Accessibility links

Өзбекстан билігі елдің шығысында болған оқиғалар туралы хабарларды қолынан келгенше жасыруға тырысады. Шетел журналистеріне толқулар болған аймақтарға баруға тиым салынған. Ал мемлекеттік БАҚ Әндіжандағы оқиғаға орай тек қана ресми биліктің көзқарасын хабарлап отыр.

Өзбекстанның мемлекеттік бақылаудағы бұқаралық ақпарат құралдары жақында Әндіжан мен елдің шығысында болған қантөгіске байланысты тек қана ресми биліктің көзқарасын хабарлауда. Өзбекстанның бірінші мемлекеттік телеарнасының “Тахлилнома” атты апталық талдау-сараптамалық бағдарламасы жағдайды былай сипаттады:

- Әлбетте, Әндіжандағы оқиғалар әр тараптан талданатын болады, қорытындылар мен сабақтар шығарылады. Алайда, бұл жерде бір нәрсе айқын – “қара ниетті күштер” жарқын болашағына ұмтылған елімізге кедергі бола алмайды, - деп хабарлады “Тахлилнома” бағдарламасының жүргізушісі.

Азаттық радиосы орыс бөлімінің қызметкері Андрей Бабицкий - Әндіжанда жүрген аз ғана журналистердің бірі. Бабицкийдің айтуынша, Өзбекстанның мемлекеттік бұқаралық ақпараттары аймақтағы жағдайға байланысты басқа мүлде хабар беріп жатқан жоқ.

- Олар бірде-бір хабар бермей жатыр десек болады. Екі күн бойы президент Ислам Каримовтың мәлімдемесін беріп отырды. Оқиғаларға байланысты Каримовтың көзқарасы - расында болған жағдаймен қарама-қайшы келіп отыр. Мамырдың 16-ында жергілікті телеарна Әндіжанда барлығы тынышталды, адамдар экстремистерді жек көреді, жағдай өз қалпына келді деген хабарды таратты. Қысқасы, Совет дәуірі кезіндегі пропаганда сияқты, - дейді А.Бабицкий.

Оның айтуынша, егер өзбек халқы тек қана ресми бұқаралық ақпараттарына еретін болса, онда олар елдің шығысында болып жатқан оқиғалардың шындығы туралы біле алмайды. Әндіжанның өзінде тұратын халықтың мемлекеттік емес ақпарат бұлақтарын оқуға немесе тыңдауға мүлде мүмкіндігі жоқ дейді Бабицкий. Аймақта жергілікті газеттердің өзі тоқтатылған, сонымен қатар, халықтың тыңдап жүрген “Дидор” радиосы да әуеге шықпай қалған. Ал, қалада Интернетті пайдалану мүмкіндігі де жоқ, дейді Бабицкий.

Жұма күні Әндіжанда зұлымдық басталған кезінде бірнеше журналист қаланың ішінде жүрген еді. Қарулы топ түрмеге шабуыл жасап, қамауда отырған жүздеген адамды босатқан. Қаланың орталығында орналасқан ғимаратты басып алған кезде, мыңдаған адам үкіметке қарсы наразылықтарын білдіріп жатқан болатын.

Сол кезде қауіпсіздік күштері наразылық танытушыларға қарсы оқ атқан, соның салдарынан сандаған адам оққа ұшқан. Ресми Ташкент 30 адам қаза тапқан десе, ал хұқық қорғаушы топтар 500-ден астам адам құрбан болған дейді.

Ал соңғы сәтте түскен хабарларға қарағанда, Өзбекстанның бас прокуроры Әндіжанда 169 адам қаза болды деп мәлімдеді. Бұдан бұрын хабарланғанындай, соңғы бірнеше күндері шекаралас Қырғызстанға жақын аймақтарда да қантөгіс болған, бірақ, құрбан болғандардың нақты саны белгісіз.

Қауіпсіздікті сылтауратып, шетел журналистеріне толқулар болған жерлерге баруға рұқсат берілмей отыр. Халықаралық ақпарат құралдары мен хұқық қорғаушы топтар Әндіжандағы оқиғаға алаңдаушылығын білдіріп, журналистерге шек қойып жатыр деп наразылық акция өткізді.

Венада орналасқан Халықаралық баспасөз институтының қызметкері Диана Орлова Азаттық радиосына берген сұхбатында Өзбекстан бұқаралық ақпараттары үкімет тарапынан қатты қадағаланады деді.

- Үкімет журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарын бақылап отырады. Цензура бар. Журналистер сыни мақалаларды жазуға қорқады. Олар тек қана бірнеше саладағы тақырыптар туралы еркін жаза алады, ол да болса – астық жинау және театрға қатысты тақырыптар. Бірақ журналистер саяси оқиғалар туралы жаза алмайды, - дейді Орлова.

Ал ресми көзқараспен келіспейтін журналистерді қорқытады немесе олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді. Азаттық радиосының өзбек бөлімінің тілшісі Нозир Зокирдің айтуынша, оның ұялы телефоны мен үйіндегі телефон желісі кесіп тасталған.

Ал оппозициялық белсенді Надира Хидоятова Өзбек билігі шет ел ақпарат бұлақтарын да қолынан келгенше жасырады дегенді айтады.

- Ең бірінші, біздің ақпарат алу құқымыз бұзылып жатыр. Жергілікті ақпарат құралдары оқиғаны хабарламай отыр. Сонымен қатар, Ресей телеарналарының хабарлары өшіріліп жатыр. Интернеттегі Центразия Ру мен Фергана Ру сайттарыда көрсетілмейді, - дейді Хидоятова.

Сондай-ақ, Өзбекстанда кабель арқылы хабар тарататын Ресей мен шетел телеарналары да кесіп тасталған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG