Accessibility links

Қырғыздың уақытша президенті Құрманбек Бакиев Алматыға келді


Қырғызстан президентінің міндетін атқарушы Құрманбек Бакиев жұма күні түс қайта Алматыға келіп, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесетіні туралы жергілікті ақпарат құралдары ол кездесуге бірнеше сағат қалғанда ғана құлағдар болды.

Қырғыз елі басшысының Қазақстанға бұл алғаш сапарының бірнеше мақсаты бар дейді қазақстандық саясаттанушылар. Олардың бірқатары, Құрманбек Бакиев Қазақстаннан инвестиция сұрап келді десе, келесілері Бакиев алдағы президент сайлауында Назарбаевтан қолдау іздеп келді деген пікір айтты.

Сәуір айының 13-інде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан президенті міндетін атқарушы Құрманбек Бакиевпен телефон арқылы сөйлескенде, Бакиев Назарбаевтан гуманитарлық көмек және азық түлік пен жанар-жағар май жағынан қолғабыс көрсетуді сұрағаны хабарланған болатын. Бакиевтің ол өтінішіне байланысты Назарбаев Қазақстан үкіметіне көмек шараларын қарастыруды тапсырғаны айтылды.

Сол секілді, Қазақстан президенті Қырғызстан мемлекетінің кепілдігіне Қазақстан тарапынан мемлекеттік несиелер беру шешімін шығарған еді. Сондықтан, Бакиевтің бұл сапары бірінші кезекте экономикаға байланысты деп топшылайды саясаткер Жұмабай Доспанов. Оның айтуынша, Қырғызстаннан келген меймандар, тіпті, нақты жобамен келуі мүмкін:

- Қазақстанға келген сапарының мақсаты - өздеріне көмек сұрау және Ыстықкөл жөніндегі әңгіме. Бұған дейін, Қазақстан кәсіпкерлері демалыс орындарын өздеріне жалға алады деген. Тіпті, өздеріне демалыс және емделу орындарын салады деген әңгіме болған.

Қырғызстан президенті міндетін атқарушы Құрманбек Бакиевтің өзге елдеге алғашқы сапарының Қазақстанға жасалуы – жақсы нышан дейді саясаттанушы Сейфолла Сапанов. Бірақ, ол ресми ақпараттарда айтылатындай, экономикалық мәселелерді қарастыру үшін емес, Қырғызстанда өтетін президент сайлауына байланысты деп санайды саясаттанушы:

- Экономикалық деп айтады, бірақ, негізгі мақсат - президенттік дауға түсудің алдында Путин мен Назарбаевтың қолдауын табу. Егер, оларға арқа сүйесе, ол сайлаудан өтеді. Қазір Бакиев - негізгі үміткер.

Саясаткер С.Сапановтың айтуынша, Қырғызстандағы президент сайлауында Бакиев жеңімпаз болуы мүмкін:

- Мен негізінен Бакиев дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, Құлов қандай болса да Ақаев кезінде қылмысты деп танылып, түрмеге отырды ғой. Ол қанша ақталса да, ол көңілде қалады.

Бұған дейін Қырғызстанда елдің бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың дүние-мүлкін тексеретін парламенттік комиссия құрылған болатын. Бұл туралы Қырғызстанның уақытша президенті Құрманбек Бакиев Ресей теледидарына берген сұхбатында айтқан еді.

Аталмыш мүліктің нақты құны айтылмаса да ол Қырғызстанның жылдық бюджетінен бірнеше есе артық болуы мүмкін деген ақпарат жарияланды. Ал, саясаткер Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, Қ.Бакиевтің сапары ресми түрде экономикаға байланысты деп айтылғанымен, бұл сапар екі елде өтетін президент сайлауына байланысты:

- Қандай мәселемен келсе де, саяси тақырыпта әңгіме жасайды. Екі елде де сайлау болайын деп отыр, сол сайлау жөнінде әңгіме болады.

Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының айтуынша, Қырғызстанның бұрынғы президенті А.Ақаев қадағалап келген нысандардан түскен ақша 100 миллион долларға жетуі мүмкін. Бірақ, жылдық бюджетінің жартысын жоғалтып алған мемлекет үшін бұл қаржы да аздық етеді дейді бақылаушылар.

Сондықтан, Қырғызстан шенеуніктері қазір инвестиция сұрап келген деген пікір бар. Өз кезегінде Қырғызстан шенеуніктері қазақстандық инвесторлардың жұмысына толық қауіпсіздік жасаймыз деп кепілдік беріп отыр.
XS
SM
MD
LG