Accessibility links

Екі күндік қырғыннан соң Әндіжанда тыныштық орнады


Өзбекстанның Әндіжан қаласында көтерілісшілерді үкімет күштері қанға бояп басты. Сол екі күндік оқиғадан кейін, жексенбі күні жағдайдың қалыпты арнада екендігі жөнінде хабарлар түсуде. Бірнеше жүздеген азамат көз жұмып, бірнеше мыңдаған босқындар көршілес Қырғызстанға өтіп кеткен.

Әндіжан қаласында жексенбі күні тыныштық сақталуда. Азаттық радиосының тілшісі Садриддин Ашуровтың Әндіжаннан хабарлауынша, қаланың бас алаңы тыныштықта.

- Жұма күні шерушілер басқосуы өткен бас алаңды қазір өкіметтің әскери күштері бақылауда ұстап тұр. Әндіжандағы жағдай әскери жасақтардың мықты бақылауы астында қалып отыр, - деді Азаттық тілшісі телефон арқылы.

Жұма күнгі күшпен басып-жаншу барысында қанша адамның қаза болғаны әлі белгісіз. Өкіметтің айтуынша 30 адам қаза болған. Ал, хұқық қорғаушы топтар мен куәлардың айтуынша 300-дей адам жер жастанса керек. Олардың көпшілігі - қарапайым азаматтар.

Сенбі күні елбасы Ислам Каримовтың айтуынша, оншақты полиция және солдаттар қаза болғанға ұқсайды. Осы оқиғалар кесірінен Әндіжаннан бірнеше мыңдаған босқын азаматтар көршілес Қырғызстанға өтіп жатыр. Қара су қалашығында ол босқындар полиция өкілдерімен шайқасқан екен. Олардың кейбірі, тіпті, шекараның жабықтығына қарамастан, Қырғыз жағына өтіп кеткен.

Оқиғаның шығу тегі және оны өкімет күштерінің қалай басқандығы төңірегінде жексенбі күні пікірталастар қыза түсті. Елбасы Каримов сенбі күні сөйлеген сөзінде былай деген болатын:

- Олардың мақсаты - Әндіжандағы жағдайды өз мүдделеріне қарай пайдалану болды. Конституциялық заңды билікті құлатып, оның орынына “Ислам халифаты” деп аталатын мүмкін емес мемлекеттің бір бөлімін құрмақшы. Осылайша олар өз билігін, өз өкіметін орнатпақшы болды.

Исламшыл топтар болса, өкіметке қарсы қандай да бір қарулы наразылықтың болғандығын жоққа шығарып отыр. «Хизб ут-Тахрир» исламдық тобының өкілі Имран Вахид Лондоннан телефон арқылы білдірген пікірінде:

- Бұл жолы да Каримов өкіметі “тазы ашуын тырнадан алады” деген саясатпен Исламшыл топтарға бар кінаны жабуға тырысып отыр. Біздің ұйымымыздың бұл оқиғаларға қатысы жоқ. Оның орынына ұйымымыз Каримовты саяси тәсілдермен биліктен кетіруді көздеуде. Өзбекстан, оның ішінде Әндіжан, Ферғана жазығында біз өз жұмысымызды одан әрі жүргізудеміз. Осылайша Ислам халифатының өмірге қайта келіп, билік құруына қажетті жағдайды қалыптастырмақшымыз, - деді Вахед мырза.

Аталған ұйым Өзбекстанда заңсыз деп жарияланған. Лаңкестік әрекеттерге қарсы күресте АҚШ-тың одақтасы боп табылатын Каримов “бүлік ұйымдастыруда” деп айыптап, бұған дейін де Исламшыл осы топқа мүше деген күдікпен талай адамды түрмеге жапқан болатын.

Жұмыссыздық пен кедейліктен әбден запа шеккен Ферғана жазығы Каримов өкіметіне деген наразылыққа толы. Осы проблемаларға назар аудармай отыр және аймақтан бас көтерер басшы пайда болып, мәселені көтере бастаса болды, оны жазаламай тынбайды деп, адам хұқығын қорғаушылар өзбек өкіметін сынауда.
XS
SM
MD
LG