Accessibility links

Баспасөзге шолу. 5 мамыр 2005 жыл


Бейсенбі күнгі газеттерде 2005 жылдың 2 мамырында Шымкентте алдағы президент сайлауына түскелі отырған Жармахан Тұяқбайға жасалған қастандықтың тарихы баяндалыпты.

“Свобода слова” басылымында жарық көрген “Әділетті Қазақстан үшін” демократиялық күштері блогы президиумының мәлімдемесінде 2005 жылдың 2 мамырында Шымкентте алдағы өтетін президент сайлауына түскелі отырған Жармахан Тұяқбайға жасалған қастандықтың тарихы баяндалыпты.

Аталмыш мәлімдемеде келтірілген деректерге жүгінсек, Жармахан Тұяқбай мен оппозиция өкілдерінің “Турист” қонақ үйіндегі облыстық конференциясы басталатын кезде бір топ жастар қонақүйге шабуыл жасаған. Олар қонақүйдің ішін талқандап, терезелерін шағып тастаған. Газет тілшісінің хабарлауынша, олар неше түрлі боғауыз сөз айтып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдайтындықтарын білдіріп айқайлаған.

“Әділетті Қазақстан” демократиялық күштердің блогы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан осы орын алған оқиғаға байланысты өзінің бағысын беруін талап етіпті. Сондай-ақ, осы мәлімдеме арқылы “Әділетті Қазақстан” демократиялық күштердің блогы алдағы президент сайлауында бағын сынағалы отырған Жармахан Тұяқбайға қарсы Шымкентте жасалған қастандық әрекетті құқық қорғау орындарының ұйымдастыруымен жасалып отырған биліктің арандатуы деп бағалапты.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Жас Алаш” газеті және “Жұма таймс/Дата недели” апталығында “Әділетті Қазақстан” қозғалысының төрағасы Жармахан Тұяқбайдың Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған ашық хаты жарық көріпті. Мемлекет басшысының атына жолдаған ашық хатында Жармахан Тұяқбай соңғы 20 күннің ішінде өзіне қоғамдық іс-шаралар өткізу барысында белгісіз адамдар тарапынан шабуылдардың жасалып жатқандығын хабарлапты.

Өз хатында Жармахан Тұяқбай айтылған сөздерін растайтын фото және бейнетаспаларға түсірілген қажетті барлық куәліктер мен құжаттарды құқық қорғау органдарына тапсырғандығын да баяндапты.

“Жұма таймс/Дата недели” апталығында жарық көрген Бақыткүл Мәкімбайдың мақаласында “Әділетті Қазақстан” қозғалысының облыстық жиынына бөгет жасау үшін 32 мектеп оқушыларының автобусқа тиеп әкелінгендігі туралы дерек келтіріліпті. Мақала авторының айтуынша, осы оқиға орын алған кезде қонақ үй маңын айнала қоршаған полиция ештеңеге араласпай, тек қана тамашалап тұрған.

Шымкентте орын алған оқиғаға байланысты қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен саясаткерлер де “Жас Алаш” басылымы арқылы өз ойларын білдіріпті. Саясаттанушы Ерлан Қарин бұл жағдайды билік үшін үлкен минус ретінде бағалапты. Оның пікірінше тұрақтылық жағдайында осындай әрекеттерге бару арқылы биліктегілер жағдайды одан бетер ушықтырып отыр.

Жазушы Ғаббас Қабышұлының пікірінше, Шымкенттегі Жармахан Тұяқбайға қарсы жасалған қастандық әрекеті алдын-ала ұйымдастырылған шара болуы ықтимал. Ғаббас Қабышұлының айтуынша, бұл демократияны тұншықтырып, оппозицияның тұқымын құртайық деген сұмдық тірліктің көрінісі ғана. Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы “Жас Алаш” басылымы арқылы биліктің осындай сорақы әдістерімен қорқытамын деген әрекеттерінен еш нәтиже шықпайтындығын мәлімдепті.

Сондай-ақ, “Жас Алаш” газетінде жарық көрген “Шымкенттегі сойқанды ұйымдастырған кім?” деген мақалада Жармахан Тұяқбай мен Алтынбек Сәрсенбайұлын күзетіп жүрген азаматтардың ауыр жарақат алғандығы баяндалыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, бұзақылар күзетшілерді басынан темірмен ұрып, қабырғаларына зақым келтірген. Жармахан Тұяқбайдың көмекшесінің қолы сүйегіне дейін кесіліп кеткен. Сондай-ақ, мақалада Шымкенттегі оқиға кезінде Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Жармахан Тұяқбайдың екінші қабаттың балконынан секіріп кетуге мәжбүр болғандығы да айтылыпты.

“Время” газетінде жарық көрген “Қарапайым фашизм” атты мақалада Шымкентте болған оқиғаның тарихы баяндалып, бұзақылық әрекеттерге барған жастардың алдағы президент сайлауына түсетін кандидат Жармахан Тұқябайды кім екендігін білмейтін болып шыққандығы тілге тиек етіліпті. Мақалада, сондай-ақ, сол күні кешке облыстық телеарнадан оппозиция өкілдерін қаралаған хабардың берілгендігі де баяндалыпты.

“Сөз” газетінде жарық көрген “Шымкенттегі шексіздік” атты мақалада “Әділетті Қазақстан” қозғалысының басшылары Шымкент қаласына келіп, халықпен кездеспек болған кезде, бұзақы топтың бір-бір орындықты алып, дастарханды жайратып салғандығы хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, аз ғана уақыттың ішінде айнала қираған, сусындар төгіліп, нандар табанның астында тапталған. Бұзақылар стол үстіндегі ыдыс-аяқты “Әділетті Қазақстан” қозғалысы басшыларына қарай лақтырған.
XS
SM
MD
LG