Accessibility links

Жүкті әйелді4 жұмыстан шығарылуын сот заңды деп тапты


Астананың Сарыарқа аудандық сотында «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» басшылығы мен есепші Гүлжан Тайжанның арасындағы еңбек дауын қарай келе, судья Шолпан Нүсіпова акционерлік қоғам басшылығының келісім шарт мерзімі аяқталуына орай өз қызметкерін жұмыстан босатуын заңды деп тапты.

«Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамының басшылығы Гүлжан Тайжан есімді бұл әйелді осыдан бірнеше ай бұрын аяғы ауыр кезінде жұмыстан шығарып жібергеннен кейін ол әділдік іздеп, сотқа шағымданған болатын. Жақында ғана нәрестелі болған Гүлжан Тайжанға енді алдағы он күн мерзім ішінде жоғары инстанцияға шағымдануға құқылы екені ескертілді. Сарапшылар мен кәсіподақ жетекшілері Қазақстанда жұмыс істеп жүрген жас аналар жүкті болған жағдайда, олардың жұмыстан заңсыз шығарылуын реттейтін заң нормаларының жоқ екендігін айтады.

Гүлжан Тайжанның арызы бойынша азаматтық істі қарауды бұған дейін Сарыарқа аудандық соты жауапкер «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамы тарапынан тиісті құжаттары толық болмағандықтан екі рет кейінге қалдырған болатын. Көкектің 29-ында Астана қалалық прокуроры Мырзадиновтың қарсылығына байланысты судья Шолпан Нүсіпова екі тарапты тыңдап шығып, арыз берушінің шағымын қанағаттандырмай тастады. Ал Гүлжан Тайжан болса, сот барысында «Еңбек туралы» заңның 25-бабы мен 27-бабы бір-біріне қайшы келетіні анықталғанын айтады.

Республика Президенті жанындағы Отбасы және ана мен баланы қорғау комиссиясының мүшесі, сенатор Светлана Жалмағамбетованың айтуынша, өткен жылғы желтоқсанның 24-інде өзгерістермен қабылданған «Еңбек туралы» заңның шикілігі біліне бастаған.

- Заң бойынша жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі баласы бар аналарды жұмыстан шығаруға жұмыс берушінің қақысы жоқ. Алайда, жұмысшымен жасалған жеке келісім шартты біржақты бұзған мекемелерге қолданылар шара да қаралмаған, - дейді сенатор С.Жалмағамбетова.

Қазақстанның Тәуелсіз кәсіподақтар ұйымы төрағасының орынбасары Талас Сағымбаев барлық мәселенің екі жақты келісім шарт негізінде қаралғаны жөн деп санайды. Ана мен баланы қолдау үкіметтік тұрғыда атқарылуы тиіс деген пікірде. Өйткені, қызметкердің жүкті болуына байланысты төрт айлық жалақы көлемінде ақша төлеуді бюджеттік мекеме мойнына алғанымен, жеке меншіктегі кәсіпорындар оны орындамайды деп отыр.

Қазақстан Кәсіподақтары Федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев болса, барлық мекемеде бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылған жағдайда ғана жұмысшының құқығы бұзылуына кәсіподақтың республикалық басшылығы араласа алады, - дейді.

Сарыарқа аудандық сотының отырысында екі тарапты тыңдау барысында аңғарылғаны - «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамы есепші Гүлжан Тайжанға жүкті болуына байланысты жәрдемақы төлеуден бас тартып, келісім-шарт уақытының мерзімі бітуіне байланысты, оны жұмыстан шығарып, орнына басқа адамды жұмысқа алмақ болған. Бұған ол келіспей отыр.

Қазақстан Президенті жанындағы Отбасы және ана мен баланы қорғау комиссиясының мүшесі, сенатор Светлана Жалмағамбетованың айтуынша, депутаттар жүкті әйелдерге жәрдемақы төлеуді мекемелерден алып, оны Еңбек және әлеуметтік қолдау министрлігіне міндеттеу жайын ұсынып отыр екен.

Сенатор Светлана Жалмағамбетованың айтуынша, 2006 жылдан бастап қолданыста болатын жаңа заңдарға сәйкес, республикада әлеуметтік сақтандыру тәртібі енгізілмекші. Мекеме өзінде еңбек ететін әрбір жұмысшының әлеуметтік сақтандыру қорына қаржы аударуы тиіс. Алдағы уақытта әйелдердің жүктілігіне байланысты жәрдемақы сол қордан төленетін болады.
XS
SM
MD
LG