Accessibility links

Кофи Аннан БҰҰ-ын реформалауды қолдауға шақырды


БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннан халықаралық қауымдастықты БҰҰ-ның қауіпсіздік пен адам құқықтарын қорғауға қатысты құрылымдарын түбегейлі өзгерту реформасын қолдауға шақырды.

БҰҰ бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде Кофи Аннан Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің қатарын ұлғайту және адам құқықтары бойынша Комиссияны әлдеқайда екпінді жұмыс істейтін Кеңеспен алмастыру реформасын осы жылы жүзеге асыру қажеттігін атап көрсетті. Сейсенбі күні Ұлттар Ұйымын реформалаудың жоспарын ол ұйымға мүше 191 елдің қарауына ұсынды. Одан соң К.Аннан осы жоспарын БҰҰ-ның 60 жылдығына арналған Бас Ассамблеяның Нью-Йорктегі сессиясының мақұлдауына бермекші.

Кофи Аннан БҰҰ-ының абырой-беделін көтеру үшін осы ұйымға мүше 191 елдің алдына аталған реформаларды алдағы 6 айдың ішінде жүзеге асыру міндетін қойды. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясына ол Қауіпсіздік Кеңесінің қатарын кеңейтуді, терроризмнің ғаламдық сипаттамасын негізге ала отырып, оған қарсы халықаралық конвенция қабылдауды, сондай-ақ адам құқықтарына байланысты жаңа Кеңес құруды ұсынды.

Оның атап көрсетуінше, Ұлттар Ұйымы кедейшілік және терроризм сынды проблемалармен қарама-қатар күресуге дайын болуға тиіс. Бір сөзбен айтқанда, Кофи Аннан БҰҰ-ының құрылымын түбегейлі өзгертуді алға тартып отыр. Журналистерге берген түсініктемесінде Бас хатшы Ұлттар Ұйымындағы реформаларды осыдан 20 жыл бұрын Совет одағында қолға алынған “қайта құру” процесімен салыстырды.

- Біздің қолға алып жатқанымызды сіздер біздің “қайта құру” және біздің “жариялылық” деп атай аласыздар, және де, мен Ұлттар Ұйымына мүше елдер осы жолды көре біліп, Ұлттар Ұйымын 21 ғасырдың талап-шарттарына лайық қайта құру ісіне бізбен бірге “нартәуекел!” деп кіріседі ғой деп үміттенемін, - деді Кофи Аннан.

Бас Ассамблеяда қызу талданатын проблемалардың бірі – К.Аннан ұсынып отырған терроризмге қарсы халықаралық конвенцияны қабылдау мәселесі болайын деп отыр. 10 жылдан да көп уақыт бойы талқылаудың нәтижесінде қабылдануға тиісті бұл конвенцияға терроризм жөніндегі ғаламдық сипаттама негіз болмақшы. Араб елдері терроризмнің К.Аннанның ұсынған айқындамасын талқылады.

Ол айқындамаға сәйкес, терроризм – қандай да бір себеп болмасын, бейбіт халыққа қырғын салуды алдын-ала жоспарлау болып табылады. БҰҰ-ындағы Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің қатарын 24-ке дейін ұлғайтудың 2 түрлі жобасы да қызу пікірталастан өтті. К.Аннан БҰҰ-ы мүшелерін осы 2 ұсыныстың бірін таңдауға шақырды.

Сейсенбі күні Үндістан, Жапония және Бразилия - Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің қатарын 5-тен 11-ге дейін ұлғайтуды Ұлттар Ұйымына мүше елдердің басым көпшілігі қолдайды деп мәлімдеді. К.Аннан жаңартылған Қауіпсіздік Кеңесі ең алғашқы қадамдарында Саддам Хусеин сынды диктаторлық режимдердің проблемасын шешеудің принциптері бойынша біржақты болуға шақырды:

- Мен қайта жаңғырған Қауіпсіздік Кеңесіне күш қолдану туралы шешім қабылдау қажеттігі туғанда, ол туралы шешім қабылдау үшін басшылыққа алатын принциптерін айқындап алуын ұсынамын, - деді Кофи Аннан.

Осыдан 2 жыл бұрын Америка Құрама Штаттарының Ираққа басып кіруі мәселесіне келгенде БҰҰ-ының Қауіпсіздік Кеңесі іштен қақ бөлінді. К.Аннан осы күні штаб-пәтері Женевада орналасқан адам құқықтары бойынша БҰҰ-ының Комиссиясын адам құқықтары бойынша тұрақты Кеңеспен алмастыру керек деп мәлімдеді.

Оның пікірінше, аталмыш Комиссия құқы аяқасты болған халықтарды емес, адам құқын таптаған мемлекеттерді қорғаштаған “еркетоты” құрылымға айналды. Соған байланысты БҰҰ-ының Бас хатшысы өз ойын ортаға салды.

- Менің ойымша, Комиссияны мүшелері Бас Ассамблеяның үштен екісінің басым дауысымен тікелей сайланған Кеңес етіп қайта құра алсақ, сайланған мүшелердің адам құқықтары жөнінен тиесілі мандаты мен адам құқықтарының стандарттарын қорғайтын міндеттері болуға тиіс. Біз сонда ғана үлкен нәтижеге қол жеткізе аламыз.

Міне, БҰҰ бас хатшысы К.Аннанның осы ұсынысы адам құқықтарын қорғайтын ең басты ұйым - Human Rights Watch тобының көңілінен шықты. Оның президенті Кеннет Рот жыл бойы үзіліссіз жұмыс істейтін осындай құрылым БҰҰ-ның дағдарыстарға дер кезінде төтеп беріп, екпінді қызмет атқаруына мүмкіндік береді деп мәлімдеді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG