Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.06.2005 жыл


Мерзімді басылымдар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туғанына 65 жыл толғандығына айрықша тоқталыпты. Ал, Қырғызстан Республикасы Ыстықкөл ауданында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 65 жылдығына орай қоладан жасалған ескерткіш ашылыпты. Сонымен қатар, Қырғызстан мемлекетінде 10 шілде күні өтуге тиіс президент сайлауы да мерзімді басылымдардың баса назар аударған тақырыптарының біріне айналыпты.

“Казахстанская правда” басылымында Ресей мемлекетінің басшысы Владимир Путиннің Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты 65 жасқа толуына орай құттықтаған телеграммасы жарық көріпті. Аталмыш телеграммада Владимир Путин Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Ресейде де беделінің зор екендігін атап өтіпті. Сондай-ақ Ресей Президенті Владимир Путин екі елдің арасындағы достық қарым-қатынастың онан сайын нығайа беретіндігіне сенім білдіріп, Нұрсұлтан Назарбаевқа зор денсаулық пен бақыт тілепті. Сонымен қатар “Казахстанская правда” басылымының 6 шілде күнгі санында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев туралы тағы да басқа көптеген мақалалар мен оның әр түрлі жағдайда түскен 27 фотосуреті беріліпті.

“Егемен Қазақстан” басылымында да “Елін сүйген, елі сүйген Нұрсұлтан” деген тақырыппен Қазақстан Президенті туралы мақалалар топтамасы жарық көріпті.

“Экспресс К” газетінде жарық көрген көрген шет елдің “Мадьяр Немзет” басылымынан көшіріліп басылған Мемлекет басшысы туралы мақалада, Нұрсұлтан Назарбаев соңғы жылдары саяси реформалар арқылы түрлі-түсті төңкерістердің болуына жол бермеуге тырысып жатыр деген пікір айтылыпты.

“Айқын” басылымының 6 шілде күнгі санында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтайдың “Қазақстан-Нұрсұлтан” атты жаңа күйі жарияланыпты.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасы Ыстықкөлдің жағалауында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 65 жылдығына орай қоладан жасалған ескерткіштің ашылғандығын хабарлапты. Қырғызстан Республикасы, Ыстықкөл ауданының әкімі Тұрысбек Мансуровтың айтуынша Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескеркішін орнату арқылы қырғыздар оған деген ыстық ылтипатын білдіргісі және оның 65 жылдығына тарту жасағысы келген. Мақала авторының хабарлауынша, Ыстықкөл ауданының әкімі Тұрысбек Мансұров Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін жасаған адамның атын айтудан бас тартыпты.

Сонымен қатар Қырғызстан Мемлекетінде 10 шілде күні өтуге тиіс Президенттік сайлау да мерзімді басылымдардың баса назар аударған тақырыптарының біріне айналыпты. “Экспресс К” басылымының мәліметтеріне жүгінсек, 10 шілде күні мерзімінен бұрын өтуге тиіс Президент сайлауына 2 миллион 670 мыңнан астам сайлаушы қатысады деп күтілуде. Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, Президент сайлауын өткізуге байланысты Қырғызстанда 2 мың 270 сайлау комиссиясы құрылған. Газет тілшісінің хабарлауынша Қырғызстан Мемлекетінде өтетін президенттік сайлауда 6 үміткер өз бағын сынайды.

“Жас Алаш” басылымы Қырғызстан Республикасының экс-президенті Асқар Ақаевтың Ресейдің “Московский комомолец” газетіне берген сұхбатын көшіріп басыпты. Газет тілшісіне берген сұхбатында Асқар Ақаев Орта Азия елдерінде енді Қырғызстан мемлекетіндегі секілді оқиғалардың қайталануы мүмкін емес екендігі туралы өз ойын білдіріпті. Асқар Ақаевтың айтуынша, Қырғызстанда демократияландыру үрдісі әлеуметтік және экономикалық дамудың алдын орап кеткен. «Мен демократияның кез-келген кезеңде кез-келген елге енгізуге болатын әмбебеп формуласы бар дегенмен келіспейтінімді әрқашан айтып келемін. Демократия әл елдің даму заңдылықтарын, ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып құрылуға тиіс» дейді Қырғызстан Республикасының экс-президенті Асқар Ақаев.
XS
SM
MD
LG