Accessibility links

Қазақстан уран шығарудан әлемде үшінші орынға шықты


АҚШ-тағы ядролық отын мәселелері жөніндегі апталық мәліметі бойынша, Қазақстан әлем бойынша, уран шығаратын елдердің арасында үшінші орынға шыққан. Бірінші орында Канада, ал, екінші орында Австралия тұр.

Ал, Қазақстанның уран шығаратын "Казатомпром" ұлттық компаниясы өз табысын екі есеге дейін ұлғайтып, 6 миллиард теңгеге жеткіземіз деген мәлімдеме жасады. Бірақ, кейбір экологтар уран өндірісін көбейтуге қарсылық білдірді.

"Казатомпром" - уран сатуға рұқсаты бар жалғыз кәсіпорын. Қазір оның құрамында Үлбі және Степногорск сияқты елді мекендерде 3 зауыты бар. Бастапқы кезде кәсіпорын неміс банктерінің біреуінен 25 миллион доллар несие алған болатын. Бертін келе компания өз құнды қағаздарын шығара бастады. Қазір құнды қағаздардың 100 пайызы мемлекет меншігінде. Бірақ, қазақстандық уран толығымен дерлік шет елге шығарылады.

Өйткені, Қазақстанда тек Маңғыстау облысында ғана бір атом стансасы бар. Сондықтан, елдегі ішкі тұтыну мөлшері аз дейді мамандар. Оның үстіне, бұл атом стансасы қазір тоқтап тұр. "Казатомпром" компаниясының баспасөз қызметкері Аида Абсалямованың айтуынша, егер үкімет атом стансасын салу керек деген ұсыныс жасаса, компания оны қолдайды.

Бұған дейін, энергетика министрі Владимир Школьник Балқашта атом стансасын салу керек деген ұсыныс жасаған болатын. Бірақ, «Невада-Семей» қозғалысының белсендісі Мақсым Омарбековтың айтуынша, экологтар ондай станса салынса Балқаштағы судың температурасын көтереді және лаңкесшілерден қауіп төнеді деген пікір білдірген:

- Қазақстанда атом электр стансасын салудағы еш экономикалық, әлеуметтік қажеттілігі жоқ. Ол халықтың психологиясына, болашаққа деген сеніміне зиян келтіреді. Уранды көбейту немесе атом стансасын салу деген ойларға киліктірмеу керек.

Негізінен, уран Америка Құрама Штаттарының атом электр стансаларына ядролық отын ретінде сатылады. Оның сыртында, Кореяға жыл сайын мың тонна уран сату жөнінде келісім жасалған. Қазір, Ресейге де уран сату мәселесі қарастырылып жатыр. Ұлттық компания президенті Мұхтар Жәкішевтің айтуынша, алдағы жылдары Қазақстан әлемдегі уран өндіретін кәсіпорындар ішінде бірінші орынға шықпақ.

Қазақстанның бас еңбек инспекторы Серікқали Бисеқаевтің айтуынша, «Қазатомпром» компаниясы жоғары технологиялармен жұмыс істейді, сондықтан, онда аурулар саны кемде кем:

- 1960-70 жылдардағы технологияларды қазіргімен салыстыруға болмайды. Мысалы, шахтадағы көмірмен істейтіндер арасында 100 адам кәсіби аурумен ауырса, уранмен істейтіндерде тек 2-3 адам болады.

"Казатомпром" компаниясының баспасөз қызметкері Аида Абсалямова, кәсіпорын тарихында радияциядан ауырған жұмыскерлер жоқ дегенді айтады.

Мамандардың есебіне қарағанда, қазір Қазақстандағы уран қоры әлемдегі қордың 25 пайызын құрайды екен. Тек барлаудан өткен қордың арқасында Қазақстан 1 миллион тонна уран шығара алады. Ал, әлемде жыл сайын уранның 5 мың тоннасы іске жаратылады. Демек, Қазақстандағы уран қоры арқылы әлі көптеген жылдар бойы табыс табуға болады дейді мамандар.

Бастысы, Қазақстандық уранды табу жолы басқа елдермен салыстырғанда оңай, сондықтан, оның өзіндік құны да айтарлықтай қымбат емес деген пікір бар. Экономист Атамұрат Шаменннің айтуынша, қаржы табатын Қазақстанда басқа да қуат көздері бар:

- Уранды қоя тұру керек. Басқа көздері де бар емес пе: жел бар, су электр стансалары бар. Бірақ, әрине, экономикаға тиімді, алайда, оның екінші жағы да бар екенін ескерген жөн.

Ал, «Қазатомпром» компаниясының өкілдері уранмен жұмыс істейтін кәсіпорындар қаупсіз дейді. Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Қайрат Тарбаевтің айтуынша да, «Қазатомпром» компаниясы халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейді:

- Төтенше жағдай министрі «Қазатомпромға» кіретін кәсіпорындарда болды. Сонда айтқаны, «Компанияның өндіріс технологиялары халықаралық стандарттарға сай».

Бірақ, қазір уранның әлемдік бағасы қырғи-қабақ соғыс кезімен салыстырғанда күрт төмендеп кеткен. Салыстыратын болсақ, бірнеше жыл бұрын уран бағасының бір килограммы 100 доллар шамасында тұрса, қазір оның бағасы 50 доллар шамасында. Бірақ, ұлттық компания өкілдерінің айтуынша, бағаның төмендеуі де жаман нышан емес. Өйткені, әлемдегі уран шығаратын шағын кәсіпорындар жабылып қалуы мүмкін, ал, бұл әлемдегі бәсекелестікті азайтады дейді олар.
XS
SM
MD
LG