Accessibility links

Президент сайлауынан кейін Қазақстанда жағдай қалай өрбімек?


Маусымның 27-күні Қазақстандағы кейбір саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, егер де алдағы президент сайлауы әділетсіз өтсе, оның ақыры Қазақстанда үлкен саяси дағдарысқа әкеліп соқтыруы мүмкін екенін мәлімдеді.

Дүйсенбі күні түстен кейін Алматыдағы “Қазақстан” қонақ үйінде бас қосып, алдағы уақыттағы Қазақстандағы саяси ахуалдың қандай бағытта дамуы мүмкін екендігін талқылаған кейбір сарапшылар мемлекеттегі түбегейлі саяси өзгерістер, президент сайлауынан соң орын алатындығын айтты. Мысалы, саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтың айтуынша, егер де алдағы президент сайлауы әділетсіз өтсе, ол келешекте Қазақстандағы саяси тұрақтылықтың бұзылуына әкеліп соғуы мүмкін. Оның айтуынша, мұндай жағдайда сайланған президенттің заңдық мүмкіндіктерін жүзеге асыруы да қиындық туғызбақ.

Ал, “Ақ жол” партиясының төрағасы Әлихан Бәйменовтың пікірінше, алдағы президент сайлауы әділетсіз өтсе, оның кері әсері, тек халықтың көшеге шығып наразылық білдіруімен ғана шектелмейді. Ә.Бәйменов мырза мұндай жағдайда оның кері әсері Қазақстан мемлекетінің ұзақ мерзімге дұрыс жолдан ауытқуына әкеліп соқтырады деп санайды екен. Оның айтуынша, алдағы президент сайлауы әділ өтіп, қоғамда саяси тұрақталық орнауы үшін, мемлекет басшысы ол қадамды бүгінгі күннен бастауы тиіс.

Саясаттанушы Нұрболат Масановтың пікірінше, алдағы президент сайлауынан кейін, сайлауда екінші орынға шыққан адамның маңызы арта түсетіндіктен, келешекте биліктің кімнің қолына тиюі мүмкін екендігі - осы процеспен тығыз байланысты.

Соңғы кезде саяси сарапшылар арасында “егер алдағы президент сайлауы әділетсіз өтсе, Қазақстанда да төңкеріс болуы ықтимал” деген әңгімелер айтылып жүр. Алайда, саясаттанушы Досым Сәтпаев мұндай пікірмен келіспейді.

- Егер де әділіне жүгінсек, Қазақстандағы саяси элитаның ішінде ешқайсысы Нұрсұлтан Назарбаевтың билік басынан кеткендігіне мүдделі болып отырған жоқ. Және бұл сауалға қарапайым ғана тілмен жауап беруге болады. Өйткені, елді Назарбаев басқарған мезгілдің ішінде, барлық жүйе бір-ақ адамның, яғни президент Н.Назарбаевтың ыңғайына қарай құрылды. Екіншіден, ірі қаржылық топтардың өкілдері, Назарбаев билік басынан кеткен күнде, ол қалыптастырған тепе-теңдіктің бұзылуы мүмкін екенін жақсы түсінеді. Сондықтан, бұл жердегі мәселе тек билікке ғана емес, олардың қолындағы жекеменшікке де тіреліп тұр, - дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.
XS
SM
MD
LG