Accessibility links

Ыстықкөлде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші ашылды


Жаз маусымы басталасымен-ақ мыңдаған қазақстандықтардың өз демалыстарын өткізе бастайтындығы белгілі. Орташа табысы бар қазақстандықтардың арасында көршілес Қырғызстандағы Ыстықкөлдің жағалауына барып демалатындар да аз емес. Алайда, сарапшылардың мәліметтеріне жүгінсек, Қырғызстанда биыл көктемде болған саяси сілкіністен соң, Ыстықкөлге баратын қазақстандық туристердің саны күрт азайып кетіпті. Осы жайтқа орай Қырғызстан өкілдері Алматыға арнайы ат басын тіреп, Қазақстан азаматтарын Ыстықкөл жағалауында демалуға үгіттеді.

Жыл сайын жаз маусымында Ыстықкөлге ағылатын қазақстандық туристер легінің биыл жазда саябырсап қалғаны қырғыз жағын да мазасыздандырып отырғанға ұқсайды. Шілденің 5-күні Қырғызстан Республикасының туризм саласындағы ресми өкілдері Алматыға арнайы келіп, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арқылы Қазақстан жұртына көрші елдегі кейбір мәселелерге қатысты түсініктеме беруді жөн көріпті. Қырғыз ағайындардың айтуынша, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары таратқан жалған мәліметтер, Қырғызстан мемлекетінің негізгі табыс көздерінің бірі болып саналатын туризм бизнесіне кері әсерін тигізіпті. Алматы қаласына арнайы келген Ыстықкөл облысы губернаторының бірінші орынбасары Қалыбек Алышбаев бұл елге демалуға келетін қазақстандық туристер санының күрт азайып кетуін, 10 шілде күні Қырғызстан Республикасында өтетін президент сайлауымен байланыстырады. Оның пікірінше, кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының Қырғызстан Республикасындағы жағдайлардың бояуын тым қалыңдатып көрсетіп, біржақты ғана ақпарат таратуы Қазақстандағы мыңдаған азаматтардың үрейін туғызған. Сондай-ақ, “Азаттық” радиосына берген сұхбатында Ыстықкөл облысы губернаторының бірінші орынбасары Қалыбек Алышбаев мырза қазір Ыстықкөлдегі жағдай тұрақты екендігіне сендіруге тырысты. Оның сөзін мұнымен бірге Алматыға келген, қырғызстандық демалыс мекемелерінің өкілдері де қостап отыр.

Мәселен, «Ақ Бермет» демалыс үйінің директоры Ақжолтай Насриддинов, дәл қазіргі уақытта Ыстықкөлде туристердің демалуы үшін барлық жағдай жасалған, сондай-ақ, көптеген демалыс үйлерінің қызмет көрсету бағасы да бұрынғыдан анағұрлым төмендетілген дейді. Ал, Ыстықкөл ауданының әкімі Тұрысбек Мансуров бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін Ыстықкөлде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішінің ашылғанынан хабардар етті. Әкім Т.Мансуровтың айтуынша, Қазақстан президентінің ескерткіші Нұрсұлтан Назарбаевтың 65 жасқа толуына орайластырып ашылыпты.

Қазақстандағы азаматтардың биылғы жылы Ыстықкөлдің жағалауына бару қарқыны бәсеңдеп қалғанын қазақстандық туристік фирмалар да растап отыр. Алматы қаласындағы «Демаут интернешнл компани» туристік фирмасының қызметкері Денис Власов, өткен жылғымен салыстырғанда, осы жазда Ыстықкөлге барушылар саны анағұрлым азайып кеткендігін айтты. Оның мәнісі жайлы «Азаттық» радиосына пікір білдіргендердің бірі - Алмас есімді алматылық кәсіпкер жігіт, биыл жазда Ыстықкөл жағалуына демалуға барған достарының көліктеріндегі төрт доңғалағын да белгісіз біреулер тесіп кеткендігін айтты. Алмастың айтуынша, бұрындары Ыстықкөлге талай барғанында, ондай жағдай кездеспепті. Ал, бұған дейін Ыстықкөл жағалауында демалатын жазушы Мыңбай Рәш үстіміздегі жылы Қазақстандағы Алакөлге бармақ ойы барын айтады. Жазушы Алакөлді көргеннен кейін, Ыстықкөлге бару туралы ойынан айнып қалыпты.
XS
SM
MD
LG