Accessibility links

Қазақстанда әлеуеті мол туризм саласы дамымай жатыр


Туристік бизнес өкілдері Қырғызстандағы саяси ахуалға байланысты Қазақстан туризмінің келешегін айқындайтын ұрымтал сәт туды, оны қалт жіберуге болмайды деп есептейді.

Биыл Ыстықкөл жағалауы қазақстандық демалыс орындарымен бәсекелесе алмайды. Соны пайдаланып Қазақстанның Каспий теңізі, Балқаш, Алакөл көлдері, Шортанды-Бурабай курорттық аймақтары мен Қапшағай су қоймасы сияқты қолайлы жерлерден жаңа демалыс орындарын ашып, туристік бизнесті дамытуды, қызмет көрсету деңгейін жаңа сапаға көтеруді жедел қолға алу қажет деген пікірлер айтылып жатыр. Алайда, жергілікті жерлердегі шенеуніктер қоятын бөгеттер – үлкен мәселеге айналып отырған көрінеді.

Экономист Атамұрат Шаменнің айтуынша, туризм саласының қомақты қаржы көзі екендігін айтады:

- Бюджеттің 60-70 пайызы туризмнен болады деп айта алмаймын болашақта. Өйткені, бізде басқа байлығымыз басып тастап отыр. Бірақ, ерте ме, кеш пе, түбі табиғат байлығы таусылады.

Алматының іргесінде орналасқан Қарғалы шипажайының маманы Светлана Акритидистің айтуынша, қазір қазақстандықтардың көбі Қазақстанда дем алып емделгісі келеді, өйткені, шет елдерде мұндай қызметтер қымбат. «Әлем-тур» туристік компаниясының маманы Марина Самоделкованың айтуынша, Қазақстанға көршілес елдермен визаларын реттеп алу керек. Сонда демалушылар көп болады дейді ол. Мысалы, Түркияға қазақстандықтар отбасымен визасыз барып дем алуына жағдай жасалған.

Қазақстанның туризм нысандарын Каспий теңізінде, Қапшағайда, Бурабайда, Балқаш пен Алакөлде салу жоспарланған. Шенеуніктер туризмнің табысты көп әкелетін түрлерін дамыту керек дейді. Ол - сауықтыру орталықтарымен өзен, көл, теңіз жағалауларында дем алатындар үшін жасалатын нысандар. Бұл жұмыстар, әсіресе, Қапшағайда қызу жүргізіледі.

Жылдың 5 айында суы жылы болып тұратын Қапшағайда қазір аквопарк салынған, енді жергілікті Лас-Вегас іспеттес сауықханалар салу көзделіп отыр. Ал Астанадағы «Әлем-тур» туристік компаниясының маманы Марина Самоделкованың айтуынша, Қазақстанда балалардың демалысына арналған лагерлер жеткіліксіз. 300 орынға ескерілген лагерлер маусым кезінде тағы осынша төсек алуға мәжбүр дейді ол.

Өткен жылы туризм саласынан түскен жалпы табыс 26 миллиард теңгеден асқан. Тек салық түрінде ел бюджетіне 5 миллиард теңгеге жуық ақша түскен екен. Сондықтан, бұл бизнес түрі маусымдық болса да табысы көп дейді туризм агенттігінің өкілдері. Экономист Атамұрат Шаменнің айтуынша, туризм саласы саясатпен тікелей байланысты:

- Туризм өзі саясат. Қазақстан жағдайын көрген адамдар өз елдерінде Қазақстан насихатшысы болып оралады.

Кәсіпкерлер болса, бұл салаға қаржы салуға болады, бірақ, құжаттарды толтырып, келісім алу ұзаққа созылып кетеді деген пікірде. Жерді жалдап, оған туристік нысанды салып, коммуникация өткізуге рұқсат алу үшін бір жылдай уақыт кетіп қалатын жағдайлар болып тұрады дейді кейбір кәсіпкерлер.

Егер осы олқылықты шешсе туристік салада құрылыс нысандары күрт ұлғаятын еді дейді олар. Кәсіпкер Төретай Аманбаевтің айтуынша, туризм саласына ақша салуға болады. Егер, жағдай жасалса, кәсіпкерлер ақша тауып, тұрғындар дем алып, мемлекет салық жинап алар еді дейді ол:

- Былтыр мен Бурабайда дем алдым, бәрі жақсы. Ақшаны салуға болады. Қазақстанда Қапшағай, Бурабай, Тарбағатай - қандай табиғат! Министрлер кабинетінде әңгіме болады. Жылдан жылға жақсарта берсе ол үкіметке де бюджетке де пайда түсіреді.

Шенеуніктердің айтуынша, туризм кластері келесі жылдан бастап жұмыс істей бастайды. Қазір инвесторларға тиімді болу үшін, жерді жалға беру мерзімін 45 жылға жеткізу қарастырылып жатыр. Сонда кәсіпкер туризмге салған ақшасын қайтарып, одан табыс тауып үлгереді.

Қарғалы шипажайының маманы Светлана Акритидистің айтуынша, қазақстандықтардың қаржылай мүмкіндігі жөнделмейінше, туризм кластері жұмыс істемейді. Шипажайлар көбінесе қалталы азаматтар тұратын Батыс Қазақстан тұрғындарына көп үміт артады.

Сарапшылардың пікірінше, шет елдік инвесторлар көбейіп кетсе, қазақстандықтар туризм нысандарында тек қызмет атқарушы болып қалуы мүмкін. Сондықтан, туризм саласында жұмыс істейтін шенеуніктер жергілікті кәсіпкерлерді ынталандырмақшы.
XS
SM
MD
LG