Accessibility links

Қазақ заң академиясы оқытушылары Астана әкімдігінен үй даулайды


Мамырдың 6-сы күні Астана әкімшілігі мен Қазақстанның мемлекеттік заң академиясы оқытушыларының арасында тұрғын үйге қатысты дау-дамай басталды.

Есілдің сол жағалауынан аталған оқу орнының оқытушылары үшін салынған үй пайдалануға берілер қарсаңда басқа біреулердің иелігіне өтіп кеткені белгілі болып отыр. Ал, оқытушылар үлескер ретінде ақшаларын төлеп қойған. Мұғалімдердің айтуынша, президенттің соңғы жолдауында ұстаздардың жағдайы жақсартылады делінгеніне қарамастан, ұстаздарға ескерілген пәтерлер енді үкімет мүшелеріне өтуі мүмкін.

Астанадағы қазақ мемлекеттік заң академиясының 50-ге жуық ұстазы Астана әкімі Өмірзақ Шүкеевтің атына үйімізді қайтаруға көмектесіңіз деген хат жазды. Осыдан екі жыл бұрын мұғалімдер салынып жатқан үйге қаржылай үлестерін қосқан екен. Арнайы экономикалық аумақта Есілдің сол жағалауында әр шаршы метрі 55 мың теңгеге бағаланған үйдің құрылысы қазір аяқталып қалды.

Тоғыз қабатты ғимараттың шатыры жабылып, ішкі құбырлары салынып жатқан. Бірақ, Астана әкімінің қаулысымен бұл үй тұрған жер мұғалімдерге ешбір түсіндірместен, мемлекет қажеттілігіне деп әкімшілікке берілген дейді мұғалімдер. Үкіметтік емес ұйымның төрағасы, заңгер Марат Башимов әкімшіліктің жерді алу туралы шешімі заңға қайшы дейді:

- Екі жыл болды, ақшаларын төлеп, үй салынып қойған. Енді, үйді тартып алып, инвесторға беру заңсыздық. Ол біздің Конституцияға, халықаралық талаптарға сәйкес келмейді.

Заңгер Марат Башимов, тіпті осы жерді алып отырған компания мұғалімдерге ақшасын қайтарып берген күннің өзінде де мұғалімдер ұтылып қалады деп отыр:

- Бір шаршы метріне 450 доллар екі жыл бұрын төлеп қойған. Сол ақшаға олар сол кезде жақсы пәтер алуына болар еді. Қазіргі инфляцияны ескерсек, ол ақша 750-800 доллар тартып кетеді.

Астанада осы мәселеге байланысты баспасөз мәслихатын өткізбекші болған мұғалімдер кейіннен, журналистерге баспасөз мәслихатын ерте жинаппыз, әкімшілік бізді әзірге шу шығармаңдар деп сұрады деп ағынан жарылды. Астанадағы қазақ мемлекеттік заң академиясының мұғалімі Мұратбектің айтуынша, ол оқу орнының ректоры Мақсұт Нәрікпаевтан осы мәселеге байланысты түсініктеме сұраған екен:

- Мемлекет үйі бізден жерді тартып алды деді. Сосын қалалық әкімшілікке бардық. Олар біз «Адони» фирмасына бергенбіз. Бірақ, оның ішінде сіздердің үлестеріңіз жоқ. Ал, университет 10 пәтерді өз қызметкерлеріне тегін бермекші болған деді. Бұл қалай, біз 20 шақты адам ақшасын төлегенбіз. Басқалары үштен бірін төлеген. Қызмет бабымен алатындар бар. Соған «Адониге» хабарлассақ, телефондары алмайды.

Мұратбектің айтуынша, Астанаға жұмыс іздеп келгенде, Қазақстанның бірнеше облысынан жиналған мұғалімдер өз пәтерлерін сатып келген болатын. Осы уақытқа дейін жаңа пәтерге кіреміз деген үміті бар мұғалімдер енді далада қалатын болды дейді ол:

- Мен өз үйімді саттым, ақшасын салдық. Қазір пәтерде тұрып жатырмыз. Жылдан жылға қымбаттап барады. Сосын біз сіздерді шақырдық. Не үй, не ақша жоқ. Ал, әкімшілік 11 – не дейін шу шығармаңдар деді.

Астана әкімінің баспасөз хатшысы Анар Құсайынова бұл мәселе жөнінде әзірге ақпарат беруге ерте, өйткені лауазымды адамдар тек 1 аптадан соң ақпарат береміз деген жауап қайтарған деді.

Мұғалімдердің айтуынша, әкімшілік бұл жерді Алматыдан келген инвесторға бермекші. Қазақстан президентінің жолдауындағы мұғалімдерге көрсетілетін көмектің бәрін Астана әкімі теріске шығарып отыр, дейді мұғалімдер. Соңғы жолдауында Қазақстан президенті биыл тұрғын үй құрылысы бағдарламасының шеңберінде, бюджеттен бөлінген қаражаттың есебінен ғана халықтың әлеуметтік қорғалатын топтары үшін 1600 пәтер салу және ипотекалық бағдарлама бойынша, халықтың қолы жететін арзан 11 700 пәтер салу қажет деген болатын.
XS
SM
MD
LG