Accessibility links

Наразылық жайлаған Ауғанстанда жағдай шиеленісіп тұр


Елдің бірқатар провинцияларында шерулер жалғасып жатқандықтан, Ауғанстанның қауіпсіздік күштері мен армиясы әскери дайындық сапына келтірілді.

Гуантанамо базасындағы тұтқындардан жауап алу кезінде мұсылмандардың қасиетті Құран кітабы арамдалып, аяқасты болды деп американдық журнал хабар таратқаннан кейін, Ауғанстанда өріс алған Америкаға қарсы наразылық шерулерінде ең кемінде 10 адам опат болған.

Жұма күні Ауғанстанның әр аймағында жалғасқан қарсылықтар кезінде кемінде төрт адам опат болған, сенбі күні де елдің ішіндегі жағдай алаңдатарлықтай күрделі қалыпта еді.

Бұл күні Забул аймағында өткен бейбіт шерулер жөнінде ғана естігендігін Ауғанстан ішкі істер министрлігінің өкілі Лұтфолла Машал Азаттық радиосына берген интервьюінде айтқан. Дегенмен де ол елдің түрлі аймақтарына қақтығыстардың алын алу үшін қосымша күштердің де жіберілгендігін жасырмаған:

- Ауғанстанның полиция күштері, әскері мен басқа да қауіпсіздік органдары түгелдей дайындық сапына келтірілді және шерулер орын алуы мүмкін деген аймақтар мен қалаларға - Бағлан, Герат, Мазари-Шариф, Кандағар, Ғазни, Жалалабад, Лағманға қосымша күштер жіберілді.

Ауғанстанның 10 провинциясында үш күн бойына жалғасқан Америкаға қарсы наразылық ереуілдерінде барлығы 10 адам опат болған. Американдық ''Newsweek'' журналы 9 мамыр күні Гуантанамо базасындағы тұтқындардан жауап алу кезінде американдық тергеушілер мұсылмандардың қасиетті Құран кітабын қорлап, аяқасты етті, терроршылар деп күдіктелгендерді Құранды дәретханаға тастауға мәжбүрледі деген хабар таратқаннан кейін, Ауғанстанда шерулер кең етек алып кеткен еді.

Жұма күнгі қарсылық қимылдары бірқатар аймақтарда орын алды, атап айтқанда Бадахшан, Ғазни, Гардиз провинцияларында шерушілер аймақтық әкімшілік үйіне, халықаралық ұйымдарға шабуылдар жасамақшы болған. Ауған билігі бұндай толқулардың қозғаушы күші - үкіметке қарсы кейбір топтар мен фундаменталист саяси партиялар, бұрынғы Талибан үкіметінің қалдықтары болуы мүмкін деп мәлімдеген. Ауғанстанның ресми билігінің өкілдері бұл ереуілдердің сыртында Ауғанстанда тыныштық пен тұрақтылықтың орнауына қарсы күштер тұрған болуы керек деп мәлімдеді.

Жұма күні Ауғанстанның дінбасылары намазға жиналғандарды американдық тергеушілер Гуантанамо түрмесінде Құран кітабын қорлап, аяқасты етті деп күдіктелген жайтқа қарсы акцияларды қолдауға, бірақ қақтығыстарға жол бермеуге, қантөгістерді болдырмауға шақырған.

Ауғанстан халқының Ислам одағы партиясының жетекшісі Мохаммед қажы Ауғанстанда АҚШ күштерінің тұруы да тұрғындардың көңіл-күйіне әсер етіп, жағдайды өршіте түсуде деген:

- Олар ақылға симайтын тұтқындаулар мен жарылыстар жасайды, әйелдер мен ер адамдардың өлімдері, мұның бәрі елдің шектен шығуына, ашу-ызаларының қайнауына әкеліп соқтырады және оны сіз қай жерден болсын кездестіресіз.

Кабулдың мерзімді басылымдары да сенбі күні қақтығыстарды айыптап, бейбіт шерулер жасауға адамдардың хұқтары бар деп мәлімдеген. Ағылшын тілінде жарық көретін ''Outlook'' газеті Құранды аяқасты ететіндей әрекеттер болса, ол үшін АҚШ кешірім сұрап, мұндай жағдайға кінәлі деген адамдарды тезірек тұтқындап, жауапқа тартуы керек деп жазған.

АҚШ Құран жайында таратылған хабардың мән-жайы тексеріліп, зерттеліп жатқанын айтқан. Ақ үйдің баспасөз өкілі МакКлеллан өз елі мұсылмандардың бұл төңіректегі алаңдаушылығын түсінеді деген:

- Қасиетті Құранды құрметтемеу дегенге АҚШ еш уақытта төзбейді. Біз қазір бұл мәселеге қатты назар аударып отырмыз, АҚШ қорғаныс департаменті оны толық тергеп-тексеріп жатыр, - деді ол.

Ал мұның алдында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс әскери тексерушілердің бұл істі зерттеп-тергеп жатқандығын, Құранды қорлағандар анықталса, олар тиісті жазасын алады деп уәде еткен еді.

Қасиетті Құран аяқасты болды деген хабарларға байланысты наразылық қимылдары жұма күні Пәкістан мен Индонезияда, Палестин жерлерінде де болып өткен.
XS
SM
MD
LG