Accessibility links

Кувейт әйелдеріне сайлау құқы берілді


Кувейт парламенті әйелдерге парламент және муниципалды сайлауларға түсуге, ол сайлауларда дауыс беруге рұқсат берді. Осындай шешімнің қабылдануы тіпті парламент депутаттарының кейбіреуін таң қалдырды.

БҰҰ және АҚШ бұл шара мұсылман әлемінде демократия құндылықтарын ұлғайтуға, Кувейт қоғамын құрметтеуге бағытталған қадам деп қабылдады. Бірақ Кувейт еліндегі консерваторлар жаңа заңға қатты қарсылақ көрсетіп жатыр, заңды қабылдаған депутаттарға мәңгі қарғыс деп айтып жатыр.

Әйелдерге сайлау құқын беретін заңды қабылдау аса қиынға түсті. Мәселен, мамырдың 2-де заңды қабылдауға дауыс жетпей қалды. Асыра исламшыл депутаттар мен тайпа өкілдері жобаны өткізбей қойды. Бірнеше жылға созылған текетірес мамырдың 16-да соңына жетті, заң көпшілік дауыспен қабылданды.

Заңды жақтап 35 депутат дауыс берді, 23 депутат қарсы дауыс берді, бір депутат қалыс қалды. Заңды қабылдаған соң бір сағаттан кейін муниципалды яғни жергілікті сайлаулар тағайындалды, олар 2-шы маусымда өтетін болды. Ал парламенттік сайлау 2007 жылға белгіленген. Бұқара халық заңды үлкен қошеметпен қарсы алды, парламент жанында жиналған халық думандатып, ел астанасының көшелері мерекеге толып кетті. Әйел құқықтарын қорғаушы белсенді Роула Әл-Дашти былай дейді:

- Бүгінгі күн Кувейт әйелдері үшін тарихи күн деп танимын. Бүгін жеңіске жеттік, азаттық жолында жеңіске жеттік деп білемін. Біз еркіндік пен керттартпалықтың арасындағы шайқаста, терроризм мен даму арасындағы шайқаста жеңіске жеттік. Енді міне Кувейт әйелі парламентте өз сөзін айтатын болады.

Сонымен Таяу Шығыс аймағында әйелдер сайлау құқықынан айырылған жалғыз ғана ел – Сауд Арабиясы қалды. Кувейт елінде парламенттің орны өте салмақты десек - әйелдерге сайлау құқының берілуі аймақ үшін өте маңызды. АҚШ басшылығы барша ислам әлемінде демократиялық реформалар іске асырылса деп белсенді ықпал жасап жатыр.

Вашингтон Ауғанстанда, Ирақта және Палестинада жақында өткен сайлаулар алынған бағыттың дұрыстығын көрсетеді дейді. Кувейт парламенті қабылдаған заң исламшылдарға күтпеген жағдай болды, алғашында әйелдерге тек жергілікті сайлауларға қатысу құқы беріледі делінген еді. Консерваторлар үкімет шетелдің жетегінде кетті деп дау көтерді. Бір айға жетпейтін уақыт бұрын Кувейт бас министрі Вашингтонға сапар жасаған еді.

Енді міне АҚШ сыртқы істер министрлігінің өкілі Ричард Баучер заңның қабылдануын Кувейттің ілгері басуы деп сипаттады. БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннанда осындай қалыпта жылы сөз айтты. Кувейт журналистер одағының профессоры және кеңесшісі Аяд Манна заң мағнасын былай түсіндіреді:

- Бұл шынында да үлкен шаруа, осы шағын араб елінде демократиялық тәртіпті орнату жолындағы жеңіс. Кувейт халқының жартысы бұл құқықтан қырық жылдай ажырап келді. Мұны елдегі консерваторлар мен діни қатаңдықтың ұтылғаны десе болады.

Дегенмен, Кувейттегі исламшылдар кері шегінетін емес. Олар әйелдердің сайлау құқықтарын бұрында шектеген еді. Дүйсенбі күні олар осындай бір толықтыруды ортаға сала білді, онда әйелдер шариғат заңынан аса алмайды делінген. Кейбір әйелдер қатаң киім үлгісі еңгізілсін, дауыс беру кабиналары әйелдер үшін жеке болсын деген ұсыныстарға алаңдаушылық танытып отыр. Аяд Манна бұл толықтыру арқылы исламшылдардың ауызын жабуға болады, шамалы шектеулердің бөгеті бола қоймайды дейді:

- Кувейт - аймақтағы тұңғыш демократиялық елдің бірі. Сондықтан заңның қабылдануының негізгі себебі осы деп ойлаймын. Әйел азаматтарға толық саяси құқық беру шаруасында Кувейттің көш соңында қалудың жөні жоқ.

Британиялық журналист Майкл Гриффин, өз кезегінде, алда Кувейт қоғамының жалпы реакциясын байқау керек, әйелдердің жүріс-тұрысына діни шектеулер орнатылған қоғамда әйелдердің саяси еркіндігін қамтуға бола ма екен, мұны да байқау керек дейді.

Парсы шығанағының басқа елдеріне қарағанда Кувейт әйелдерінің сауаты да, қоғамдағы еркіндігі де салыстырмалы түрде жоғарырақ. Исламшылдар болса әйелдің саясатқа араласуы шариғатқа қайшы дейді.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG