Accessibility links

Украинадағы студент қозғалысы парламент сайлауына түспекші


Сәрсенбі күні Киев қалалық соты Украинаның әділет министрлігіне ПОРА жастар қозғалысын саяси партия ретінде өткен мерзіммен тіркеуге бұйрық берді. Бұл шешім өткен жылы “Қызғылт-сары төңкерісіне” жетекшілік еткен ПОРА қозғалысының алда келе жатқан парламент сайлауына қатысуына мүмкіндік береді.

Киевтегі Печерский соты ПОРА атты жастар қозғалысы саяси партия ретінде өткен мерзіммен тіркелуі тиіс деді. Осылай жасалса ПОРА 2006 жылы наурыздың 31-нде өтетін парламент сайлауына қатыса алады. Өйткені Украинаның сайлау туралы заңына сәйкес, кез келген саяси партия сайлауға түсуі үшін сайлаудан 365 күн бұрын тіркелуі тиіс. Соттың шешіміне орай ПОРА-ның Киевтегі бөліміне жетекшілік ететін Юрий Полюхович былай дейді:

- Бұл - әділеттіліктің орнауы. ПОРА қозғалысы саяси партия болып тіркелу үшін 10000 қол жинады. Сот шешімі дұрыс болды.

Соттың сәрсенбі күнгі шешімі ПОРА және Әділет министрлігі арасында екі ай бойы созылған дауды тоқтатты. ПОРА қозғалысы наурыздың 24-інен бері саяси партия ретінде тіркелуге ұмтылып келеді. Ал Әділет министрлігі болса жинаған қолдың үш тен бірі жасанды болуы мүмкін деп, ПОРА-ны тіркемей қойып, оны маусымның 1-і күні ғана тіркеген. Бірақ бұл шешім ПОРА үшін кеш болған. Сол үшін ПОРА-ның мүшелері елдің Әділет министрі Роман Зварыч қызметінен кетсін деп, наразылық шеруге шыққан. Полюховичтың айтуынша, үкімет өкілдерінің көбі ПОРА-ға күмәнмен қарайды.

- Украинаның жаңа үкіметі жас, болашағынан үміт күттіретін саясаткерлердің үкіметте болуын қаламайды. Сол үшін біз наразылық шара сияқты әртүрлі әдістерді қолданамыз, - дейді Полюхович.

ПОРА жетекшісі Каскив Украинаның келешегі үшін студент қозғалысы саяси күресін жалғастыруы керек дейді. Полюховичтың айтуынша, егер ПОРА парламент сайлауында жеңіске жететін болса, онда ол мәселенің байыбына бармастан Ющенконың үкіметін қолдай бермейтінін айтады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG