Accessibility links

Қазақ жастары қырғыз жастарының билікке қарсы бас көтеруін қалай бағалайды?


Қырғызстандағы оқиғаға қырғыз жастарының белсенді қатысуына Қазақстандағы жастар ұйымдарының жетекшілері «қырғыз жастарын өздері тасада қалған белгісіз бір топтар әдейі ұйымдастырған» дегеннен бастап, бұл оқиға Қырғызстан үкіметінің жастар саясатына атүсті қарауының салдары деген тұрғыда түрліше баға беріп жатыр.

Бішкектегі жағдайға орай Азаттық радиосына білдірген пікірлерінде Алматыдағы оқу орындарында оқитын студент жастар Қырғыз жастарының сол елдегі билік пен оппозиция арасындағы саяси текетіреске белсене араласуының себебі туралы былай деген ой айтады:

- Қалай болғанда да жастардың ісі дұрыс. “Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды” дегендей, жастар бекер қозғалып жатпаған ғой, яғни, жастардың жағдайын жасамағандықтан олар осылай істеп жатыр.

- Қырғызстандағы жағдайларды “Хизб ут-Тахрир” ұйымының өкілдері істеп отырған шығар. Теледидардан айтып жатыр ғой осы ұйымның қатысы бар болуы мүмкін деп.

- Бұл - Ақаевтың қателігі, жастарға еш көмек болған жоқ, сондықтан олар қарсы көтерілді.

Алматы қаласында құрылыс-жөндеу фирмасында жұмыс істейтін Ерғазы есімді жас жігіт Бішкектегі оқиғаның төркіні халықтың көп бөлігінің әлеуметтік жағдайының ауырлығынан деп түйіндейді:

- Бұның бәрі Қырғызстанның экономикасының құлдырауынан. Өзіміз де естіп жатырмыз, олардағы зейнетақы бір қап ұн алуға да жетпейді екен.

Ерғазымен бірге қатардағы жұмысшы болып істейтін 28 жастағы Сәкен есімді азамат Бішкектегі дүкендерді талап-тонау мен үкімет үйіндегі тәртіпсіздік халықтың ашынғандығын көрсетті дейді:

- Ашқұрсақ жүрсе, қалай басып кірмейді? Аш адам бәріне де барады.

Алматыдағы баспа ісімен айналысатын фирманың қызметкері, 25 жастағы Еркін Солғазиев қырғыз жастарын алаңға итермелеген негізгі себеп - елдегі қалыптасқан саяси жағдай деп есептейді:

- Ең алдымен саяси жағдай ғой. Оның үстіне қай уақытта да, қай мемлекетте де дағдарыс болғанда жастар алдымен алаңға шығады емес пе? Сондықтан, мұндағы басты себеп - әлеуметтік жағдаймен тығыз байланысты саяси жағдай болды.

Қазақстанға Қырғызстаннан жақында көшіп келген студент Медет Байысов Қырғызстандағы толқуға жастардың белсене араласуының себебін "оларға ешкім көңіл бөлмейтіндігімен" түсіндіреді:

- Қырғыз үкіметі Қазақстандағыдай жастарға көңіл бөлмей келді. Елдегі жастардың әлеуметтік жағдайы ауыр, оны өз жағдайларын Қазақстанмен салыстырып отырған қырғыз жастары жақсы біледі.

Қазақстан жастар одағының заң бөлімінің төрағасы Әсет Тұрдығұлов Қырғызстандағы оқиғаларға сырт күштердің араласуы мүмкін деген пікірде:

- Осыған дейін Грузия мен Украинада болған түрлі-түсті төңкерістерді АҚШ пен Батыс елдері жасады деген пікір бар. Қырғыз астанасында көтерілген жастарға да мүдделі біреулер ақша беруі әбден мүмкін.

Алматы қаласы студенттері альянсының тең төрағаларының бірі Қайрат Өмірәлиевтің бұл оқиға туралы пікірі сәл өзгешелеу:

- Осындай жағдайларға әкелген жайт - президент Ақаевтың билік басына өз жақын туыстарын тартқан саясаты да болар деп ойлаймын. Мемлекеттік маңызды мәселелердің барлығы Асқар Ақаевтың туыстарының қолында қалуына халық наразы болды.

Қазақстандағы жастар саясатын дамыту жөніндегі мемлекеттік қордың төрайымы Бәтима Жақсылыққызы наурыздың 24-інде Бішкекте болған оқиғаларға қырғыз жастарының белсене араласуына қырғыз үкіметінің өзі тікелей кінәлі деп есептейді. Оның айтуынша, қырғыз үкіметі күні бүгінге дейін, жастар саясатымен нақты айналыспай келген.

- Қырғызстанда осы күнге дейін мемлекеттік саясат жоқ болған секілді. Мәселен, біз зерттеп қарағанымызда, жастар ісімен айналысатын ірі жастар қозғалысы немесе бірлестіктері жоқ екендігін білдік.
XS
SM
MD
LG