Accessibility links

Алматының қуат компаниясы мен екі үлкен қонақүйі кімге бұйырмақ?


«Қазақстан халық банкі» өзіне 2002 жылы кепілге қойылған «Алматы Пауэр Консолидейтед» кәсіпорыны мен «Қазақстан» және «Алматы» қонақ үйлерін аукцион арқылы сатпақшы. Қоғамда бұл нысандар тым арзан бағамен асығыс сатылғалы жатыр деген күдік айтылып отыр.

«Қазақстан халық банкі» өзінен несие алу үшін 2002 жылы Алматы қаласы әкімшілігі кепілге қойған, Алматы қаласын энергетикалық қуатпен қамтамасыз етіп отырған «Алматы Пауэр Консолидейтед» кәсіпорыны мен «Қазақстан» және «Алматы» қонақ үйлерін маусымның 27-сі күні аукцион арқылы саудаға шығармақшы. Қазақстан қоғамында бұл нысандардың тым арзан бағамен саудаға шығарылғалы отырғаны және аукцион өткізу мерзімі де тым қысқа, оны әлдекім асығыс сатып алмақ деген күдік тарап отыр.

Бұл мәселе саяси дау тақырыбына да айналды. Атап айтқанда, «Әділетті Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбай осы мәселеге байланысты премьер-министр мен бас прокурордың атына ашық хат жолдап, аталған нысандарды ашық аукционда сатуды, ал Қапшағай ГЭС-і мен Каскад ГЭС-ін мемлекет меншігінде ұстауды ұсынса, осы қозғалыстың тағы бір мүшесі Ораз Жандосов «Қазақстан халық банкі» басшылығына ашық хатында халық қазынасын әлдекімдердің жеке меншігіне күмәнді жолмен беріп жібермеуге шақырған. Ал банк алдағы дүйсенбі, маусымның 20-сы күні аталған мәселеге байланысты баспасөзге арнайы мәлімдеме жасамақ.

Құрамына Қапшағай, Каскад су электр станциялары, 3 қалалық жылу-энергетика орталығы және Алматы қаласы мен облысының жылу және электр жүйелері кіретін «Алматы Пауэр Консолитейтед» (АПК) акционерлік қоғамы мен Алматыдағы сәулетті ғимараттар – «Қазақстан» және «Алматы» қонақ үйлерінің аукцион арқылы сатылуына қатысты жұма күні «Азаттық» радиосына берген жауабында, «Қазақстан Халық банкінің» басқарма төрағасының міндетін атқарушы Үміт Шаяхметова әзірге ешқандай түсініктеме бермейтіндерін айтты:

- Мен әзірге сізге ешқандай түсініктеме бермеймін. Баспасөзге арнайы мәлімдеме кейінірек болады.

Бірқатар қазақстандық басылымдардың жазуынша, «Халық банкі» бұл кешендерді олардың иелерінің банк алдындағы қарызын қайтарып алу мақсатында сатпақшы көрінеді. Аталған нысандар, 2002 жылдан бастап банкке кепілдік ретінде қойылған, содан бері кепілдік иелері «Халық банкіне» 18,5 миллиард теңге қарыз болған. «Қазақстанның Халық банкі» бұл нысандардың маусымның 27-сі күні саудаға шығарылатынын «Казахстанская правда» газеті арқылы жариялап отыр.

Даулы мәселе шаруашылық даудан қоғамдық-саяси шатақ мәселеге айналып бара жатқанға ұқсайды. «Әділетті Қазақстан» қозғалысының өкілдері бұл нысандар Алматының бұрынғы әкімі Виуктор Храпуновтың тұсында кепілге қойылғанын атап көрсетеді. Снымен бірге олар саудаға шығарылғалы отырған кешендердің бастапқы бағасы мен сатып алу мерзіміне қатысты бірқатар сын айтуда. «Азаттық» радиосына берген сұхбатында, әлі ресми тіркелмеген «Нағыз Ақ жол» демократиялық партиясының тең төрағаларының бірі Ораз Жандосов, бұл нысандардың небары 68 миллион АҚШ долларына бағаланғанын айтып, ал олардың нарықтағы қазіргі құнын кемінде 1 миллиард АҚШ долларына жуық сомаға тең деп санайды.

- Олардың әрқайсысының нарықтағы бағасы жоғары екендігіне қарамастан, бұл нысандардың жылу жүйесінен басқалары бір лотқа жиналып сатылмақшы. Бұл жағдайда, аукцион ережесі бойынша, оған қатысушылардың саны шектелетіндіктен, стратегиялық маңызды нысандарды тек белгілі бір топтың ғана сатып алу мүмкіндігі өсе түседі, - дейді О.Жандосов.

Бұған дейін Қазақстан Ұлтық банкінің төрағасы, республика бас министрінің бірінші орынбасары секілді жоғары лауазымды қызметтер атқарған, ал бүгінде оппозициялық «Әділетті Қазақстан» қозғалысы төралқасының мүшесі Ораз Жандосов, осы нысандарды сату туралы мәліметтің саудаға небары 10 күн қалғанда ғана жарияланауы да аукционға қатысатын тұлғалардың санын азайтып жібереді деген пікір білдіреді:

- Сауданың уақыты жарияланған күн мен оның өтетін күнінің арасы небары 8 жұмыс күні ғана. Яғни, бұл сауда туралы бұрын естіп-білмеген, “Халық банкіне” жақын жүрмеген жан, бұл аукционға дайындалып үлгермейді, сөйтіп, көптеген жеке немесе заңды тұлғалар аукционға қатысу мүмкіндігінен айырылады.

Бұл даулы мәселеге байланысты сатылуға қойылған «Қазақстан» қонақ үйінің басшылығынан жауап есту мүмкін болмады – қонақ үй қызметкерлері басшысының қайда екенін айтумен шектелді. Ал «Алматы» қонақ үйі бас директорының орныбасары Тоғжан Баянқызы маусымның 17-күні бұл мәселеге қатысты «Азаттық» радиосының сұрағына былайша жауап берді:

- Дәл қазір мен сізге ештеңе айта алмаймын. Қажет болса кейінірек хабарласыңыз.

Ал «Қазақстан Халық банкі» аталған жайға байланысты алдағы дүйсенбі - маусымның 20-сы күні арнайы баспасөз мәлімдемесін жасайтынын хабарлады. Бұл уақытта «Әділетті Қазақстан» қозғалысы стратегиялық нысандардың сатылуына қарсы наразылық митингін өткізу үшін Алматы қаласының басшылығынан рұқсат сұрап, өтініш бергенін айтып отыр.
XS
SM
MD
LG