Accessibility links

Ресей университеттеріндегі әскери бөлімдердің көбі жабылып, жастар мәжбүрлі түрде екі жылдық әскери қызметке шақырылмақ


Мәскеуден алынған хабарға қарағанда, 2009-жылға дейін Ресейдің бірқатар университеттеріндегі студенттерге арналған әскери кафедра, бөлімшелер жабылатын көрінеді.

Өткен аптада Қорғаныс министрлігі жариялаған шешімге орай алдағы 4 жылда Ресейдің 226 жоғарғы оқу орнында сондай өзгеріс болады екен. Сондықтан, алдағы қыркүйек айынан бастап ол әскери бөлімдерге студенттер қабылданбайды. Бұрынғы советтік заманда енгізілген ол тәртіп бойынша әскери кафедрада оқығандар офицер шеніне ие болып, екі жылдық әскери қызмет борышынан босатылатын.

Ресейде, жалпы алғанда, жастар әскери қызметтен қашуға құштар. Оған себеп - армиядағы сыбайлас жемқорлық, нашар ахуал, әлімжеттік, күш көрсету және тағы да басқа жайттар екен. Жыл сайын армиядағы ауыр жағдайға шыдай алмаған жүздеген жас солдаттар өз өмірлеріне қол салып, асылып, атылып өліп жатады. Ал армиядан саны қашатындар мыңдап есептеледі. Жастардың Ресей армиясы қатарынан безулеріне Шешенстандағы басқыншылық соғысы да тікелей түрткі болуда.

Ал университеттердегі әскери бөлімдердің жабылуы себебін Ресейдің қорғаныс министрі Иванов былайша түсіндіреді:

- Университеттердегі әскери кафедраларда 170 мыңдай студент - болашақ офицерлер оқиды. Олар армияда ешқашан болмағандар және болмайтындар. Сол кафедраларды жыл сайын 52 мың студент аяқтайды екен. Сапа жөнінде сөз де жоқ. Әлгі 52 мыңның 6 мыңын екі жылдық әскери қызметке шақырамыз. Сонда біз үкіметтің, салық төлеушілердің ақшасын неге далаға шашуымыз керек?

Әйткенмен де қазіргі кезде жаңағыдай әскери бөлімдерде оқып жатқандар жаттығуларға қатысуына орай оны бітіріп шыға алады екен.

- Дегенмен, университеттердегі ол әскери бөлімшелердің барлығы түгел бірден жабылмайды. 30-35 кафедраны қалдырсақ дейміз. Бірақ, басқалары 2008-2009-жылдарға дейін өз жұмысын тоқтатады, - дейді министр Иванов.

Қорғаныс министрлігінің бұл шешіміне университеттер, адам құқықтары ұйымдары тарапынан әзірге бәлендей үлкен қарсылық айтыла қоймапты. Бірақ, Орал аймағындағы Екатерина мемлекеттік университетінің проректоры әскери бөлімдегі оқудың сапасы жайында айтылған әлгіндей сындармен келіспейді.

- Біздегі әскери факультетке жастар өте құштар. Жігіттерге қоса қыздар да ол бөлімде оқуды етене қалайды. Әскери психологтарды дайындайтын бөлім де бар. Басқа жерде ондай бөлім болған емес, - дейді проректор.

Сібірдегі Том университетінің әскери бөлімінде оқитын студент «Азаттық» радиосының тілшісіне өзінің 2 жылдық әскери қызметке барғысы келмейтіндігін былайша түсіндіреді:

- Армияға дейсіз бе? Жоқ, армия ешқашан бармаймын. Ондағы жағдайларды жаман дейді ғой. Меніңше, жастар университеттегі әскери кафедраға тегін білім алу үшін және офицер погонын тағу үшін барады. Армияға шақырғанның өзінде офицер болып қызмет еткен әлдеқайда жеңілдеу.

Студенттер қазір жазғы демалысқа шықты. Сондықтан, министрліктің ол шешімі жөнінде айғай-шу байқалмайды. Бірақ, енді алдағы қыстан бастап, Ресейдегі он мыңдаған студент армия қызметіне шақырылатын болады.

Совет одағы тарағалы бері ақшадан қағылған Ресей армиясы бұрынғы өз атақ-абыройынан жұрдай бола бастады. Адам құқықтары ұйымдары, ата-аналар қоғамдары Ресей армиясындағы әлімжеттік, өзінен кейінгілерге күш көрсету қылмыстары жөнінде үздіксіз айтып, жазып келеді. Ресей әскери бас прокурорының өткен мамыр айында айтқан дерегіне сүйенсек, 2004-жылы 246 солдат өз өміріне қол жұмсаған екен. Ал бірақ, «Солдат аналары комитеті» мен адам құқықтары ұйымдары, өткен бір жылда армияда өзгеден қорлық, зорлық көріп, өздерін өлімге қиғандардың жалпы саны кемінде 1050 солдат дейді. Олардың айтуынша, Ресей армиясында жыл сайын кемінде 100-ге тарта солдат өзгелердің таяғы, азаптауынан қаза табады екен.
XS
SM
MD
LG