Accessibility links

Каспий теңізі астында совет кезінен бері 1460 ұңғыма жабылмай қалған


Маусымның 13-і күні парламентте өткен үкімет сағатында Қазақстан төтенше жағдайлар министрі Мұхамбет Көпеев Каспий теңізінің астында совет одағы кезінен бері 1460 ұңғыманың жабылмай қалғанын мәлімдеді.

Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар министрі Мұхамбет Көпеевтің айтуынша, төтенше жағдайлардың алдын-алу және олардың келеңсіз зардаптарын азайту жөнінде шешімін күтіп тұрған проблема жеткілікті. Министр мұнай-газ кен орындарын және басқа да табиғи ресурстарды өндірудің қарқын алуы, оларды тасымалдау мен қайта өңдеу көлемінің артуы техногендік қауіптің өсуіне шынайы алғышарттар туғызып отыр деп санайды.

Депутаттар да өздерін мазалаған мәселелерді министрдің алдына қойып отыр. Мысалы, Мәжіліс депутаты Ұзаққали Елубаев теңіз кенішінен мұнай игеріліп жатқан өңірлердегі халықтың жағдайына алаңдаушылық білдіреді.

Министр қазіргі қарқынды мұнай өндірісінің жер қойнауын қозғалту мүмкіндігін жоққа шығармайды. Оның айтуынша, Қазақстанда 52 сейсмикалық станса болуы керек. Оның 9-ы ғана бар. Эколог Мэлс Елеусізов те жер қойнауының қозғалу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ал, Маңғыстау облысынан Мәжіліс депутаты болып отырған Зейнолла Алшымбаевты төтенше жағдайлардағы азаматттық қорғаныс мәселесі алаңдатады. Министр өндірістің дамыған уақытында Қазақстанның батыс өңірлерінде азаматтық қорғаныс полкін құру қажеттілігін атайды.

Сондай-ақ ол Кеңес одағы кезінен Каспий теңізі астында жабылмай қалған мың жарымға жуық ұңғымалар Каспийдің барлық бөлігінде, соның ішінде Қазақстан жағында да барын, бірақ көбі Әзірбайжан бөлігінде екенін, себебі, Қазақстанда бұрын теңізден мұнай алынбағанын, бірақ ұңғыма арқылы келгендері де барын айтып отыр.
XS
SM
MD
LG