Accessibility links

Баспасөзге шолу. 24 наурыз 2005 жыл


Бейсенбі күнгі газеттерде Қырғыстанда болып жатқан оқиғаларға байланысты мақалалар жарық көріпті. “Ферғана ру” сайтында Қырғыстандағы жалпы көтеріліс орын алған аймақтарда қырғыз сақшыларымен қатар, қазақ тәртіп сақшыларының да бой көтеріп қалғандығы туралы деректің жарияланғандығы айтылыпты.

“Казахстанская правда” басылымында жарық көрген Ольга Казанцеваның мақаласында Қырғызстанның оңтүстігінде оппозицияның Джалал-Абад пен Оштағы әкімшілікті басып алғандығы хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, билік партиясынан көпшіліктің жеңіске жетіп, 75 депутаттық мандатқа ие болғандығы оппозицияның осындай қатаң шараларға баруға мәжбүрлеген.

Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта Ош облысындағы жеті, Жалал-Абадтағы бес, Нарындағы бір, Таластағы бір аудан оппозицияның қолына өткен. Ресми билікті саяси махинация жасады деп айыптаған оппозиция өкілдері, Қырғызстан Президенті Асқар Ақаевтың отставкаға кетуін талап етіп отыр.

Сондай-ақ мақалада Қырғызстан Президенті Асқар Ақаевтың қантөгіс орын алмас үшін оппозициямен бейбіт келіссөз жүргізетіндігін мәлімдегендігі де хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, Бішкекте де Қырғызстан Президенті Асқар Ақаевты қолдап, елу мың адам қатысқан митинг өткізілген.

“Егемен Қазақстан” басылымында Қырғызстанда орын алып жатқан оқиғаларға байланысты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесі жарық көріпті. Онда бұқаралық ақпарат құралдарының көптеген сұрауларына орай республика Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Қасымжомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы достас Қырғызстандағы оқиғаларды алаңдаумен бақылап отырғандығы, елдің оңтүстігіндегі тәрітіпсіздіктер тоқтатылады және бұл мемлекеттегі жағдай жақын арада тұрақтанатынына үміттенетіндігін мәлімдепті.

Ал, “Егемен Қазақстан” газетінде жарық көрген Жақсыбай Самраттың мақаласында өткен жексенбіде Жалалабадта оппозиция өкілдерінің қала әкімдігі мен әуежайды басып алып, қалалық ішкі істер басқармасының ғимаратын өртегендігі баяндалыпты. Қоғамдық тәртіпті сақтауға тырысқан құқық қорғау қызметкерлерінің арасынан төрт милиционерді ұрып өлтірген. Жағдай осылай болып жатқанымен, президент Асқар Ақаев елде төтенше жағдай енгізілмейтінін мәлімдеп, ереуілшілерге қарсы күш қолданылмайтынын айтыпты.

“Түркістан” газетінде жарық көрген “Ақаевтың алдында не тұр” атты сараптама мақалада “Ферғана ру” сайтында Қырғызстандағы жалпы көтеріліс орын алған аймақтарда қырғыз сақшыларымен қатар, қазақ тәртіп сақшыларының да бой көтеріп қалғандығы туралы деректің жарияланғандығы айтылыпты. Сондағы наразылық акциясына қатысушылар, “сақшылар арасында қазақтарды көзіміз шалып қалды. Өйткені олар бізге қазақ тілінде сөз қатты” деген. Алайда бұл ақпаратты ішкі істер министрлігі жоққа шығарыпты.

“Айқын” басылымы болса Қырғызстанда белең алған осындай оқиғаларға байланысты Америка Құрама Штатының саяси мәселелер жөніндегі мемлекеттік хатшысының орынбасары Николас Бернстің сейсенбі күні Вашингтонда Қырғыз Республикасы президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Әлібек Жекшеқұловты қабылдағандығы айтылыпты.

Берн “Қырғыз Республикасы үкіметін парламент сайлауында жіберілген қателерін түзетуге, әрі оны күздегі президенттік сайлауда қайталамас үшін оппозициямен қандай да бір келісімге келуге шақырыпты. Қазақстандық сарапшы Досым Сәтпаевтың пікірінше, Қырғыз Республикасында төңкерістің болуы мүмкін емес, өйткені опозиция елдегі жағдайды ретке келтіре алмайды.

“Литер” басылымы болса Қырғызстандағы жағдайдың Қазақстанға әсері болуы мүмкін бе” деген сауал қойыпты. Парламент Мәжілісінің депутаты Амалбек Тшановтың пікірінше мұндай қауіп жоқ болғанымен, Қырғызстандағы оқиға Қазақстанның саяси өміріне өз әсерін тигізеді. Сондай-ақ “Литер” басылымында жарық көрген Екатерина Торопованың мақаласында оппозиция басшыларының наразылық білдірушілерге 200-300 сомнан төлеп жатқандығы және оларға тегін арақ таратылғандығы туралы дерек келтіріліпті. Сонымен қатар мақалада Қырғызстан Президенті Асқар Ақаевтың отставкаға кетпейтіндігін мәлімдегендігі және парламент сайлауының қорытындаларын қайта қараудан бас тартқандығы да хабарланыпты.

“Жас Алаш” басылымында жарық көрген Мұхтар Жанұзақұлының мақаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде төңкеріс болған сайын ресми Астананың дегбірінің қаша бастағандығы айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, Қырғызстандағы бас көтерулер “нағыз төңкеріске” ұласып кетсе, Астана үшін бұл ең ауыр соққы болады.

Қазақстандағы ресми биліктің Қырғызстандағы оқиғалардан секем алып отырғандығына дәлел ретінде мақала авторы Қазақстан сыртқы істер министрлігі таратқан арнайы мәлімдемеде Ош пен Жалалабадтағы оқиғаларға “тәртіпсіздік” деп баға берілгендігі мысалға келтіріліпті. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, Қырғызстандағы саяси оқиғалар Президент сайлауына әзірленіп жатқан Қазақстан демократиялық күштеріне үлкен демеу болады.

Бұл тақырыпқа “Экспресс К” және “Время” басылымдары да айрықша назар аударыпты. “Время” газетінің хабарлауынша, 21 наурыз күні Жалал-Абад облыстық ауруханасына әр түрлі жарақат алған 21 адам түскен, олардың 13 і милиция қызметкерлері көрінеді.
XS
SM
MD
LG