Accessibility links

Баспасөзге шолу. 14 мамыр 2005 жыл


Сенбі күнгі газеттер Өзбекстанның Әндіжан қаласына басып кірген топтың түрмеге шабуыл жасап, бірнеше мың тұтқынды босатып жібергендігі хабарланыпты.

“Жас Алаш” басылымының сенбі күнгі санында жарық көрген Шадияр Естемірұлының мақаласында Өзбекстанның шығысындағы Әндіжан қаласына басып кірген топтың түрмеге шабуыл жасап, бірнеше мың тұтқынды босатып жібергендігі хабарланыпты.

Мақала авторының хабарлауынша, қарулы топ Әндіжан әкімшілігі мен қауіпсіздік қызметінің ғимаратын басып алып, он шақты полиция қызметкерін кепілдікке алған. Қаланың орталық алаңына елу мыңнан астам адам жиналып, шыққан. Олар президент Ислам Кәрімов пен үкіметтің отставкға кетуін талап еткен.

Мақалада мысалға келтірілген мәліметтерге сүйенсек, Өзбекстанның ақпарат көздерінде Әндіжандағы оқиға туралы мәлімет аз. Газет тілшісінің хабарлауынша, түрмеге шабуыл жасалардан жарты сағат бұрын қарулы топ Әндіжанның бір ауданында орналасқан әскери қалашыққа басып кірген.

“RBC daily” басылымының мәліметтеріне қарағанда Әндіжанда “исламдық экстермизмге қатысы бар” деп тұтқындалған жастардың ісін әділ қарауды талап етушілер бірнеше аптадан бері үлкен шеру өткізіп жатқан көрінеді. Кейбір сарапшылар Әндіжаннан тұтанған өрттің ұшқыны басқа да қалаларға және Орталық Азия елдеріне жетіп, үлкен “ислам революциясына” ұласып кетуі мүмкін екендігін айтады.

“Айқын” басылымында Өзбекстан президенті баспасөз қызметінің Әндіжандағы болып жатқан оқиғаның салдарынан әзірге 9 адам қаза тауып, 34 адамның жараланғандығы туралы мәлімет таратқандығы айтылыпты. Мақалада мысалға келтірген деректерге қарағанда, бұл акцияны ресми өзбек билігі экстремистік деп таныған “Акрамия” тобы ұйымдастырған.

Ал, саясаттанушы Досым Сәтпаев “Айқын” газетіне берген сұхбатында Әндіжандағы оқиғаны “Акрамия” тобы ұйымдастырды деген пікірге күдік келтіріпті. Досым Сәтпаевтың айтуынша өзбек билігі бұл ұйымды экстремистік бағытта десе де, аталмыш топтың ұстанған бағыты рухани ағартушылық болып табылады. Сондай-ақ саясаттанушы Досым Сәтпаев Өзбекстанда алдағы уақытта да халықтың бас көтерулері мен толқулары күшейе береді деген қорытынды жасапты.

“Литер” басылымында жарық көрген Равиль Усмановтың мақаласында Әндіжан оқиғасынан кейін саяси элитаны, сарапшылар мен саясаттанушыларды бұл расында да билікті радикальдық исламистік тобының баяып алғысы келген әрекеті ме, әлде кезекті түрлі-түсті төңкеріс пе деген сауалдың мазалай бастағандығы айтылыпты.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Әндіжанда өткен наразылық шеруіне радикалдық діни топ өкілдерінің болғандығы байқалмаған. Ал, сарапшылардың айтуынша Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов оңайлықпен биліктен айырылмайтындықтан, Әндіжан оқиғасынан кейін, жағдай одан сайын шиеленісе беруі ықтимал.

“Экспресс К” басылымында жарық көрген мақаласында Арман Жанов Би-Би-Си ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып, Өзбекстанның шығысындағы Әндіжан қаласына басып кірген топтың түрмеге шабуыл жасауының арқасында 2 мыңңнан астам жазаға кесілгендердің бостандыққа шыққандығы баяндалыпты. Мақала авторының хабарлауынша, бұл түрмеде жазасын өтеп жатқан 4 мыңнан астам адамдардың көбісіне исламистік топқа қатысы бар деген сыңайдағы айып тағылған.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасы Өзбекстанда орын алған оқиғаға байланысты, Қазақстан мен Өзбекстан мемлекетінің арасындағы шекара қызметінің күшейтілгендігі хабарлапты.

Сондай-ақ 14 мамыр күні “Қазақпарат” ұлттық агенттігінен мынандай мәлімет келіп түсті. 14 мамыр күні таңертең Әндіжан қаласында таңертең 6 сағат 30 минутта қаланың орталық алаңында қатты атыс болған. Бронетранспортерлар мен солдаттар облыстық хакимияттың ғимаратын атқылаған.

Ал, сағат сегіз кезінде Бабур ескерткішінің алдына мыңнан астам адам жиналған. Олардың ішінде әйелдер, кәрі адамдар, балалар мен жастар бар. “Қазақпарат” ұлттық агенттігінің хабарлауынша, олар осы атыс кезінде қаза тапқан туған-туысқандарының денелерін алып кеткісі келгендер.
XS
SM
MD
LG