Accessibility links

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстандағы оқиғаны «бандитизм және тонау» деп сипаттады


«Қырғызстанда болған оқиға революция емес, бандитизм және тонау» деді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Астанада наурыздың 31 күні Грузия президенті Михаил Саакашвилимен кездесуден кейін журналистердің сұрақтарына берген жауабында.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Қырғызстанда болған оқиға «революция емес, бандитизм және тонау». Назарбаевтың Асқар Ақаевқа сілтеме жасап берген мәліметі бойынша, Қырғызстанда болған оқиғаларға түрмеден шыққан 5 мың содыр қатысқан. Оларға барлық елді тонауға мүмкіншілік берілген деді президент Назарбаев.

- Біздің ойымызша, барлығын конституция арнасына қайтадан қайтару керек. Біз Қырғызстан елі заңды сайлайтын президентпен қарым-қатынасымызды жүргіземіз, - деді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Назарбаевтің айтуынша, Қырғызстанда өмір деңгейі өте төмен.

- Ел тұрғындарының 90 пайызына жуығы - кедей. Егер Қырғызстан бюджетінің барлық табысы 220 миллион болса, ұрланған заттардың сомасы 100 миллион деп айтылып жатыр, - деді президент Назарбаев.

Өз кезегінде Грузия президенті Михаил Саакашвилидің айтуынша, Грузияда болған проблемалар кедейшілік және биліктің әлсіздігінен болған. Қазір Грузияда жаппай жекешелендіру жүргізіліп жатыр. Ал, одан түскен ақша экономиканы дамытуға жұмсалады. Ақшасыз мемлекет қансыз адам сияқты, көп ұзамай ауырып қалады деді ол.

- Грузия бұған дейін, реанимацияда болған. Қазір ол ауруханадағы төсекте жатыр, - деген теңеу айтты президент Михаил Саакашвили.

Екі елдің қатынастары арасында мұнай-газ саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Сондықтан, екі ел де «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбырын салуға қызығушылық білдіріп отыр. Қазірде Қазақстан мұнайы «Ақтау-Баку-Батуми» бағыты бойынша кемелермен тасымалданып келеді.

«Баку-Джейхан-Мұнай» құбыры жобасы жайлы Назарбаев әзірге Әзірбайжанмен келіссөздер жүргізіліп жатқандығын айтты. «Бізді олардың тарифтері қанағаттандырмайды» деді ол. Қазақстан президентінің айтуынша, Қазақстан мұнай құбырын пайдалануға мүдделі.

- Одан түскен қаражатты Грузия өз реформаларына пайдалана алады, - деді Қазақстан президенті.

Сондай-ақ, Назарбаев қазақстандық кәсіпкерлер Грузиядағы жекешелендіру үрдісіне қатысып, туризм хром, ауыл шаруашылығы және айлақтағы нысандарды сатып алуға мүдделі екендігін білдірді.

- Барлығымыз өз мемлекеттерімізді басынан бастап салғымыз келеді. Әлі көптеген басшылар мен үкіметтер ауысады бірақ, мұндай мүмкіншілік енді ешкімде болмайды, - деді Грузия президенті Михаил Саакашвили.

Қазақстан өз жүгін Грузия арқылы өткізуге мүдделі. Грузия Қазақстанның электр қуатына қызығушылық білдіріп отыр.

- Біз қазір Ресейдің электр желілеріне тәуелді болып қалдық. Біз бір қуат көзіне тәуелді болғымыз келмейді, сондықтан, Қазақстаннан қуат алуға мүдделіміз, - деді президент Саакашвили.

Жалпы, Грузия мен Қазақстан арасында екі жақты 60 құжат бар. Өткен жылғы мәлімет бойынша, екі елдің тауар айналымы 39 миллион долларға жеткен. Екі елдің президенттері келіссөздерінің нәтижесінде, Лаңкестікке қарсы келісімге, сондай-ақ Ақтау мен Поти айлақтарының ынтымақтастығы және Астана мен Тбилиси қалалары арасында бауырластық туралы құжаттарға қол қойылды.
XS
SM
MD
LG