Accessibility links

БҰҰ-ы Қырғызстаннан баспана сұраған Өзбек азаматтарын үшінші елдерге көшіру мәселесін талқылауда


БҰҰ-ның босқындар мәселелері бойынша агенттігі Қырғызстаннан баспана сұраған жүздеген Өзбекстан азаматын тезарада үшінші елдерге көшіруге шақырады. Аталмыш агенттіктің айтуынша, Өзбек босқындарының қауіпсіздігіне кепілдіктің болмауы себепті бұл шара іске асырылуы тиіс. Бұған дейін халықаралық қауымдастық Өзбек босқындарының Қырғызстаннан күшпен депортациялануына алаңдаушылық білдірген-ді. Естеріңізге сала кетсек, Өзбекстанның Әндіжан қаласында орын алған қанды оқиғалардан кейін жүздеген адам Қырғызстанға босып кеткен болатын. БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннанның айтуынша, Қырғызтанның уақытша президенті Құрманбек Бәкиев қалған 400-ден астам Өзбек босқындардың тағдыры халықаралық келісімдерге сәйкес шешілетін болады деп уәде берген.

БҰҰ-ның босқындар мәселесі бойынша агенттігі Қырғызстаннан баспана сұраған Өзбекстандық азаматтарын күшпен еліне қайтармауға шақырады. БҰҰ-ның жоғары лауазымды өкілі Антонио Гутеррес:

- Мен Қырғыз үкіметін қамауға алынған 29 Өзбекстан азаматын еліне қайтармауға шақырамын, өйткені БҰҰ-ның босқындар мәселесі бойынша агенттігі оларға босқындар мәртебесін беруді қарастырып жатыр. Мен барлық үкіметтерді баспана сұраған адамдардың тағдырын халықаралық конвенцияға сәйкес шешуге шақырамын, - деді Гутеррес.

Қырғызстанның бас прокуроры Әзімбек Бекназаров баспана сұраған 29 адамды Өзбекстан үкіметіне қайтарамыз деген болатын. Ресми Ташкент бұл 29 адамның бәрі Әндіжандағы толқуларға қатысы бар деп айыптаған-ды. Алайда, Өзбекстан билігі бұл мәселені тергеуге тәуелсіз мамандарды араластырғысы келмейді.

Маусымның 9-ы күні кемінде 4 Өзбек босқыны Өзбекстан билігіне күшпен тапсырылған. Бірақ олардың тағдыры белгісіз.

БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннанның атап көрсетуінше, дүйсенбі күні Қырғызстанның уақытша президенті Құрманбек Бәкиев қалған 400-ден астам Өзбек босқындардың тағдыры 1951 жылғы БҰҰ-ның конвенциясына сәйкес шешілетінін айтқан.

- Қырғызстан президентімен сұхбаттасқанымда, ол бұл мәселе халықаралық заң және БҰҰ-ның конвенциясына сәйкес шешіледі деді. Ол, сондай-ақ, бұл мәселеге орай Қырғызстанда босқындар мәселесі бойынша ұйым өкілі Камал Моржанимен бір шешімге келетінін айтты, - деді Кофи Аннан.

Қырғызстан - БҰҰ-ның босқындар мәселелері бойынша конвенциясына қол қойған елдердің бірі. Бұл конвенцияда босқындарға қинау, қамауға алу, өлтіру сияқты қауіп төніп тұрса, онда ешбір босқын еліне күшпен қайтарылмауы тиіс делінген.

БҰҰ-ның босқындар мәселелері бойынша агенттік басшысының орынбасары Камал Моржани үш күндік сапармен Қырғызстанға барған болатын. Моржани Бішкекте баспасөз маслихатын өткізіп, босқындар мәселесін шешуге ұмтылған Қырғыз үкіметінің талпынысын қолдауға уәде берген. Бірақ ол бұдан былай халықаралық заңның тапталуына, атап айтқанда маусымның 9-ы күнгі босқындарды мәжбүрлеп еліне қайтарып жеру сияқты оқиғаға жол берілмейді деп ескертті.

Баспана сұраған адамдарды зерттеу үшін Өзбекстан қауіпсіздік агенттері Қырғызстанға келіп жүр деген хабарлар түскен-ді. БҰҰ-ның айтуынша, Өзбекстан билігі баспана сұрағандардың туыстарын да Қырғызстанға жіберіп, оларды еліне қайтуға үгіттеп жатыр.

Бұл хабарға орай, Гутеррес аңдаушылық білдірді. Гутеррестің айтуынша, Өзбекстаннан босып кеткендерге босқындар мәртебесін беріп, тезарада оларды басқа елдерге көшіру мәселесі талқылануда. Қазір бұл мәселеге орай Австралия, Канада, Жаңа Зеландия және Америка Құрама Штаттарымен келіссөздер өткізілуде, деді Гутеррес.
XS
SM
MD
LG