Accessibility links

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге мүдделі


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда өтіп жатқан халықаралық бизнес-конференцияда сөйлеген сөзінде Қазақстан қазір Дүниежүзілік сауда ұйымы мүшелерімен тұрақты түрде келіссөздер жүргізіп жатқанын айттты. Және президенттің сөзінше, бұл келіссөздер жақын уақыттарда аяқталуы мүмкін.


Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан қазір өз заңдарының 90 пайызын ДСҰ талаптарына сәйкестендіргенін мәлімдеген еді. Экономист Галина Никитина әлемдік сауда ұйымының өзгелермен терезесі тең дәрежедегі толық мүшесі болу үшін бір ғана заңнамалық базаны реттеу аздық етеді дейді.

- Мен мынандай деректер келтіре аламын. Қазақстанда темір жол мен автомобиль жолдары дамымаған. Салыстырып қарасақ, Европада 1 шаршы шақырымға 500 метр автомобиль және темір жолы келетін болса, Қазақстанда ол 1 шаршы шақырымға шаққанда небары 38 метрді құрайды. Осының әсерінен Қазақстанда өндірілетін өнімнің өзіндік құны бірнеше есе өседі. Тағы бір мысал, Қазақстанның ауыл шаруашылығына бөлетін субсидиясының көлемі 1 гектарға шаққанда 52-56 АҚШ долларын құраса, ЕвроОдақ елдерінде бұл көрсеткіш 1 гектарға 581 АҚШ долларына дейін жетеді.

Ал экономист Ғалижан Мәдиев Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген жағдайда ғана өз экономикасын дамыта алады деген пікірді қолдайды.

- Республикадағы бар ресурстарды ұтымды пайдалану және экономиканы көтеру шетелмен сауда-саттықты талап етеді. Сондықтан, ДСҰ-ға мүше болу - уақыт талабы.

Әлемдік саудадан өзге өз сөзінде, Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстанда экономикалық көрсеткіштердің өсіп келе жатқанын, елде жыл сайын орташа жалақы мөлшерінің өсіп отырғанын алға тартты. АТФ-банк акционерлік қоғамының басқарушы директоры Әнуар Ержанов Қазақстан экономикасын әлі де шикізат өндіруші сала сүйреп келеді дейді.

- Үкімет пен мемлекеттік қаржы институттары шикізат өндіруден түскен пайданы өзге салаларға тең бөлуі керек. Алайда, бұл істі мемлекеттік жолмен жүргізген жағдайда қаржыны тиімсіз жұмсау қаупі өсе түседі. Көптеген экономистер қазір “голланд ауруынан” сақтандыруда. Экономикалық көрсеткіштер өскенімен, жалпы экономикада осындай қауіптер сейілмей отыр.

Алматы қаласы кәсіпкерлері бірлестігінің президенті Виктор Ямбаев Қазақстан экономикасының қандай да бір дамуы жайлы сөз қозғау әлі ерте деп есептейді.

- Қазір Қазақстан тұрғындарының 50 пайызы жұмысынан, денсаулығынан айырылып, кедейлену қаупінің алдында тұр. Ал кәсіпкерлер шенеуіктер арасындағы жемқорлықтың кесірінен өз бизнесін өсіре алмай отыр. Бұған қарап бізде орта әлеуметтік топ қалыптасты деп айту қиын. Қазір Қазақстандағы орта класс деп аталатын топты кәсіпкерлерден пара алып байыған төменгі шендегі және ортаңқол мемлекет қызметкерлері құрайды.

Қазақстан президентінің пікірінше, Қазақстанның Орталық Азиядағы тұрақтылық пен даму бел алған мекен ретіндегі жағдайы, аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруы мүмкін. Бұл үшін Орталық Азия елдері интеграциялық одақ құруы қажет деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл идеяны құп алатындардың бірі - саясаттанушы Әзімбай Ғали Қазақстан Орталық Азия елдерінің интеграциясына және оның жетекшісі болуға дайын деп есептейді.

- Қазақстан бұл тарапта лидер бола алады. Себебі, ол қажетті экономикалық-әлеуметтік реформасын жүзеге асырды. Екіншіден, оның энергетикалық тауқыметтері шешілді. Үшіншіден, Қазақстанның АҚШ, Еуропа Одағы елдері және Қытай секілді геосаяси жағынан күшті қолдаушылары бар. Төртіншіден, Қазақстан саяси-құқықтық реформаларды жүзеге асыруға көшті және бесіншіден, Орталық Азия аймағында Қазақстаннан беделді саяси субъект жоқ.

Ал саясаткер Дос Көшімнің бұған қатысты ой-пікірі басқадай:

- Дәл қазір әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдай Орталық Азия елдерін біріктіретіндей күйде емес. Сондықтан, бұл президент сайлауы алдындағы ұрандардың бірі болса керек.

Қазақстанның “Нағыз Ақ жол” демократиялық партиясы тең төрағаларының бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы Орталық Азия елдерінің одағының болу мүмкіндігіне күмәнмен қарайды.

- Меніңше, Назарбаевтың айтып отырғаны, Орталық Азиядағы авторитарлық режим басшыларының интеграциясы болуы керек. Олай дейтінім, мемлекетаралық интеграция, ең алдымен, ол еркін экономикалық аймақ дегенді білдіреді. Оған Өзбекстан да, Тәжікстан да, Түркіменстан да дайын емес. Өйткені, бұл мемлекеттерде нарықтық экономика жоқ деуге болады. Орталық Азиядағы режимдерді сақтау үшін осындай жобалар мақұлдасып жатыр.
XS
SM
MD
LG