Accessibility links

Өзбекстандағы ахуал әлі ушығып тұр


Түнгі уақытқа комендант сағаты орнатылғанына қарамастан Өзбекстанның таңғы шырт ұйқыда жатқан Әндіжан қаласын атыстың жаңғырығы дүр сілкіндірді. Өзбекстанның Ферғана даласындағы осы қалада не болғаны жайында толық хабар жоқ.

Ресми Ташкент осы демалыс күндері болған қантөгістен кейін өзбек әскерінің қалаға берік бақылау орнатқанын мәлімдейді. Жергілікті адам құқын қорғаушыларының мәлімдеуінше, қантөгіс барысында 500-ден аса адам құрбан болды. Оған қоса куәгерлер Өзбекстанның қарулы күштері Қырғызстанға қарай өтпек болған босқындарға оқ жаудырып, тағы қаншама халықты өлтіргенін хабарлады.

Азаттық радиосының тілшілері Ғафур Юлдашев пен Андрей Бабицкий дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні күтпеген жерден Әндіжанда атыс болғанын хабарлады. Атыстың неден шыққаны белгісіз. Құрбан болған туған-туыстарының мәйіттерін алу үшін қаладағы мәйітханаға бармақ болған халықты қуып тарату үшін оның күзеті оқ атыпты деген бастапқы бір ақпар еш расталмады.

Франс Пресс агенттігінің хабарлауынша, атыс 3-4 сағат бойы жалғасқан. Осы агенттік “белгісіз біреулер бірнеше бақылау-тексеру постын атқылады” деген облыстық әкімшіліктің кеңсесін күзеткен милиция қызметкерінің сөздерін келтіреді.

Өзбекстанның ресми билігі соңғы күндері Әндіжанда болған көтерілісті исламшыл Хизб-ут-Таһрир тобының мүшелері ұйымдастырды деп айыптайды. Өткен сенбі күні Әндіжандағы оқиғаға байланысты Ташкентте өткізген баспасөз-маслихатында өзбек президенті И.Кәрімов, сондай-ақ, осы толқуға шетелдердің де қатысы бар деп мәлімдеді. Алайда өздерінің интернеттегі ресми сайттары арқылы Хизб-ут-Таһрир ұйымы мен жергілікті адам құқын қорғаушы топ Әндіжандағы толқуға атсалысқандарын түбегейлі жоққа шығарды.

Әндіжанда орналасқан адам құқықтарын қорғаушы “Аппеляция” тобының жетекшісі Сайджахон Зайнабитдиновтің мәлімдеуінше, елдегі осы қантөгіс үшін президент И.Кәрімов жауап беруге тиіс.

- Бұл нағыз халық көтерілісі болды. Халық саяси талап-шарттар көтерген жоқ. Халық әбден титығына жеткен. Олар мемлекеттің ішкі саяси және экономикалық саясатының салдарынан адам айтқысыз ауыр халге жеткен, - деді Сайджахон Зайнабитдинов.

Сайджахан Зайнабитдинов - Өзбекстанда құрбан болғандардың ресми билік келтірген санын жоққа шығарғандардың бірі. Сенбі күні президент И.Кәрімов Әндіжанға тәртіп орнату үшін армия мен милицияның қаладағы қарулы топқа қарсы шайқасуы кезінде, армия жауынгерлері мен милиция қызметкерлерін қоса есептегенде, 30 адам қаза болды деп мәлімдеді.

Алайда куәгерлер мен жергілікті адам құқын қорғаушылар қантөгіс барысында бір ғана Әндіжанның өзінде кем дегенде 500 адамның құрбан болғанын мәлімдеп отыр. Ресейдің “Известия” газетіне берген түсініктемесінде оппозициялық “Азат дихандар” немесе “Ozod Dehqonlar” партиясының жетекшісі Нигара Хидоятованың атап көрсеткеніндей, Әндіжандағы және қырғыз-өзбек шекарасына жақын орналасқан өзге қалалардағы үйлер мен көшелерді аралап сұрастырып зерттеген партия мүшелері әр отбасында, жанұяда кем дегенде 1 жанның қаза болғанына көздерін жеткізген.

Батыстың ақпарат құралдары Қырғызстанға қашып барған өзбек босқындарының сөздерін келтіреді. Босқындар өзбек армиясының оғынан қанша жанның құрбан болғанын анық білмейді. Өйткені өздері шекарадан қырғыз жағына қарай өтіп кеткен. Сейсенбі күні Пахтаабад қаласынан 15 шақырым қашықтықта орын тепкен Тешикташ қаласының тұрғындары Франс-Пресс агенттігіне осыдан 3 күн бұрын армия жауынгерлері шекарадан Қырғызстанға өтпек болған 13 адамды, оның ішінде әйелдер мен сәбилерді атып өлтіргенін өз көздерімен көргендерін баяндап берді.

Бірақ бұл қайғылы оқиғаның тікелей Тешикташта немесе Пахтабад қаласында болғанын анықтау мүмкін болмай тұр. Оған қоса құрбан болғандар бірыңғай бейбіт тұрғындар ма әлде өзгелер де болды ма, ол да беймәлім. Басқа куәгерлер оққа ұшқандардың арасында жауынгерлер де болды дейді. БҰҰ-ының босқындардың істері бойынша Жоғарғы комиссары Карлос Закканини (Carlos Zaccagnini) Жалалабад қаласында, Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында, Өзбекстаннан қашып келген халыққа “босқындар” деген мәртебесінің берілетінін мәлімдеді.

- Біз Қырғызстан территориясында 540 өзбек қашқынының жүргені туралы мәлімет алдық. Біз, сондай-ақ, кеше Қырғызстанның көші-қон немесе миграция мекемесінің әлгі босқындарды баспанаға мұқтаж халық ретінде тіркегенін растадық, - деді БҰҰ-ының босқындардың істері бойынша Жоғарғы комиссары Карлос Закканини.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG