Accessibility links

Шымкентте бала күтуші еңбек ақысын талап етудің тосын жолын таңдады


Шымкентте бір үйде қызметші-бала күтушісі болып істеген әйел сегіз айлық баланы балконнан лақтырам деп қоқан-лоққы көрсету арқылы өз еңбек ақысын талап еткен. Полиция мекемесінің хабарлауынша, қазір ол әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Мамандар мен сарапшылар болса Қазақстандағы жеке тұлғалар мен олардың үй қызметшілері арасындағы қарым-қатынастың заң жүзінде реттелмеуіне сол қызметшілердің өзін кінәлі санайды.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметкері Салтанат Қарабаеваның айтуынша, уақиға былай өріс алады. Жезөкшелікке салынған пәтер иесі 8 айлық баласын қарауға бала күтуші жалдайды. Бірнеше ай бойы есеп айырыспаған соң бала күтуші үй иесін қорқытудың амалын іздейді. Сөйтіп, үйдің үшінші қабатынан сәбидің басын төмен салбыратып ұстап тұрады. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек инспекциясының бастығы Аян Мақсұтовтың айтуынша, барлық еңбек қатынастары Еңбек Кодексінде көрініс тапқан.

- Алайда, жалданып бағбан, от жағушы, үй күзетшісі, бала күтуші, ит бағушы болып қызмет етушілер көбіне қожайынмен ауызша келісім жасайды, - дейді Аян Мақсұтов.

Қазақстан кәсіподақтар федерациясының еңбекке қатысты әлеуметтік экономикалық қорғау инспекциясының директоры Аян Хасенов болса, қожайынға үй ішінде қызмет көрсетушілер кәсіподақ мүшесі болса ғана аталмыш ұйым оны қорғай алады. Басқа жағдайда оған араласуға қақысы жоқ. Астана қалалық білім басқармасының мәліметіне қарағанда, қалада төрт мың сәби балабақшаға қол жеткізе алмай отыр. Олардың ата-анасы қызметке шығу үшін бала күтуші жалдауға мәжбүр.

Астанада айына 15 мың теңгеге жалданып сәби күтуші болып қызмет етіп жатқан Гүлшара Найманова үй иесімен ауызша келісімім бар дейді. Мамандар басқа қызмет түрлеріне қарағанда бала күтушілердің лицензиясы болуы тиіс екендігін айтады. Ал Астана қалалық білім департаменті бастығының орынбасары Амантай Сәкенқызы болса, осы күнге дейін бірде-бір бала күтуші лицензия алу үшін білім басқармасына келмегендігін айтады. Сәбилерді балабақшаға орналастыру үшін арнайы комиссия енді құрылған. Мамандар жеке тұлғаларға жалданып үй-ішіндегі қызметтерді атқарушылардың арасында еңбек келісім шарты жазбаша жасалған күнде олардың өз құқықтарын қорғауға мүмкіндік ашылатындығын және зейнетақы қорына ақша аударылып тұратындығын айтады.
XS
SM
MD
LG