Accessibility links

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазіргі әлемде тәуелсіз мемлекеттердің ішкі ісіне араласу болмау керек»


Шілденің 5-і күні Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастығы ұйымының отырысында қазіргі әлемде тәуелсіз мемлекеттердің ішкі ісіне араласу болмау керек деп мәлімдеді. Сарапшылардың бірқатары, Қазақстан президенті, кезекті сайлауға түсер алдында, бұл сөзін батыс елдеріне құлаққағыс етіп айтып отыр деп санайды.

Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің мемлекет басшылары осы жолғы 10-ыншы отырысында бірлескен декларацияға қол қойды. Және саммитте лаңкестікке қарсы күрес тұжырымдамасы мақұлданды. Шанхай ынтымақтастығы ұйымының тарихы осыдан 9 жыл бұрын басталған. 2001 жылы Шанхай бестігіне аталған ұйымға бақылаушы болып қатысып жүрген Өзбекстан қосылды. Кейбір бақылаушылар, Ресеймен қатынасын алшақ ұстауға тырысқан Өзбекстанның, Батыстан келетін әскери көмек азайған соң бұрынғы көзқарасы өзгерістерге ұшырады дейді. Қазір аймақтық ұйым құрамына Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді. Соңғы саммите Қазақстан президенті Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының ролін арттыру керек деді. Қазіргі әлемде тәуелсіз мемлекеттердің ішкі ісіне араласу болмау керек деді ол. Назарбаевтің айтуынша, ұйымға бақылаушылар қосылғалы, осы ұйымға кіретін елдердің басшылары адамзаттың жарты халқының мүдделерін білдіреді.

Шанхай ұйымына кіретін шағын мемлекеттер әскери және саяси ресурстардан дәмелі болса, Ресей мен Қытай сырттан төнетін әскери ресурстардан қорғануды мақсат етеді дейді кейбір сарапшылар. Бейжің мен Мәскеу АҚШ-тың Орталық Азияға деген әсерін ескеріп, өз ықпалдарын күшейтуді мақсат ететініні белгілі дейді олар. Ресей президенті Владимир Путин, басты міндет - қауіпсіздік және әлемдегі жағдайдың өзгеріп бара жатқандығын ескеру керек деді.

Ал, әскери саладағы өзара ынтымақтастыққа қарамастан, Қытай Шанхай ұйымы ешқашан әскери блок болмайды деген мәлімдеме жасаған болатын. Бірақ, саммиттердің бірінде, Қырғызстан өз территориясында ұйым атынан жұмыс істейтін лаңкестікке қарсы орталық ашуды ұсынған-ды. Өз кезегінде Ресей Тәжікстан территориясында әскери база ашуды ұсынды. Бұл екі ұсыныс та ұйымға кіретін мемлекеттер атынан қолдау тапқан болатын.

Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов Орталық Азия аймағында тез шешуді қажет ететін өте күрделі қарама қайшылық көп деді. Оның бағалауынша, соңғы оқиғалар геосаяси жоспардың тек бір бөлігі ғана. Ал, бұл жоспардың мақсаты аймақта саяси және экономикалық күштердің үстемдігін арттыру деді Кәрімов. Оның сыртында, Орталық Азия мемлекеттері Қытайдың тез дамып келе жатқан экономикасынан сабақ алғысы келеді деген пікір бар. Өз кезегінде, Қытай көршілес мемлекеттердің базарын пайдаланғысы келетіндігін жасырмайды. Қазірдің өзінде Қытайдың шекараларға жақын аймақтарында жол құрылысы қызу жүргізіліп жатыр. Қырғызстан президентінің міндетін атқарушы Құрманбек Бакиев ұйымды үлкен экономикалық мүмкіншілігі бар және қауіпсіздікті арттырудағы ролі үлкен ұйым ретінде қарастыратындығын жеткізді.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмоновтың айтуынша, аталмыш ұйымдағы жұмыстар жаһандану үрдісінің талабы. Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың айтуынша, ұйымға кіретін екі ірі мемлекет Қытай және Ресеймен араласу стратегиялық қарым қатынас болмақ.

Ресей саясаткерлері болса, бұған дейін Монғолияның, қазір Үндістан, Пәкістан, және Иранның Шанхай ынтымақтастығы ұйымына бақылаушы ретінде қосылуы кездейсоқтық емес деп есептейді. Олардың пікірінше, бұл елдердің көршілерінде саяси толқулар болған. Ресейлік саясаттанушылардың ойынша, мұндай саяси толқулар тапсырыспен жасалады. Ал, ұйымға бақылаушы болып қосылған Үндістанның сыртқы істер министрі Натвар Сингх жиналғандарға басқа мемлекеттерді жоғары технологиялар саласында қуып жету қажеттігін жеткізді.

Саммит аяқталған соң баспасөз мәжілісі өтті. Бірақ, Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед журналистерге ұйым отырысы тым созылып кетті, сондықтан сұрақ қойылмайды деген мәлімдеме жасады. Осы жиында айтылғандай, ұйымға енді Қытай төрағалық етеді, демек, келесі саммит Қытайда өтуге тиіс.
XS
SM
MD
LG