Accessibility links

Сайлау заңына қатысты даулы пікірлер әлі басылмай отыр


Осы жылдың көкек айында «Қазақстан Респбуликасындағы Сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені мәлім. Ол өзгерістердің кейбірі қоғам өкілдері тарапынан қызу пікірталас тудырғаны белгілі. Ол - сайлау алды үгіт жүргізу мерзімі аяқталған кезден бастап сайлау қортындылары ресми жарияланғанға дейін қоғамдық, топтық немесе жеке мүдделерді білдірудің және қарсылықтың кез-келген түріне жол берілмейді деген және басқа да өзгерістерге қатысты болды. Осы заң төңірегіндегі даулы пікірлер әлі басылмай келеді.

«Сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға депутаттар және саясаткерлер тарапынан айтылып жүрген пікірлер әрқилы. Дегенмен, қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарып отырған Оңалсын Жұмабеков әділет министрі болып тұрған кезінде қабылданған заңның Конституцияға толық сәйкестігін атап айтқан болатын.

Алайда, Парламент Сенатының депутаты Зәуреш Батталова сайлау заңына ешқандай қатысы жоқ норма өтіп кетті деп санайды. Батталова ханымның айтып отырғаны, аталған заңның 44-бабының 6-шы тармағындағы сайлау алдындағы үгіт жүргізу мерзімі аяқталған кезден бастап, сайлау қортындылары ресми жарияланғанға дейін сайлаушыларға немесе сайлау комиссиялары мүшелеріне әсер етуге ықпал тигізетін қоғамдық, топтық немесе жеке мүдделерді білдірудің және қарсылықтың кез-келген нысанына жол берілмейді деген нормаға қатысты.

Депутат Батталованың пікірінше, билік өздеріне лайықты митингтерге рұқсат береді де, лайықты емесіне рұқсат бермейді. Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтың пікірінше, сайлау заңына енгізілген өзгерістердің прогрессивтік жағынан гөрі регрессивтік жағы басым. Бұрынғы Мәжіліс депутаты Серікбай Әлібаев заң сайлау өткізудің тәсілдерін қиындатты деп санайды.

Ал, парламент Мәжілісінің депутаты Шаймерден Оразалинов шектеудің қысқа мерзімге берілетінін, митингте ешқашан келсімді шешімнің болмайтынын айтады. Ал, сенат депутаты Асқар Қожағалиевтың аталған нормаға қатысты пікірі басқаша. Мәжіліс төрағасы Орал Мұхмеджанов, аталған өзгерістер парламентте қаралғанда сөз болып отырған нормаға қатысты айтқан пікірінде, «болмашы 10 шақты күн азаматтардың шеруге және басқаға құқықтарын шектемейді» деп мәлімдеген болатын. Сенат депутаты Асқар Қожағалиев мәселенің барлығы заңның қалай орындалуында деп отыр.
XS
SM
MD
LG