Accessibility links

Қазақстанға АҚШ әскери делегациясы келді

  • Ескендір ЕРТАЙ

Қазақстанға АҚШ қарулы күштері орталық қолбасшылығының бас сержанты Кертис Броунхилл басқарған әскери делегация тәжірибе алмасу мақсатында екі күндік іссапармен келді.

Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Әубәкір Смайылдың айтуынша, бұған дейін қазақстандық сержанттар тобы екі жақты әскери ынтымақтастық жоспарына сәйкес, АҚШ қарулы күштерінің сержант-майор дайындайтын академиясында болып қайтқан. Бұл АҚШ тарапынан жауап сапар болып табылады. Саясаттанушы Әзімбай Ғали соңғы кездері Қазақстан қарулы күштеріндегі қайта құру мен сарбаздардың кәсіби біліктілігін жетілдіруде сержанттық үлгіні жоғары бағалайды.

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметкері Әубәкір Смайыл Жамбыл облысындағы Отар әскери гарнизонында алты ай сайын жасы 20-25 аралығындағы жастардан іріктелген 700 сержанттың американдық үлгіде маманданып шығатындығын айтып отыр. Мұндай тәжірибе бұрынғы совет одағы аумағындағы мемлекеттерде жоқ үлгі көрінеді.

Отставкадағы генерал-майор Айтқали Есенғұлов америкалық әскерилердің сержанттық корпус дайындауда көп жылғы тәжірибесі барлығын растайды. Ол сондай- ақ, Қазақстан мен АҚШ арасындағы әскери ынтымақтастық күшейе түсуіне көршілес алып мемлекеттердің сақтықпен қарайтындығына назар аударады.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали соңғы бірнеше жыл көлемінде ғана Қазақстан әскерінің 60 пайызы кәсіби мамандарға айналғандығын айтады.

- Бұрын бюджет есебінен көбіне жазғы ауыл шаруашылығы жұмыстарын атқаратын әскери біліктілігі төмен, өлшеусіз көп әскер ұсталды, - дейді ол.

Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметкері Әубәкір Смайылдың айтуынша, министр Мұхтар Алтынбаевтың жарлығымен қарулы күштерде 1-2-3-ші сыныпты сержант, штаб сержанты, шебер сержант лауазымдары енгізілген. Қазақстан қарулы күштерінің бас сержанты болып конкурстық негізде Ауғанстандағы соғысқа қатысқан, 3-ші дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, шебер сержант Серік Абдуллин тағайындалған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG