Accessibility links

“Шаттл” кемесін ғарышқа ұшыру кейінге қалды


Үш ғарышкері бар Ресейдің “Союз” кемесі Халықаралық ғарыш стансасынан жерге ойдағыдай қайтып оралып, дүйсенбі күні қазақ даласына қонды.

Осыден екі жылдай бұрын АҚШ-тың “Коламбия” ғарыштық кемесінің апатқа ұшырауынан кейін халықаралық ғарыш стансасына ғарышкерлер мен жүк жеткізе алатын - жалғыз “Союз” кемесі болып отыр. Келесі жолы халықаралық ғарыш стансасына “Дисковери” атаулы ғарыш кемесін ұшыру жоспарланған тәрізді.

Ресейдің жер бетіндегі ғарыштық басқару орталығының диспетчерлері дүйсенбі күні “Союз” кемесінің қазақтың бетпақ даласына қонуын қадағалап отырды. Тар ғарыштық модуль жерге ресейлік ғарышкер Сәлижан Шәріпов пен американдық астронавт Лерой Чяоны алып жетті. Екеуі халықаралық ғарыш бекетінде өткен жылдың қазан айынан бері болды. Қазір халықаралық бекетте ғарыштық зерттеулердің Еуропалық басқармасы атынан ұшқан италияндық ғарышкер Роберто Виттори қалды.

Жерге қонған ғарыштық модульді Байқоңырға жеткізу ауа райының бұзылуы салдарынан қиынға соқты. Бір апта бойы себелеп жауған қар аралас жаңбырдан кейін осы ауданға жіберілген 10 тікұшақтың үшеуі ғана жерге қона алды. Модуль жеткізілген соң Ресейдің ғарыш агенттігінің жетекшісі Анатолий Перминов айтарлықтай ешқандай проблема болған жоқ деп мәлімдеді.

- Барлығы ойдағыдай өтті, барлығыңызды құттықтаймын: барлығы дін аман. Өздеріңіз де естідіңіздер, ғарыш аппаратынан барлығы аман шықты, - деді Анатолий Перминов.

АҚШ-тың НАСА ғарыш агенттігінің ресейлік ұшыру орталығында болған өкілі Уильям Ридди ондағы жұмысқа жақсы баға берді.

- Біздің ресейлік әріптестеріміз ауа райының бұзылуына қашан да дайын екенін және жерге қонған ғарышкерлерді аман-есен алып шыға алатындарын тағы да айқын көрсете білді, - деді Уильям Ридди.

Ресейдің де, Американың да ғарыштық агенттіктерінің бірінші кезекте ойлайтыны - қауіпсіздік мәселесі. Ресейдің ғарыш мамандары 2003 жылдың мамыр айында болған қателікке осы дүйсенбіде жол бермеді. Ол кезде компьютердің жіберген ағаттығынан халықаралық ғарыш бекетінен қайтқан “Союз” кемесі белгіленген ауданнан 400 шақырымдай қашықтыққа ауытқып қонған болатын.

Арада 2 жылдан көп уақыт өткен соң АҚШ-тың ғарыштық НАСА агенттігі де халықаралық ғарыш бекетіне сапарын қайта жалғастырмақшы. Шаттл кемелерінің ғарышқа сапары 2003 жылдың ақпан айында “Коламбия” атаулы ғарыш кемесінің Тексас штатының үстінде апатқа ұшырап, 7 астронавтың қаза болуынан кейін уақытша тоқтатылған-ды.

Өткен жексенбіге қараған түні халықаралық ғарыш бекетінен бөлінердің алдында “Союз” кемесі стансада ғарышкерлердің жаңа командасын қалдырды. Енді орыс ғарышкері Сергей Крикалев пен американдық астронавт Джон Филлипс америкалық шаттл кемелерін қарсы алу үшін халықаралық ғарыш бекетінде 6 айдай кезекшілік етеді.

Алайда шаттл кемесінің ұшуы бұрын белгіленген мезгілден сәл кешіктірілетін тәрізді. Алғашқыда шаттлдың ұшуы мамыр айының екінші жартысына жоспарланған-ды. Бірақ, өткен аптада НАСА агенттігі ғарыш кемесінің ұшуы шамамен мамырдың 22-інен маусымның 3-іне қалуы мүмкін екенін хабарлады. НАСА өкілдерінің мәлімдеуінше, кеменің қауіпсіздігіне толық көз жеткізу керек болып тұр. “Дисковери” кемесінің қауіпсіздік менеджері Сьюзан Джонсон былай деп атап көрсетті:

- Жүйенің жақсы жұмыс істейтініне көз жеткізу үшін мәшине бөлімін күнде тексеру керек. Біз кеменің моторынан ештеңенің ақпайтынына толық көз жеткізуіміз керек. Біз, сондай-ақ, компьютерлік бағдарламаның да ойдағыдай жұмыс істейтініне әбден қанығуымыз қажет.

Осы айдың басында НАСА агенттігі шаттл кемесін Флорида штатында орналасқан Кеннеди атындағы ғарыш орталығының ұшыру алаңына шығарды. Халықаралық ғарыш бекетіне жеткізілетін “Рафаелло” атаулы жүк контейнері кемеге көкек айының соңына қарай артылуы тиіс. “Дисковери” кемесін ғарышқа Эйлин Коллинз деген ғарышкер әйел бастап ұшады.

Бұл оның ғарышқа осымен 4 рет сапары болайын деп тұр. Э.Коллинздің айтуынша, ол шаттлдың қауіпсіз екеніне екі жыл бойы көз жеткізді. Ол НАСА агенттігінің айға және алғаш рет Марс жұлдызына адам ұшыру мақсатындағы ұзақ мерзімді жоспарына шаттл жол салады деп қарайды. Ал Мәскеуде ұшуды басқаратын орталықтың өкілі Валерий Линдин:

- “Дисковери” мен “Атлантис” шаттл кемелері ғарышқа ұшуын қайта жалғастырғанша, Ресейдің “Союз” кемесі ғарышқа жылына екі рет ұшып қайтады, -деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG