Accessibility links

Баспасөзге шолу. 9 маусым 2005 жыл


Бейсенбіде газеттер «Асар» партиясының кезектен тыс құрылтайында партия жетекшісі Дариға Назарбаеваның айтқан ой-ұсыныстары жөнінде және Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мәселесі мен қазақ-жапон экономикалық қарым-қатынасына қатысты мақалалар жариялапты.

«Жас Алаш» газеті өзінің бейсенбілік санында Астанада өткен «Асар» партиясының кезектен тыс құрылтайы жайлы газет тілшісі Мұқтар Жанұзақұлының «Қыздың қызыл төңкерісі» деген мақаласын жариялапты. Дариға Назарбаеваның басқаруындағы «Асар» партиясының кезектен тыс құрылтайында сөйлеген сөзі «суға кеткен тал қармайдының» керін келітіріп отыр деп жазады газет тілшісі.

Д.Назарбаева партия құрылтайында Қырғызстанда болған жағдайдың Қазақстанда қайталануы әбден мүмкін екендігін айтқан. Себебін ол әлемдік саясатта экспансияның жаңа түрі – демократия экспорты белең алып бара жатқанын, ал бұның мақсаты стратегиялық аймақтарда жетекке жүретін үкіметтер тудыру болмақ деп түсіндіреді деп жазады газет тілшісі. Әу баста партияны әкесіне көмектесу үшін құрғанын айтқан Д.Назарбаеваның бұл сөздері сайлау қарсаңында саяси қулыққа негізделген маневр жасап, оппозицияға өтуге бет алғанын байқатпақшы деп жазады «Жас Алаш» газеті.

Осы тақырыпқа арнайы тоқталған «Түркістан» апталығы «Саяси күштер бірігетін күн туды» деген мақаласында Д.Назарбаеваның республиканың конструктивті күштері бірігіп «Қазақстанның демократияшыл Халықтық одағы» атты коалиция құратын болғандығы туралы айтқанын, ал бұл коалицияға ең алдымен осы күндері Астанада кезектен тыс сьезін өткізген Қазақстанның демократиялық партиясы кіруге әзір отырғаны туралы жазыпты.

Газет тілшісі Гүлбиғаш Омарованың жазуынша партия құрылтайынан кейін Д.Назарбаева өзінің алдағы президент сайлауына қатыспайтындығын білдіргенін, ол туралы «Менің бүгінгі күні ондай ойым жоқ, ондай ой ертең де, одан арғы күнде жоспарда жоқ» деп айтқаны туралы жазыпты. Д.Назарбаева осы сьезде «біз елді дамытуға кедергі жасайтын құбылыстарға, мемлекет қаржысын талан-таражға салушылыққа, жемқорлыққа, жалқаулыққа бәрі-бәріне оппозициямыз» депті.

«Егемен Қазақстан» газеті өзінің бейсенбілік санында Қазақстанның бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру мәселесіне қатысты «Неден ұтасыз, неден ұтыламыз» деген көлемді бір мақала жариялапты. Мақала авторы экономика ғылымдарының докторы Мұратбек Қасеновтың айтуынша, бүгінгі таңда БСҰ-на мүше болу кез-келген ел үшін әлемдік тауар айналымы мен қызмет көрсетудегі өркениеттілігінің жоғарғы көрсеткіші болып табылады.

ТМД-ға мүше елдер арасынан бүгінгі күні Қырғызстан, Грузия, Молдова және Армения БСҰ-ның мүшесі болып табылады, ал Ресей, Қазақстан,Украина, Сауд Арабиясы секілді елдер БСҰ-ға кіру кезегінде тұрған елдер дейді мақала авторы. Оның жазуынша, әлемдегі 192 мемлекеттің 150-ге жуығы осы беделді халықаралық ұйымға мүше көрінеді, ал әлемдік сауданың 95 проценті осы елдер арқылы жүргізіледі.

Қазақстан БСҰ-ға кіруге 1996 жылы ресми өтініш беріпті, ал биылғы жылдың ақпан айынан Қазақстанға бақылаушы статусы беріліпті. Қәзір Қазақстанның БСҰ-на кіруіне қатысты жұмыс тобы құрылыпты. Сарапшы мамандар БСҰ-на мүше болып кірудің Қазақстан үшін артықшылықтары көп дегенді айтып отыр деп жазады мақала авторы.

Ал «Экспресс-К» газеті Қазақстан мен Жапония арасындағы экономикалық қарым-қатынас мәселесіне арналған газет тілшісі Андрей Мамонтовтың «Жапон ақылы» деген мақаласында Қазақстан үкіметі басшысы Даниял Ахметовтың алдағы күндері Жапонияға жасағалы отырған жұмыс сапарына назар аударылыпты. Қазақстанның тәуелсіздік жылдары осы ел экономикасына кіргізілген жапон инвестициясы айтарлықтай көп, яғни жарты миллиард долларды құрайды, ал осы инвестицияның үштен бірі, яғни 179 миллионны 2004 жылы құйылды деп жазады газет тілшісі.

Жапония үкіметі тек қана экономика саласына ғана көңіл бөліп қоймай, әртүрлі әлеуметтік, мәдени, экологиялық жобаларды да қаржыландырып отыр. Мысалы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы ауыл-аймақтардың тұрғындарын сумен қамтамасыз ету жобалары және Семей аймағындағы дәрігерлік қызметті жақсарту секілді жобаларға арнап Жапония үкіметі 39 миллион доллардың қаржысын бөлді, екі ел арасындағы экономикалық және басқадай салалардағы жан-жақты қарым-қатынас осы жолы Қазақстан үкіметі басшысының ресми сапарында айырықша сөйлесілмекші деп жазады «Экспресс-К» газеті.
XS
SM
MD
LG