ұйымдар қарсылық айтып отыр.

Астана қаласының ортасында орналасқан ескі үлкен мұсылман қорымына қатысты дау қайта жаңғырды. Осыдан бірнеше жыл бұрын қала әкімшілігі сондағы зираттарды тегістеп, үстінен құрылыс салмақ болған-ды. Бірақ, жұртшылықтың наразылығына байланысты ол ойлары жүзеге аспай қалған еді. Енді «Астанабасжоспар» мекемесінің жобасында қорымның үстінен жол салу нобайы жасалып жатқаны белгілі болды. Астанадағы бірқатар қоғамдық ұйымдар бұған наразылық білдіріп отыр.

2003 жылы қала әкімдігі бірнеше рет Астана орталығында орналасқан мұсылмандардың ескі зиратын тегістеп, оның үстіне саябақ орнатуды жоспарлаған еді. Қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Әбілғазы қажы Омаровтың айтуынша, оған қоғамдық ұйымдар қарсылық білдіргенімен 2003 жылы тамыздың 28-інде қала әкімінің орынбасары Төлеген Мұхамеждановпен кездесуде Астана мешітінің найб-имамы Мәмлүк Мұсаев ауызша келісім берген көрінеді.

Бірақ бұған «Тіл және мәдениет» қоғамы түбегейлі қарсылық айтып отыр. Қоғамның төрағасы Әнуар Ералының сөзінше, бұл зираттың 200-300 жылдық тарихы бар көрінеді. Онда Кенесарының сарбаздары, Балуан Шолақтың әнге қосқан сүйгені - Ғалия да жерленген деседі.

Астанадағы орталық мешіттің найб-имамы Ербол Махмұд жалпы мұсылманшылықта зиратты қорлауға, оның үстіне отыруға, айналасын ластауға шәриғат бойынша жол берілмейтінін ескертеді. «Қазақстанның қажылар қауымдастығы» республикалық діни қоғамының мүшесі Қаныш қажы Павлодар облысында Екібастұз маңындағы қорымды бұзып көпір салған тұста жол апаттары жиі кездесетінін айтады.

Қоғамдық орындар көтеріп отырған жайдың анық-қанығын білу мақсатында «Астана басжоспар» мекемесіне хабарласқан Азаттық радиосының сұрақтарына мекеме басшылығы жауап бермеді.

- 2003 жылы қыркүйектің 23-інде қала әкімі Темірхан Досмұхамбетов, президент аппаратының сол кездегі басшысы Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстанның бас мүфтиі Әбсаттар қажы қала ақсақалдарымен кездесіп, қорымға тиіспей оны қайта қамқорлыққа алу жайында бәтуаласқан едік, сол уағда әлі күнге дейін орындалмай отыр, - деді Астана қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Әбілғазы Омаров.

Осылайша, Астанадағы қоғамдық ұйымдардың 2003 жылдан бері қарсылық білдіріп келе жатқандығына қарамастан, қала орталығында орналасқан мұсылман зиратын тегістеп, үстіне саябақ орнатып, шеткі жағынан асфальт жол салу Астана әкімдігінің «Астанабасжоспар» жобасына енгізілген.
XS
SM
MD
LG