Accessibility links

Саддам Хұсейннің болашақ тағдыры жөнінде әралуан пікірлер айтылып отыр


Ирақтың жаңа парламентіндегі ең үлкен саяси блок елдің бұрынғы басшысы Саддам Хұсейнді өлтіру қажет деп санайды. Бұндай пікірді қатардағы азаматтардың көпшілігі де қолдайды екен. Ал, жақында ғана жаңадан сайланған ел президенті Талабанидің ондай ауыр жазаға қарсылығы қатты сынға тап болды.

Ирақта жаңа бір саяси дау-дамай пайда болды. Оған негіз болған – елдің бұрынғы президенті Саддам Хұсейннің болашақ тағдыры. Әзірге жөнінде жұрттың пікірі қарама-қайшы болып тұр.

Президент Талабани дүйсенбі күні Бибиси теледидарына берген сұқбатында, Саддамды өлім жазасына кесіп жарлық шығару - адам құқықтары жөніндегі өзінің түсінігіне және өлім жазасына қарсы көзқарасына қайшы әрекет болатынын айтты. Алайда біріккен Ирақ Альянсының өкілі Әли әл-Дадағ Талабанидің ол мәлімдемесіне бірден қарсы шықты.

- Егер сот Саддамды қылмыскер деп тапса, біз соны қолдаймыз. Президент заңға мойынсұнады, болмаса қызметтен кетеді, - деді әл-Дадағ.

Ал Лондондағы Соғыс және Бейбітшілік институтының (IWPR) Ирақ жөніндегі сарапшысы әл-Қарадағидың айтуынша, Ұлттық ассамблеядағы 275 орынның 140-ына ие болып отырған Альянс Талабанидің әлгіндей пікіріне наразы екен.

- Меніңше, Альянс өз қолдаушыларының көмегімен мұндай қатты талап қоя алады. Себебі, олар - шиилердің өкілі. Ал шиилер кезінде Саддамның небір азаптауын барсынан өткергендер, - дейді сарапшы әл-Қарадағи.

Оның пікірінше, дәл қазір Талабанидің жағдайы қиындау, себебі Ирақ азаматтарының көбі Саддамның өлім жазасына кесілуін қалайды. Оның үстіне заң ережесі тағы бар. Йорданиялық заңгер әл-Рашданның айтуынша, жұрт сот шешімі шықпай-ақ, Саддамның өлімі жөнінде ертерек сөз қозғай бастаған.

- Ал бұл соттың алдын-ала пікір айту деген сөз. Соттан бұрын қандай да бір шешім айтуға заңда тиым салынған, - дейді әл-Рашдан.

Әйткенмен президент Талабанидің Саддамды өлімге кесуге қарсылығы елде саяси теке-тіреске алып келе ме – о жағы белгісіз.

- Әзірше бұл жағдай коалицияның бөлінуіне алып келер-келмесі беймәлім. Бірақ, Талабанидің айтқанындай, басым көпшілік Саддамның өлімін қалайды. Сондай-ақ, Талабани Саддамның сондай жазаға лайық екендігін де біледі. Бірақ, меніңше, мәселенің моральдық жағы да бар, - дейді әл-Қарадағи.

Ирақта өлім жазасы 2004 жылы қайтадан енгізілген болатын. Ұлттық қауіпсіздікке кесір болған, кісі өлтірген және есірткі саудасымен ұсталғандар сот үкімімен өлім жазасына кесіліп келеді. Бірақ, бұл уақытша шара дейді заңгер.

Саддам мен оның төңірегінде ресми қызметте болғандар Ирақтың арнайы трибуналында сотталады. Ол сот үдерісі биылғы жылдың соңына дейін басталып қалуы мүмкін екені айтылып жүр.
XS
SM
MD
LG