Accessibility links

Баспасөзге шолу. 17 маусым 2005 жыл


Бүгінгі газеттерде Джордж Соростың Алматыдағы халықаралық бизнес-конференцияда жасаған мәлімдемесіне және республика президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағандыдағы жұмыс сапарына арналған мақалалар шығыпты.

Жұма күні жарыққа шыққан қазақстандық газеттердің басым көпшілігі басты назарды танымал американдық қаржыгер Джордж Соростың Алматыдағы халықаралық бизнес-конференцияда жасаған мәлімдемесіне аударыпты. Осыған орай “Айқын” газетінің тілшісі Кәмшат Сәтиева “Қазақстанның сыртқы саясатында өзгерістер болуы мүмкін бе?” деген сұрақ төңірегінде жауап іздейді. Алматыға келіп кеткен американдық миллиардердің жай әшейін жүрмейтіні баршаға мәлім дей келе, автор Қазақстан болашақта Орталық Азияның лидеріне айналуы мүмкін деген болжам жасайды.

«Негізінен, Батыс көбіне осы аймақта Өзбекстанның лидер ел болуына мүдделі болған, бірақ, Өзбекстандағы соңғы саяси ахуал олардың пікірін өзгертуге негіз болды. Енді Батыс кімді қолдайды? Бұл тұрғыда Қазақстанның мүмкіншілігі зор. Ал аймақтағы “түрлі-түсті” төңкерісті шетелдіктер экспорттап отыр дегенге келсек, бұл тұрғыда Қазақстанның ұтымды шешімдер қабылдауға да мүмкіндігі бар. Бұл орайда Назарбаев сыртқы саясаттағы бағыттарына өзгертулер енгізуі мімкін» деп жазады “Айқын” газеті.

Қазақстан үкіметін сынға алған Джордж Соростың соңғы мәлімдемесі мен оған ресми Астана өкілдерінің қандай жауап бергенін “Начнем с понедельника” газеті де назардан тыс қалдырмаған. Американдық қаржыгер Джордж Соросқа ұлттық қауіпсіздік және үкіметтік емес ұйымдар туралы заңдардың ұнамайтынын, сонымен қатар Джордж Сорос “Қазақстанның демократиялық таңдауы” партиясының, “Республика” газетінің жабылуына риза емес екендігін жеткізген.

Өз кезегінде Қазақстанның сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев жоғарыда жасалған қадамдардың барлығы республика заңдарына сәйкес іске асты деп жауап берген. Сонымен қатар, “Начнем с понедельника” газеті Джордж Соростан бұрын сөз сөйлеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың американдықтарға айтқан сөздерін жариялаған.

Онда республика жетекшісі американдық инвесторларға «Біз сіздердің кеңестеріңізді, сындарыңызды тыңдаймыз, бірақ біздің өзіміздің пікіріміз болғандықтан, біз сіздердің кеңестіріңізді өз ерекшеліктерімізге ыңғайластырып қабылдаймыз» деген. «Ресми Астана өкілдерінің жауабы американдықтарға қаншалықты ұнағаны белгісіз, бірақ бұл жолы ресми Астананың дауысы анық шықты» деп жазапты “Начнем с понедельника” газеті.

«Егемен Қазақстан» газеті жұма күнгі санында республика президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағандыға жасаған сапары туралы жазыпты. Онда президент Теміртау, Шахтинск қалаларының металлургтарымен, кеншілерімен кездескен.

“Экспресс К” газеті “Әл-Қайда” ұйымымен байланысы бар, мемлекеттік сатқындық жасады деген күдікпен ұсталған Дильмұрат Шаюсупов пен Рахим Сұлтанғазиевтердің сот ісі аяқталғанын жазыпты. «Алғашында Уахаб ілімін таратып жүрген азаматтар, соңынан “Әл-Қайда” ұйымымен байланысқа шығып, террористік ұйымның лагерін ашпақшы болған. Жамбыл облысының соты екі азаматтың кінәсін толығымен дәлелдеп, олардың екеуін де 10 жылға бас бостандығынан айырды» деп жазады “Экспресс К” газеті.

Қазақстан дәрігерлері адамның қорғаныш тапшылық қоздырғышы індеті әскердегі сарбаздарға жетуі мүмкін деп алаңдаушылық білдіріп отыр деп жазады “Известия Қазақстан” газеті. Қазақстандық дәрігерлердің айтуынша, 2003 жылы әскерилер арасында мерез ауруының тарауы 3,3 процент болған, ал сары ауру көрсеткіші 3,5 процентке жеткен. «Жағдай осылай қалыптаса берсе ВИЧ әскерге де жетіп қалады» деп жазады “Известия Қазақстан” газеті.

“Ұлы Абайдың 160 жылдығы мерей той емес пе?” деген мақала “Қазақ әдебиеті” газетінде жұма күні жарық көріпті. Онда Қазақстан парламентінің депутаты, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 160 жыл толу мерекесіне орай бірнеше ұсыныстарды алға тартқаны жазылған.
XS
SM
MD
LG