Accessibility links

Жанкештілер Ирақ халқын үрейде ұстағысы келеді


Сәрсенбіде Ирақта жанкештілер жасаған бомбалық шабуылдардан кемінде 71 адам қаза болып, 100-ден астамы жараланған. Негізгі нысана Ирақ әскері мен полиция бекеттері, орталықтар болғанымен, бұл жарылыстардан көптеген жазықсыз жандардың өмірін қиып жатыр.

Лондондағы Жейн Сентайнл ұйымының Таяу Шығыс бойынша сарапшысы Жереми Биннейдің айтуынша, жанкештілер жүзеге асырып жатқан бомбалық шабуылдар өсе түсуде. Және оны тоқтату мүмкіндігі шамалы ғана болып тұр. Ирақтағы АҚШ күштеріне қарсы тұру үшін елге еніп жатқан шетелдік шабуылшылар осы жарылыстарға кінәлі деп біледі көпшілік. Сарапшының айтуынша, шекараны күзету ісінде АҚШ солдаттары қолдан келгенінше қызмет етуде. Алайда, олар аса күрделі қиындықтарға бетпе-бет келіп отыр.

Көтерілісшілерді ауыздықтау үшін АҚШ өкілдері әскери шаралардан гөрі Ирақтың қарапайым халқының ықыласы мен жүрегін жаулап алуға көп күш салуы тиіс. Алайда, халықтың зор қолдауы аздаған топ тарапынан ұйымдастырылатын жанкештілік шабуылдарды тоқтата алмай отыр.

- Ирақта өрістеп кеткен жанкештілік бомбалық жарылыстардың алдын-алу қиын болып кеткен. Тіпті, сүнни мұсылмандарының көпшілігінің тілін тапқан күнде де, егер мұнда аз ғана орталық күш қалған болса, олар мұнда бәрібір құпия түрде жанкештілерді өткізіп, шабуылдарды жасай береді, - дейді Ж.Бинней.

Оның айтуынша, талайлардың жүрегіне қорқыныш ұялататын алапат жарылыстарды жүзеге асыру үшін көп адамның қажеті де жоқ. Жалғасты бомбалық жарылыстар ұйымдастыру арқасында алғашқы жарылыстан запа шеккендерге көмектесу үшін ұмтылған адамдарды да жер жастандыруға болады екен.

Сарапшы Ж.Биннейдің айтуынша, негізгі айыптаулар шетелдік шабуылшыларға қарай бағытталғанымен, Ирақтың бұрынғы бегзаттық үкімет мүшелерінің бұл шабуылдарға қатысы жоқ деп айта қою қиындау. Ирақтағы түрлі көтерілісшілер мен идеологиялық топтар арасындағы айырмашылықтар түсініксіз боп барады дейді сарапшы.

Оның айтуынша, өткен аптада АҚШ әскерилері Бағдаттағы аман қалған үйге рейд жасаған екен. Одан йемендік шабуылшының хаты табылыпты. Хатта жазылғанындай, шетелдік ол ерікті жігіт Бағдатқа жеткізіліп, онда ол саудиялық жауынгер қарамағына тапсырылады. Көлікті жаруға арналған бомбалар жасаумен айналысатын ол жігіт өз кезегінде ирақтық бір жігітке бағынышты екен.

- Ал ол ирақтық азамат бұрынғы биліктің өкілі боп шықты, - дейді Бинней мырза.

Биннейдің айтуынша, жанкештілер жүзеге асырып жүрген бомбалық жарылыстар алғаш рет 1980-жылы Ливанда Хизбуллах мүшелері тарапынан АҚШ және Франция әскери нысандарына қарсы жасалған екен. Содан кейін палестиналықтар тарапынан Израйльге қарсы бірнеше рет жүзеге асырылып келе жатыр. Ал, ондай жанкештілер қадамдары әлеумет тарапынан қолдау тауып отырады екен. Себебі, жанкештілер діни көзқарас жағынан арнайы тәрбиеден өткен. Осындай шабуылдар барысында қаза болғандар тағдыры мақтан тұтылады дейді сарапшы Биней.

Сондай-ақ, жанкештілік шабуылдар Батысқа тарай қойған жоқ, сондықтан бұл - Таяу Шығыспен шектелетін проблема деп қарау қате болар еді.

- «Тамиль жолбарыстары» деп аталатын бекзаттық көтерілісші топ Шри-Ланкада жанкештілік бомбалық жарылыстарды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді, - дейді сарапшы.
XS
SM
MD
LG