Accessibility links

Оппозиция қайраткері билікті қолдаушы партияны экстремистік деп танып, оның қызметіне тиым салуды соттан сұрап отыр


Шілденің 1-күні Алматыдағы №1 Бостандық аудандық сотында азамат Асылбек Қожахметовтың «Қазақстанның Азаматтық партиясы» республикалық қоғамдық ұйымын экстремистік ұйым деп танып, осы заңды ұйымның қызметіне тиым салуды сұрап сотқа берген талап-арызы бойынша сот ісі жалғасты. Сот отырысына «Қазақстанның Аграрлық партиясының төрағасы Ромин Мадинов, оның орынбасары Владимир Чалышев, Қазақстан Журналистер Одағының жетекшісі Сейтказы Матаев шақырылған, алайда сотқа тек олардың адвокаттары ғана келді.

Жұма күні Алматыдағы Бостандық ауданындық сотының мамандары “Алға, ҚДТ” партиясы ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Асылбек Қожахметовтың талап-арызы бойынша, басталған сот ісі жалғастырды. Сот отырысы барысында сарапшылардың пікірі тыңдалып, бейнетаспаға түсірілген материалдар көрсетілді және куәгер ретінде шақырылған азаматтардың өкілдері сөз сөйледі. Осы сотқа қорғаушы ретінде келген, Қазақстандық “Әділ сөз” қорының сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженованың айтуынша, бұл күні сотта Қазақстанның Азаматтық және Аграрлық партия өкілдерінің «Егер Қазақстанда көршілес Қырғызстандағыдай жағдай қайталанатын болса, біз қолға қару алып қорғануға дайынбыз» деген сыңайда жасаған мәлемдемесіне орай өз ойын білдірді:

- Бейнематериалдан кімнің, не айтқанын көрдік. Владимир Чалышевтың айтқанын толығымен алған, ал стенограммаға Ромин Мадиновтың сөздері алынған. Бұл айтылған сөздерді елде бірнеше телеарна бірнеше рет көрсетті. Өкінішке қарай, біз мұны жазып алған жоқпыз, сол себептен біз сарапшы болып қатысып жүрсек те, бізде бұл бейнематериал жоқ, бірақ журналистерде бұл материал бар деп ойлаймын Біз алдын-ала білсек, бұл баспасөз маслихатында айтылған сөздердің барлығын жазып алар едік. Ал жеке адам ретінде, Қазақстанның азаматы ретінде мен мұндай сөздерді айтуға болмайды деп есептеймін. Себебі, бұл моральға жат сөз, ол қоғамдық құқықты бұзады.

Жұма күні өткен сот отырысына талапкердің талап-өтінішімен Аграрлық партия жетекшілері және олар баспасөз мәслихатын өткізген Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі шақырылған еді. Алайда, сотқа ол азаматтардың орынбасарлары мен адвокаттары ғана келді. «Алға, ҚДТ» партиясын ұйымдастыру комитетінің жетекшісі, талап арыз иесі Асылбек Қожахметов бұл сот ісіне Азаматтық партияның жетекшісі Азат Перуашевтың келмейтініне таңданатынын айтты.

- Баспасөз маслихаты барысында айқайлап отырады: “Қазақстанды, демократияны қорғаймыз!” деп. Қазақстанды қорғайтын болса, осы сотқа келіп, неге қорғамайды, - дейді Асылбек Қожахметов.

Осыған байланысты біз Қазақстанның Азаматтық партиясының жетекшісі Азат Перуашевтың пікірін білуге тырысып едік, бірақ ол кісіні барлық телефондары жауап бермеді, оның адвокаттары баспасөзге пікір айтудан тартынып отыр. Қазақстанның Азаматтық партиясын экстремистік ұйым деп танып, осы заңды ұйымның қызметіне тиым салуды сұрап сотқа шағымданып отырған азамат, оппозиция қайраткері Асылбек Қожахметов болса, қазірдің өзінде соттың бүйрегі оның қарсыластарына бұра тартып отырғанын байқағанын айтады.

- Мен бүгінгі сот отырысынан риза болмай шықтым, себебі, сот төрешісі бізге сөз бермей, барлық мүмкіндікті екінші жаққа берді. Кейбір азаматтар наразы болғандықтан сот залынан шығып та кетті, - дейді А.Қожахметов.

Ал, бұл сот отырысын залда отырып бақылағандардың бірі зейнеткер Қайролла Адамұлы керісінше, сот отырысына разы екен.

- Бүгін сот біршама дұрыс өткен сияқты, бірақ, Азаматтық партиясына бүйрегі тартып тұрғаны байқалады.

Соттың келесі мәжілісі шілденің 13-іне белгіленіп отыр.
XS
SM
MD
LG