Accessibility links

Әндіжанда азаматтарды тұтқындау одан әрі жалғасуда


Жексенбі күні өзбек полициясы оппозициядағы бір топ белсенділер мен «Азаттық» радиосының Әндіжандағы тілшісін де қамауға алды. Олар тілшімен сұхбаттасып отырған шайханада тұтқынға алынған екен. Сұрақ астына алынғаннан кейін, төрт сағаттан соң олар босатылған.

Өзбекстанда тиым салынған «Ерік» демократиялық партиясының мүшелері Исройл Холдоров және Садирохун Суфиев “Янгибазар” деп аталатын базардағы «Караван» шайханасында «Азаттық» радиосының тілшісі Гофур Юлдошевпен сұхбаттасып отырған сәттерінде тұтқындалған екен. Юлдошевтің сипаттауынша, олармен ілесіп, шайханаға бір жас полиция сержанты кірген. Ол ғимараттан кеткеннен кейін бес минуттай уақыт ішінде полицияның сегіз қызметкері кіріп келеді. Тілші екендігін айтқанына қарамастан бұларды тінтуді бастаған екен. Тіпті ол полиция қызметкерлері радио-телефондары арқылы полициядан қосымша күш сұратқан боп шықты. Сәлден кейін олардың барлығы да полиция бекетіне жеткізілген. Үлкен жолға шығарылған кездерінде Холдоров мырза бір жерге қайрылып, темекі мен сіріңке сатып алуға рұқсат сұрайды. Ондағы ойы - өздерінің ұсталып бара жатқандығын хабарлау екен. Алайда, полиция оған рұқсат бермеген. Полиция өкілдері өздерін таныстырмаған екен. İшкі істер министрлігінің қаладағы бөлімшесінде де бұларды қайта-қайта тінткен. «Азаттық» радиосының тілшісі Г.Юлдошев оқиғаны былай сипаттайды:

- Біз кірісімен, олар бізді қайта тінтті. Олар менің құрал-жабдықтарымды алып қойды. Бұл менің дыбыс жазатын құралым деп едім, олар “аузыңды жап” деді де, диктофонға қоса микрофонды да, басқа заттарды да алып қалды. Екінші бөлмеде де осылай қайта тексерді. Үшінші бөлмеге алып кіріп, тағы да тінтті. «Өздеріңізді таныстырыңызшы» дегеніме құлақ асқан жоқ. Олар бізге сандаған сауалдар қойды. Түрлі құжаттарды толтырды.

Ал, оппозиция өкілі Холдоровтың айтуынша, заң өкілдері оған тәркілегендері жөнінде ешқандай құжат берместен, оның бірнеше құжаттарын, компьютерлік дискеттерін тартып алған екен. Холдоров бұл тәркілеуді заңсыз әрекет деп отыр. Алайда, ол өз заттарын кері қайтаруды полициядан талап етуге қорыққан екен.

- Олар маған айқайлап, едәуір қысым көрсетті. Олар маған тым қатал болды. «Біз саған не істесек те болады. Біз үшін адам болса болды. Ол адамға қылмыстық айып тағу деген қиын емес» деді олар. Сіз білесіз, менің балаларым бар. Мен сондықтан да қорықтым. Көп емес, сәл ғана. Біз әділдік үшін күресіп жүрміз. Сондықтан жаламен түрмеге түскіміз келмейді, - деді Холдоров мырза.

Бұлармен қоса 70 жастағы Мухамаджон деген ақсақал да қамауға алынған екен. Оның сөзіне қарағанда, тамақтан уланған немересіне дәріханадан марганцовка ұнтағын сатып алуға келген ол қайтар жолда таныстарын көріп қалып, олармен бірге шайханаға кіреді. Сол жерде ол да тұтқындалған. Түрмеде 70 жастағы ақсақал малдас құрып отырған екен.

- Полиция қызметкерлерінің бірі келіп, жасымды сыйламастан, аяғымнан теуіп, бұлай отырма деп зекірді, - дейді ақсақал.

Ол кісі баспасөз бостандығы үшін күресуші жергілікті топты басқарады екен. Адам хұқықтарын қорғаушы топтардың айтуынша, өткен айдағы қанды қырғыннан бергі аралықта Әндіжанда бірнеше ондаған оппозиция өкілдері мен адам хұқықтарын қорғаушы белсенділер тұтқындалған.
XS
SM
MD
LG